Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 17 Мамыр 2023

Заңды күші дәрменсіз қазақ тілі қайтіп дамиды?

None
None

Қарағандыда мемлекеттік тілдің еңсесі езіліп тұр. Әкімдік бастаған мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар орыс тілінде өтеді.

«Облыс активі» аталып кеткен алқалы отырыс бастан-аяқ орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе иеленгеніне 32 жыл өтсе де кеншілер өлкесіндегі қазақ тілі өгей күй кешуде.

— Қарағанды қоғамының санасына сіңіп қалған орыс тілі өзектілігін жоймай келеді. Өзгені қойғанда өз қандастарымыз үйде де, түзде де «ресми тілден» арылатын түрі байқалмайды. Қаладағы кәсіпкерлік нысандардағы жарнама мен ақпараттық мәтіндердің мемлекеттік тілде жазылуын қадағалайтын топтың мүшесімін. Бұрын көшеде кетіп бара жатқан орыс әжелер жарнама мәтіндерінің тек қазақша жазылғанын көрсе: «Орысшасы неге жоқ, біздің құқығымыз шектеліп жатыр!» – деп бізге ескерту жасайтын. Қазір мемлекеттік тілге басымдық берілді. Алайда талапқа құлақ аспай отырған кәсіпкерлерге заң жүзінде ешқандай жаза жоқ. Соның кесірінен біз жайбасар кәсіпкерлерге батып сөз айтып, бұйырып талап қоя алмаймыз. Айыппұл салуға мүлде құқымыз жоқ. Біздің міндетіміз – құр сөз жүзінде жөн айту. Нақты айтқанда, заңмен емес, сөзбен түзеу. Тәуелсіздік алғалы айтып келеміз, аз күтпедік. Егер біз аралап шыққан кәсіпкерлердің тым құрығанда 30 пайызы жарнама тілін қазақшаласа, үлкен олжа болар еді. Өкінішке қарай, ондай межеге жету қиял. Қателеспесем, сіздердің газеттеріңізде диссидент жазушы Кәмел Жүніс айтқандай, «Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тіл инспекторы құрылса, сонда ғана нәтиже күтуге болады». Осы мәселені ішкі істер министрлігі неге қадағалауға алмасқа? Егер шынымен бастама іске асса, мемлекет қазынасынан жылда қазақ тілін оқыту курстары мен мемлекеттік тілді дамытуға арналған шаралар өткізуге бөлінетін миллиондаған қаражат желге ұшпас еді, – дейді журналист Жазира Есмахан.

Бизнес нысандарындағы жарнама тілі бүтіндей мемлекеттік тілге ауыспай отыруының тағы бір себебі, жаңа Тіл туралы заңда орта және шағын кәсіпкерлер үшін талап етілетін ELicense.kz тетігінің алынып тасталуы қазақ тілінің көсегесін көгертуге кедергі келтіріп тұр. Тіл жанашыры осынау тобықтан қағатын мәселемен күресуге дәрменсіз.

— 2016 жылдан бастап кәсіпкерлерге мораторий жариялау жеңілдігі енгізілгеннен бері олар ELicense.kz лицензия алу міндетінен босатылды. Бұрын сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кәсіпкерлерден нысанның атауы мен жарнама мәтінінің қазақ тіліндегі сауатты жазылуын әкімдікке апарып тексертуді сұратып, қолдарында болса содан кейін жоғарыдағыдай лицензия беретін. Соңғы заңда бұл механизм біржолата жойылды. Мемлекеттік тілдің өрісін тарылтып тұрған проблеманың бір сарасы осы дер едім, – деп мәлімдеді тіл орталығының директоры Мөлдір Смағұлова.

Еске сала кетейік, былтыр Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығында ақпарат және жарнама тілін бірізділендіру жобасы қолға алынды. Әлеуметтік жоба аясында тіл жанашырлары, блогер, журналистерден жасақталған 5 мониторинг топ құрылды. Топ жетекшілерімен бірге жүретін еріктілер облыс орталығындағы кәсіпкерлік нысандардағы жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде сауатты, әрі дұрыс рәсімделуіне ықпал етіп, орталық және атқарушы органдардың, сондай-ақ оқу орындарының ресми сайттарындағы қазақ тілінің қолданысы мен оның тілдік заңдылықтарының талапқа сәйкес орындалуына ықпал етіп қана қоймай, тегін аударма қызметін қатар көрсетеді. Бұл міндетті атқаруға биыл бюджеттен 6 миллион теңге бөлініп отыр. Қазақ тілінің абыройын көтеру үшін қазынадан арнайы бағышталған осынау қаражат аз ба, көп пе? Мұнымен ұлтсүйер жандардың үміті ақтала ма? Бастысы қазақтың рухы оянып, мемлекеттің тұғыры – тіліміз саудаға салынбаса екен.

Тегтер: