«Заң мен Тәртіп» сервисі: Құқық қорғау органдарымен жедел және ыңғайлы байланыс
Ағымды жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесуіне арналған жаңа цифрлық құрал - «Заң мен Тәртіп» сервисі іске қосылды.
Енді еліміздің әрбір тұрғыны полицияға құқықбұзушылықтар туралы өзіне ыңғайлы мобильді қосымшалар арқылы жедел хабарлай алады.
Сервис кеңінен қолданылатын мобильді платформаларда қолжетімді eGov Mobile - мемлекеттік қызметтердің ресми порталы, Kaspi.kz және Halyk Bank - танымал банк қосымшалары.
Жаңа қойынды «Заң мен Тәртіп» Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді және ішкі істер органдарына тікелей хабарлама жолдауға мүмкіндік береді.
Азаматтар жол-көлік оқиғалары, жол жүру ережелерін бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты оқиғалар, өзге де құқықбұзушылықтар мен оқиғалар туралы жедел түрде хабарлай алады.
Сонымен қатар, полиция қызметкерінің әрекетіне шағым жолдау мүмкіндігі қарастырылған.
Қолданушылар мәтіндік хабарлама, дауыс жазба, бейне немесе фото материалдар жолдай алады.
Әрбір жолданған өтініш жүйеде автоматты түрде тіркеледі. Азамат өтінішінің қаралу мәртебесі туралы хабарлама алып отырады. Сондай-ақ, кері байланыс жасауды қамтамасыз ететін жедел басқару орталығының диспетчерімен чат қол жетімді.
Сервис ІІМ-нің «102» мобильді қосымшасы негізінде әзірленіп, азаматтардың қажеттіліктері мен заманауи цифрлық шешімдер ескерілген.
Сервисті халық арасында кеңінен таныстыру мақсатында ағымды жылдың маусым, қыркүйек және қазан айларында eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберу арқылы мақсатты ақпараттық науқандар өткізілді.
«Заң мен Тәртіп» сервисі бұл ашық, қауіпсіз және технологиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Бұл құрал азаматтардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуына мүмкіндік берсе, құқық қорғау органдарына тұрғындардан келіп түскен сигналдарға жедел әрекет етуге жол ашады.