Заманның ығымен жүрмегендер
«Ақиқатты айтамын» деп, атылып кеткен Икрам Палманов кім еді?
Осыдан біраз жыл бұрын Талас ауданының тарихы жөнінде құжаттар жинау кезінде Икрам Палмановтың өмірдерегі бізді қызықтырған еді. Содан дереу Жамбыл облыстық мұрағатына сұрау салдық. Олар 1939 жылға дейін аудандар Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы) облысының құрамында болғандықтан, кейбір деректердің сол облысқа қарасты мұрағатта сақтаулы екенін айтып жауап берді. Мұрағат басшыларының сілтеуімен Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатынан Талас ауаткомының тұңғыш төрағасы Икрам Палманов пен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш электрмен дәнекерлеушілердің бірі Айткүл Нүрметова туралы деректеме сұратқанбыз. Көп кешікпей-ақ біріншісінің кадрлар жөніндегі жеке іс қағазының көшірмесін электронды пошта арқылы алдық. Өкінішке қарай, Айткүл Нүрметова туралы ешқандай құжат сақталмапты. «Халық жаулары» атанып, атылып кеткендердің құжаттары облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінде. Әлі де құпия сақтайтын құжаттар санатында сақтаулы», – деді мұрағат қызметкерлері.
Сол зұлмат заманның өткеніне 74 жылдан аса уақыт өтсе де, қауіпсіздік қызметкерлері әлі де сауысқаннан сақ. Әлемді қанға бөктіргендердің құпиясы жан-жақты ашылып жатса да, «халық жауларына» келгенде тісті бақадай жақ ашпайды-ау. «Ол құжаттарды жарияласақ, тірі жүргендер мен куәлердің аттары аталып, ұятқа қалады» екенбіз. Біздіңше, әлі елу-алпыс жыл күтуге тура келер. Білетініміз Икрам Палманов 1900 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жаңақорған ауылында дүниеге келген. Бұрын аты-жөніне қарап, өзбек ұлтынан шығар деуші едім. Қателесіппін, қазақ екен. Қазақша, өзбекше, тәжікше, қырғызша, орысша таза сөйлеп, жазатыны туралы өмірбаяндық анықтамадан оқып-білдім.
Кеңес өкіметі орнағанша шаруашылықпен айналысқан. Содан 1924-27 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессура институтының Артем атындағы жұмысшылар факультетінде оқыған. Оны бітіріп келген соң, Ташкенттегі халық ағарту комиссариатында өлкелік ағарту басқармасында практикант-хатшы, 1927 жылдан 1928 жылға дейін Түркістан қаласындағы оқу бөлімінің меңгерушісі, 1928 жылы Талас ауданы ұйымдастырылғанда әуелі атқару комитетінің төрағасы, бір жылға жақын уақыт аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарыпты. Сол жылдары аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған А.Тәжібайұлы еді. Оның орнына облыстық мұрағаттан алған құжатта партия жарғысына сай, конференцияда сайлау арқылы емес, Сырдария округтік партия комитетінің шешімі арқылы Палмановтың бірінші хатшылықты азғана уақыт атқарып, орнынан алынғаны дәлме-дәл жазылыпты. Сөйтіп, 1930 жылдың 14 қаңтарынан Шымкентке өлкелік атқару комитетіне нұсқаушылыққа ауыстырылады. Сірә, ұжымдастыру науқанының Талас ауданында асығыс жүргізіліп жатқанын мәлімдегені үшін округтік тәркілеу комиссиясы оны осылайша жазалаған болса керек.
Икрам одан кейін Қаратау аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімінің бастығы, орынбасары болып біраз жыл еңбек еткен соң, құлдырағаннан құлдырап, Келес ауданындағы Ошақты машина-трактор станциясы бастығының орынбасары, бастығы болып тұрғанда белсенділерге ақыры жақпай, 1937 жылы ұсталып, «халық жауы» атанып, сол жылы атылған. Оның 1928-30 жылдары Талас ауданында бірге қызмет атқарған Намазбай Ақшабаев, Жүнісбек Дүрімбетовтермен қатар атылған «халық жауларының» қара тізімінде жүргенінің өзі көп жайды аңғартса керек. Қай қызметте жүрсе де, әділдігінен, тазалығынан айнымаған асыл азамат күйінде қалған.
Икрам Палмановтың Талас ауданында қызмет атқарған кезі 1928-30 жылдар, жергілікті халықты күштеп ұжымдастыру кезеңіне дөп келді. Бұрын ата-ата болып еркін жайлаған халықтың мал-мүлкін тәркілеп, ортақ қазына деп жинап, өздерін түксіз қалдырған, соның салдарынан 30-жылға қарай қалың қыста ашаршылық басталып, халықтың басына қалың нәубет түскенде Қазақ өлкелік партия комитетіне, үкіметіне, әсіресе округтік конфискация комиссиясының төрағасы М.Петряков пен округтік прокурор И.Хофтинге төрт беттік шын жағдайды бұрмаламай, баяндау хат жазған есіл ер еді ол. Мұрағатта сақталған сол хатта ұжымдастыру дұрыс саясат екенін айтып, алайда оның тым асыра сілтеумен жүргізіліп жатқанын ашық айтады. Қазақ халқының онсыз да қауымдасып өмір сүретінінен мысал келтіреді. Сондықтан оларды бай-кедей деп бөлмей, қолындағы малдарын ортақ меншіктері етіп, өздерінде қалдыруды ұсынады. Өйтпеген жағдайда малдан басқа қорек етер дәнемесі жоқ халықтың аштан қырылуы мүмкін екенін мәлімдейді. Оған мысал келтіреді. «Аудандағы бесінші ауылда Жарас Өтеуліұлы мен оның үш ұлын шіріген бай деп, мал-мүлкін тәркіледік. Бірақ қазақ салтында отбасындағы әр мүшенің еншісі болатынын ескерсек, онда Өтеуліұлылар шіріген байға жатпайды. Жалпы алғанда, Талас ауданындағы 29 ауылда ірі феодалдар мен жартылай феодалдар жоққа тән. Ендеше халықты абыржытпай, ең алдымен біріктіріп, колхозды ұйымдастыру керек, бірақ тәркіленген малдардың барлығын ортақ меншік етуге болмайды» деген ойын ашық білдіреді. Осылайша Палмановтың ақиқатты айтып, халықты зобалаңнан аман алып қалу үшін жоғарғы жаққа баяндаухатын жазуы өзін-өзі оққа байлап бергенмен бірдей еді.
Халқы үшін басын бәйгеге тігіп, ақиқатты айтудан қаймықпаған азаматтар қай заманда да болған десек, оларды кейінгі ұрпақ білуі тиіс. Ел есімін құрметпен еске алуы керек. Заманның ығымен жүрмеген Икрам Палманов та сондай есіл ердің бірі еді.