Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Заңға бағынбайтан парламент немесе Аралбайұлының аузымен айтылған сөз

Аралбайұлы
Фото: ашық дереккөз

Қазіргі VIII шақырылымдағы парламенттің жаңадан сайланған депутаттарының ант беруі Ата заңға қарсы өткізілді.

Конституцияда 44-бапта Қазақстан президентi парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды деген. Демек ант қабылдау – бұл тек қана мемлекет басшысының өкілеттігі. Мәжілісте өткен ант беру рәсімін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізді, депутаттардың антын Конституцияға сәйкес қабылдайтын ең жоғары лауазымды тұлға – президент Қасым-Жомарт Тоқаев болмады. Демек қазіргі парламенттің қызметі заңсыз, сөзімнің дәлелі болып осы жайлы маған түсіндірме берген ҚР ОСК хаты бар.

Тағы да бір Ата заңға қарсы парламенттің халықты арандату әрекеті ол заң шығару кезінде Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген норманы ұзақ жылдар бойы орындамауы.

Депутаттар «Тiл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген норманы қасақана орындамай отыр.

Неге парламент заң шығару процесін орыс тілінде жүргізіп, тек қана мемлекеттік тіл – қазақ тілінде өткізуге міндетті деген норманы орындамайды? Бұл не біліксіздік пе, әлде білімсіздік пе? Осы айтылған парламенттің екі өрескел Конституцияға қайшы әрекеті депутаттарды таратуға негіз болар еді.

AMANAT деп айқайлаған жағымпаздар заманында премьер-министр, министр, облыс әкімдері, жоғарғы сот мүшелері, бас прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, қорғаныс, денсаулық, ішкі істер, энергетика министрі, көптеген генералдар елдің мүддесін қорғайды деген жүздеген жоғары лауазым иелерінің коррупциялық қылмыс жасап, сотталып жатқанын жиі естіп, көретін болдық. Бұл Отанға жасалған опасыздық деп аталады. Түптеп келгенде, соңғы жылдары байқағанымыздай, бұл – Қазақ мемлекетінің тамырына балта шабу, тізе бүктіру әрекеттері.

AMANAT жарғысындағы партияның мақсаты – қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар, экономикасы мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу дегендерін орындамады. Халықтың жағдайы күрт нашарлап, тек қана AMANAT партиясының басшылары, туыстары, жақындары байып, елдің экономикасы құлдырады.

AMANAT партиясының үкіметіне, депутаттарына сенуге бола ма? Бұлар атын ғана өзгертіп, сол Ескі Қазақстан мен Назарбаевтың ісін жалғастырып отыр. Жарғысын да, бағытында да өзгеріс жоқ. Партия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне, істеген ісіне саяси баға бермеді. Елге осы 25 жылда түрлі бағдарламалармен «ертек» айтып келген партияның басшылары қайда, неге Ерлан Қошанов халыққа есеп бермейді?

AMANAT партиясынан депутат Нартай Аралбай Серік Әбдірахмановтан алған сұхбатында «жоңғар пейілді Назарбаев...», «Қаңтар қайта жасалады» дегенді айтты (04.02.2024 жылы YouTube-арнасында). AMANAT басшылығы, парламент осындай ауыр сөздерді «партияның негізін қалаушы, Елбасы» деп отыз жыл өздері дәріптеген Нұрсұлтан Назарбаевқа айтуы жалпы қазақтың тәрбиесінде жоқ әдепсіздік екенін біле ме? Әлде «Жоңғар пейілді Назарбаев» деген пікірді Аралбайұлы арқылы айтқызып отыр ма?

Енді AMANAT партия мүшелері АЭС салуды қолдаймыз деп парламенттегі жұмыстарын тастап, аймақтарды аралап, үгіт-насихат жүргізіп жүрген мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, басқа да депутаттар заңдылық қағидасын бұзып отыр. Мемлекеттік арналарда тек қана Атом электр станциясын қолдаушыларына сөз беріліп, әділдік, теңдік қағидасына сай АЭС жайлы қарсы ойларын айтқысы келетін тарапқа сөз берілмей отыр! Егер энергетика министрі Сәтқалиев салынатын АЭС туралы анық ақпаратты журналиске айта алмаса, бұл не сандырақ?

Байқағаным, сөздеріне қарасам, AMANAT партиясының депутаттары шетінен АЭС кадры болуға дайын-ақ тұр екен.

Айыпқан Мұхамадиев

заң ғылымдарының кандидаты