Заңгер Айгүл Орынбек Айнұр Тұрсынбаеваның қорын тексеруді талап етті

Құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек айтыскер ақын әрі коуч Айнұр Тұрсынбаеваның құрған «Айдын Нұры» қайырымдылық қорына қатысты күмәнін білдіріп, оның қызметін мұқият тексеруді талап етті.
Бұл туралы ол Facebook парақшасында жариялаған жазбасында мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, аталмыш қордың әрекеті Қаңтар оқиғасы кезінде де, одан кейін де күмән туғызған.
"Айдын Нұрын қоры дәл Перизаттың қоры сияқты мұқият тексерілуі керек деп талап етемін! Қанды Қаңтар оқиғасының алдында халықтан аямай ақша жиналды. Ал Қаңтардан кейін менің тексерсін деген сұранысыммен кейін артынша қор жабыла салды. Бұл — үлкен күдік тудырады.
Біздің елде саны көп, бірақ сапасы жоқ, бақылаусыз қорлар жетерлік. Кейбір әкімдер мен шенеуніктер, тіпті кәсіпкерлерден “заңды түрде” ақша жинау үшін арнайы қор ашып алған. Яғни, параны айналып өтіп, қор арқылы алады.
Қайырымдылықты желеу еткен жалған қорларды жабатын уақыт келді! Мемлекет қарапайым халықтың сенімін пайдаланып, ақша жымқыруға жол беріп отырғандарға нақты шара қолдануы тиіс", - деп жазды заңгер.
Айгүл Орынбек соңғы уақытта қайырымдылық ұйымдарының көбеюі мен олардың қызметінің ашық еместігіне алаңдаулы. Оның айтуынша, мұндай қорлардың бірқатары шынында да қоғамдық көмекке бағытталса, енді бір бөлігі заңсыз қаржылық схемаларға айналған.
Осыған ұқсас жағдайлар қоғамда сенім дағдарысын тудырып, шынайы көмек көрсетіп жүрген қайырымды жандардың да беделіне нұқсан келтіріп отырғаны белгілі.