Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:28, 15 Ақпан 2024

Заңды қатаңдатып, саяси құрбан ретінде бірнеше адамды жазалау керек

Нұрболат Айекешов
Фото: из открытых источников

Жемқорлықты «қазақтың дәстүрі, қанына сіңіп кеткен әдет» деп те айтады. Негізі олай емес.

 Мысалы, Грузия полициясын алайықшы. Жемқорлық жайлап тұрған саланы Саакашвили билікке келіп реформалады. Содан түбегейлі өзгерді.

Қазір ең дамыған құқық қорғау органның бірі Грузияда деп айтылады. Сол сияқты бізде де бұл қанға сіңіп кеткен әдет емес. Барлық мәселе жүйеде. Жүйе өзгермей, ештеңе өзгермейді. Басқарудағы жүйені жөндесек, сол кезде дұрыс болады. Бізде жемқорлыққа мүмкіндік берілмейтіндей жүйе реформаланса, сол кезде ғана қоғамның ойы өзгереді. Ал қазір сіз де, мен де шенеунік болсақ, пара аламыз. Қанша адал, әділетті, тіпті діндар болсаңыз да сол жолға түсесіз. Өйткені тендерлердің барлығы сол жолмен жасалғасын, басқа амалың жоқ. Тендер бергенде өз танысына береді. Ол өзіңізге сыйлық ретінде бірдеңе береді. Ал заңды түрде басқа адамға берсеңіз, ертең оның арты дауға ұласады, мәселе туындайды. Сондықтан парламенттен бастап түбегейлі өзгеріс ену керек. Қазір парламентте заңдар мінсіз жазылады. Бірақ оны орындау кезінде бәрі басқаша болады. Қазір жемқорлық қалыпты жағдайға айналды. Ана жерде бір шенеунік, мына жерде бір әкім ұсталып жатса да селт етпейтін болдық. Тіпті қарапайым адамдардың өзі «мың теңге беріп, кезексіз өтіп кеттім» деп мақтанып отырады. Оның дұрыс емес екенін айтып түсіндіре бастасаң «енді ақша бермесең, ісіңді бітіре алмайсың ғой» деген сияқты өзіңе қарсы уәж айтады. Негізінде, бұл мақтаныш болмауы керек қой. Кез келген пара – қылмыс. Параның үлкен кішісі болмайды. Жалпы, жемқорлық өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталды. Қазір қалыпты жағдайға айналды. Бір шенеунік теледидардан «жемқорлықпен күресейік, пара бермейік» деп айтып жатады. Оған мән беріп қарамаймыз. Іс жүзінде бәрін теріс істейміз. Жемқорлықпен қалай күресуге болатынын бір сөзбен айту қиын. Мүмкін заңды қатаңдатып, саяси құрбан ретінде бірнеше адамды жазалау керек шығар. Мысалы, Қытайда заң қатал. Тіпті пара алғандар өлім жазасына кесіліп жатады. Ол жерде де көзбояушылық бар сияқты. Себебі қанша заңды қатайтқанымен, Қытайда да жемқорлық тыйылмай тұр. Бізде де жергілікті жерде пара беру нормаға айналып кеткен. Әр жұмысқа кірудің өз «ставкасы» бар. Ол ақшаны бермесең, жұмысқа алмайды. Жұмысқа кіретін адам да басшыға жақсы таныс немесе туысы болуы керек. Себебі олар бөтен адамнан ақша алмайды ғой. Бірақ бәріне пессимистік көзқараспен қарай беруге де болмайды. Қазір медицина, білім саласында жемқорлық азайып келеді. Құқық қорғау саласында да баяғыдай зорлап ақша талап етпейді. Тек жемқорлық тендерлер мен билікке байланысты салада өршіп тұр. Әрине, қазір пара алу баяғыға қарағанда қиындау. Тендер туралы заң да қиындап келеді. Сондықтан адамдар арасында «қазір ақша жымқыру қиындап кетті, тіпті жымқырғанның өзінде өзің жұмыс істеп тапқандай боласың» деген әзіл сөз тарады. Себебі жаңа айтып өткенімдей, тендер құжаттарын жалған жасау, өзіне ыңғайлы ету қиын. Бірақ жемқорлық жоқ емес, бар, миллиардтап жеп жатыр. Жемқорлық өрши берсе, оның арты неге соғатынын дөп басып айта алмаймын. Оны тиюдың да жолын айт десеңіз жауап бере алмаймын. Мүмкін антикор жұмысын күшейту керек шығар. Жемқорлықтан бірден арылуға, таза, әділетті қоғамға айналуға көп уақыт керек.

Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы