Заманбек Нұрқаділовтің өлімі қайта тергеле ме? Сарапшылар пікір білдірді
Алматыда белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас берілді. Асқа Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадан Алматыға арнайылап адам жіберді. Сонымен қатар, туған жеріне ескерткіш орнату туралы шешім қабылдады. Бұл істердің саяси астары бар ма? Сарапшы, саясаттанушылар Мұхтар Тайжан мен Қазбек Бейсебаев qazaq airan каналында оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп жазды Zhasalash.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Заманбек Нұрқаділовтің асына неге Астанадан Алматыға арнайы адам жіберді? Мұның астарында не жатыр?
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтің айтуынша, Заманбек Нұрқаділовке арнап ескерткіштің қойылуы, оның кім екенін мойындауға жасалған алғашқы қадам.
«Ресми дерек бойынша ол өз-өзін өлтірді. Халық сенсе де сенбесе, бұл ақпаратқа сенуге мәжбүр болды. Президенттің хатында оның туған жерінде ескерткіш қойылатыны, сондай-ақ Алматыдағы тұрған үйінде тақша қойылатыны жазылған. Бұл Закеннің кім екенін, саяси тұлға екенін мойындайтын алғашқы қадам. Енді келесі қадам ретінде оның өліміне қатысты іс қозғалады деп үміттенемін».
Мұхтар Тайжан – Тәуелсіз тергеу керек
«Әрі қарай биліктің жоспары не болады, оған бәріміз куә боламыз. Бірақ бұл басы ғана болсын, сондай тілек. Бізге тәуелсіз тергеу керек, өйткені Заманбек Нұрқаділов 17 жыл бұрын өз-өзіне қол жұмсады деген ақпаратқа бүкіл халық сенбейді, оның ішінде өзімде бармын. Мен бұндай ақпаратқа мүлде сенбедім. Тәуелсіз тергеу керек екенін баласы Қайрат, қызы Құралай да Қайрат та айтып жатыр. Бәрімізге шындық керек»
Ерлан Қошанов пен Маулен Әшімбаев та саясаткердің туыстарына арнап хат жолдады. Астанада не өзгерді?
Мұхтар Тайжан: Жаңа бір толқын деп айтуға негіз бар. Себебі, бұдан бұрын ешқашан биліктің тарапынан ресми адамдар, ресми адрестер болған жоқ. Сол үшін өзгерістер бар екенін көріп отырмын.
Қазбек Бейсебаев: Әрине бұл белгі ғой. Нұрқаділовпен қатар қоғамда резонанс туған Алтынбек Сәрсенбаев та бар, оларға іс қозғалуы мүмкін. Көзі тірісінде Зәкең "Менде Назарбаевқа қарсы 1 чемодан компромат бар, оны жариялаймын, айтамын" деп қарсы шықты. Бірақ ол үлгермеді. Нұрқаділовке арналған хатпен қоса Самат Әбіш сотқа берілді, бұлардың арасында бір байланыс, белгілі бір қатынас бар ғой. Бұрынғы Президентке қатысты оқиғалар ақырындап әшкере болып жатыр.
Жаңа билік Нұрқаділовтің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғауы мүмкін бе?
Мұхтар Тайжан оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалса, кімнің кінәлі екенін ашуға болады дейді.
«Ниет болса әлбетте, қазіргі таңда да қылмыстық істерді ашуға болады. Бұған тек батылдық пен ниет керек. Бұл жерде ашықтық керек. Ашық тергеу көрсетсін, кімнің кінәсі бар, кімдікі жоқ деген секілді. Ақорданың Хат жіберуі саяси ұпай жинау емес, Нұрқаділовті ақтау деп үміттенемін. Популизм болсын, болмасын ағамызға ескерткіш қою, Алматыдағы үлкен көшелердің біріне аты берілсе құптайтын әрекеттер болады», - деп қорытындылады ол өз сөзін.