Заң және тәртіп: Астана есірткісіз қала
Астана полицейлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуде.
«Астана – есірткісіз қала» жоспарын іске асыру аясында есірткі қылмыстарының алдын алу жөнінде кеңес құрылған. Оның құрамына депутаттар, спортшылар, медиа тұлғалар және қоғам қайраткерлері енген. Кеңес мүшелері бірлесе отырып, мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесулер, ашық диалогтар, дөңгелек үстелдер, нашақорлыққа қарсы марафондар мен квестер, спорттық турнирлер және көше акцияларын өткізуде.
Бұл тарапта жастармен жұмыс істеуде жаңа әрі заманауи форматтарға ерекше мән берілуде. Наркограффитиді бояу, шығармашылық флешмобтар мен байқаулар сияқты бірлескен шаралар арқылы полицейлер жасөспірімдерге өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіреді.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі ретінде танымал тұлғалар мен блогерлер тартылуда. Мысалы, бүгін Астанада есірткіге қарсы бағытталған «Астана – есірткісіз қала» атты акция аясында тағы бір тәрбиелік мәні бар шара өтті. Шараны Астана қаласының полиция департаменті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырды.
Мақсат – жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық мәдениетті арттыру.
Кездесулерге танымал блогерлер, спортшылар, қоғам қайраткерлері қатысып, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар жастарға есірткісіз өмірдің маңызын түсіндіріп, оң бағыттағы көзқарас қалыптастыруға ықпал етпек.
Акция барысында студенттерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, ашық пікірталастар мен сұхбаттар ұйымдастырылды.
«Біздің мақсатымыз – жастарды өмірдің жарқын жолын таңдауға үндеу, қоғамда есірткіге қарсы берік иммунитет қалыптастыру», – деді акция ұйымдастырушылары.
Жалпы, бұған дейін де «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында елорда көшелерінде наркограффитилерді бояу бойынша кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Ерекше назар жастарды құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамаларға тартуға аударылды.
«Мұндай акциялардың маңызы зор. Олар қаланың тазалығы мен тәртібін сақтаумен ғана шектелмейді. Біз бұл бағыттағы жүйелі жұмысты мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және белсенді жастармен бірлесе жалғастырамыз», – деді акцияны ұйымдастырушылар.
Осындай акциялар елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіледі.
Жалпы, «Астана – есірткісіз қала» жоспарын іске асыру аясында жастарға дәріс оқудың маңызы зор. Спикерлер дәріс барысында қазіргі психоактивті заттардың зияны мен олардың адам ағзасына әсері туралы айтып берді. Іс-шараға 200-ден астам студент қатысты.
Астана полициясы нашақорлықтың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, оған түрлі әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар және пікір көшбасшылары тартылатынын айтты.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Астана қаласы