Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 28 Наурыз 2024

Заң жобаларын талқылау: ашықтық және нәтиже

Бағдат Аманқосұлы
Фото: из открытых источников

Өткен жылдың соңында үкімет 2024 жылы 16 заң жобасын әзірлеуді жоспарлағаны жөнінде айтыла бастады. Яғни биыл цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік институтын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және басқа да салаларды дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеуі тиіс.

 Енді осындай заң жобаларын дайындағанда, соңғы уақыттарда жиі айтылып жүрген «мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету» деген бастама ойға оралады. Әрине, осыған орай біз шын мәнісінде қабылданатын заңдарға қатысты «ашықтықты қамтамасыз ету» дегенді іске асырып жүрміз бе деген сұрақ туындайды. Жалпы қабылдайтын заңдар мен шешімдердің ашықтығы қалай болуы тиіс, халық бұған қалай атсалысуы керек? Бұл сұрақтардың жауабын белгілі заңгер Бағдат Аманқосұлына қойдық.

– Бұрынғымен салыстырғанда қазір қабылданатын заңдарға қатысты ашықтық бар, әрине. Бірақ біздің қарапайым халық осы ашық талқыланатын заң жобаларының қашан, қайда, қалай, қандай форматта өтетінін біле бермейді. Сол себепті, ең әуелі ақпаратпен қамту жағын арттырған дұрыс. Негізі заң жобаларын ашық талқылауды нормативтік құқықтық актілерді тіркеу порталынан көруге болады. Алайда бұл порталды тек заңгерлер мен журналистер ғана біледі. Шынын айтқанда, қарапайым халық тіпті мұндай портал бар екенінен де бейхабар. Анығында, біз айтып отырған осы нормативтік құқықтық актілер порталы – нормативтік құқықтық актілердің, жобалардың мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мақұлдау сәтіне дейін оларды талқылау алаңы ретінде құрылған алаң. Осы порталға сіз Еgov.kz арқылы кіре аласыз. Бұл жерден талқыланатын заң жобаларды ғана емес, министрліктердің бұйрықтары, прокуратурадан шығатын қаулылар, соттың шешімдері, басқа да ереже, әкімнің үкімдері сияқты құжаттарды да көруге, қажетіңізге қарай пайдалануға болады.

Негізі жарияланған нормативтік құқықтық актілер туралы, олардың мәртебесі, құрылу күні, талқылау мерзімі туралы ақпараттардың барлығы осы порталда тұр. Егер сіз талқыланып жатқан қандай да бір құжаттың мазмұнын көргіңіз келсе, оған да жол ашық. Танысып, көре аласыз. Сондай-ақ оған сіз жеке ойыңызды, пікіріңізді, көзқарасыңызды қоса аласыз. Мысалы, сіз: «менің ойымша мынадай-мынадай бап бұл мәселені толығымен шешпейді. Оны объективті түрде ашу үшін былай толықтыру керек, былай өзгерту керек» деп жазсаңыз да болады. Егер сіздің жариялы нормативтік құқықтық актілерді талқылауға шынымен де белсенді қатысуға ниетті болсаңыз, онда жеке құжаттардағы өзгерістерді бақылауға алу үшін өз ойыңызды білдіріп, пікір жазуыңызға болады. Мысалы, «мынадай бапқа қатысты менде материалдар өте көп, жекеме шықсаңыздар болады» деп пікір қалдырып, электронды поштаңызды жаза аласыз.

Ендігі бір айта кететін жайт, заңдардағы өзгерістер мен толықтыруларға қатысты. Әрине, бұл да қадағаланып, бақылауға алу арқылы жариялы түрде жүзеге асады. Мұнда да қоғам тарапынан сауаттылық әрі белсенділік айтарлықтай болса, оның нәтижесі де көзге көрінеді. Негізі Еgov.kz мемлекеттік порталы – халық пен үкіметтің арасындағы терезе. Осыны дұрыс, ұтымды пайдалануымыз қажет. Себебі нормативтік актілерді дайындау кезінде азаматтардың түрлі пікірлерін мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы билік өкілдері міндетті түрде қарайды, ескереді. Одан соң барып жария талқылау аяқтау нәтижелері бойынша қабылданған немесе қабылданбаған ескертулер немесе ұсыныстар қоса беріледі. Сөйтіп, заң шығарушы орган, парламентке кетеді.

Әдетте қоғамдық талқылау аяқталған соң соның нәтижесі бойынша қабылданған, қабылданбаған ескертулер немесе ұсыныстар арқылы қаттама жасалады. Осы қаттама негізінде заң жобасы әзірленіп, парламентке жіберіледі.

Бізде түрлі қоғамдық бірлестіктер бар. Олар өзінің жарғысына қатысты бір заң қабылданатын болса, талқылау отырыстарына қатысып, пікірін білдіре алады. Ондай да мүмкіндік бар.

Қазір адамдардың көбі әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады. Сондықтан осы ашық нормативтік құқықтық актілер порталын осындай әлеуметтік желілерде қолжетімді ету қажет. Әрине, олай істеуге болады. Бұл тіпті заңды талқылаудың ұтымды тәсіліне айналар еді. Ол үшін біз заңгерлер алдымен талқыланып жатқан заңмен тереңірек танысып, біліп, сосын тағы бір заңгерлермен келісіп, тікелей эфирге шығып, заңды талқылауға болады. Сондай-ақ талқылауға көбінесе жоғары оқу орындарындағы заң факультетінде дәріс оқитын профессор, академиктерді қатыстырса. Олар дәл осы заңды дайындап жатқан азаматтардан заңды кем білмейді. Сондықтан мұндай білікті, тәжірибелі мамандардың пікірі заңды талқылағанда аса маңызды. Егер осындай заң ғылымдарының кандидаты, докторларымен заң жобасы кеңінен талқыланса, тіпті керемет болар еді.

Қорыта айтқанда, қабылдайтын заң жобаларының ашықтығы біртіндеп іске асып келеді. Алайда мұны халықтың көбісі біле бермейді. Жоғарыда айтқанымдай, заң қайда, қалай талқылайтынынан мүлде хабарсыз».

Бағдат Аманқосұлының пікіріне негізделсек, заң жобаларын талқылауда ақырындап ашықтыққа бет бұрып келе жатырмыз. Мұның негізгі тетіктері қалыптасқан, алайда қарапайым халық оны біле бермейді. Сондықтан ақпараттық қолдау, ақпараттық тұрғыда талқыланып жатқан заң жобаларынан хабардар ету аса маңызды. Сонымен қоса, талқылаудың тәсілін, жолын да заманға лайықтап, жеңілдетуге болатын сияқты. Мәселен, әлеуметтік желілерді пайдалану. Қабылданатын заң жобаларын талқылаудағы ашықтықты тіпті де арттыра түсу үшін алдағы уақытта біз қаузаған мәселелер ескерілуі тиіс.

Жақсылық Қазымұратұлы