Заңнан биік ар-ождан: Каприо тәжірибесі және қоғам шындығы

Әлемдегі ең мейірімді сот
Тамыздың 21 жұлдызында «әлемдегі ең қамқор судья» деп танылған Фрэнк Каприо 88 жасында өмірден озды. Бұл кісіні әлеуметтік желі арқылы күллі әлем таниды. Судья ғұмыр бойы «адамға жанашырлықпен қарайтын әділ сот – шынымен де күшті сот» деген идеяны насихаттады. Тек АҚШ жаңалықтары емес, күллі әлем басылымдары судьяның сот отырыстары мен шешімі арқылы қаншама адамның өмірін түзетуге немесе жақсартуға көмектескенін айтып, миллиондаған адамдарға шабыт сыйлағанын жарыса жазған еді. Құқықбұзушылардың қанауға емес, қамқорлықпен дүрыс жолға түсуге мүмкіндік берген Фрэнк Каприоның әрекетіне әлемнің түкпір-түкпірінен сан түрлі пікір айтылатын. Қалай десек те, судья көпшіліктің жадында классикалық саясаткер не дәстүрлі құқықтанушыдан гөрі гуманизм мен әділеттің айрықша үлгісіне айналған адам ретінде қалғаны рас. Шын мәнінде, америкалық судьяның аты-жөнін әлемдік деңгейде әйгілі еткен құбылыс оның Род-Айлендтегі Провиденс қаласында судья ретінде қарапайым адамдардың тағдырын шешкен сәттерінің бейнежазбалары еді. Бұл кадрларда Каприоның сот отырыстарында қалыптасқан қасаң құқықтық жүйенің қаталдығын жеңілдетіп, адамға түсіністікпен қарайтын, қатаң заңды өмірдің кәдуілгі шындығымен үйлестіруге тырысатын жүрекке жылы бейнесі көрінеді. Ол әділеттің құрғақ қағидаларға емес, ең алдымен адам тағдырына қызмет етуі тиіс екенін іспен танытқан, халқы судьяны дәл осы қасиеті үшін де жақсы көріп, ерекше құрмет тұтты.
Көп жағдайда Фрэнк Каприоның шешімдері арқылы бюджетке түсетін ақша азаятын, өйткені ол айыппұлдардың басым көпшілігін 70–90%-ға дейін азайтып, онсыз да ақшасы жоқ адамды кешіре салатын. Америкада отыз мыңнан астам судья болса да, Фрэнк мырзаның атын күллі штат тұрғындары жатқа білген. Фрэнк Каприоның өмір жолына үңілгенде біз тек ерекше мейірімді судьяны ғана емес, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет пен құқық саласында адал еңбек етіп, қоғам игілігіне барын арнаған азаматты көреміз. Ол 1936 жылы Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында италиялық эмигранттар отбасында дүниеге келген. Дәл осы фактор судьяның болмысына, қалыптасуына үлкен із қалдырса керек. Эмигранттар қауымының тұрмыстық ауыртпалығын, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті ерте жастан сезініп өскен Фрэнк мырза әкесінің қарапайым балық сатушы болғаны, ал отбасының кедейшіліктен көп қиындық көргенін, оның адам тағдырына әрқашан мейіріммен қарауына негіз болғанын айтады. Каприо Род-Айленд университетінде білім алғаннан кейін, құқық саласына келіп, адвокаттықпен айналысып, кейін біраз уақыт мемлекеттік қызметке араласып, ұзақ жылдар бойы қала кеңесшісі, қоғамдық ұйымдардың жетекшісі ретінде жұмыс істеді. 1985 жылы Провиденс қаласының әкімі Джозеф Пайолино оны Муниципалдық соттың бас судьясы етіп тағайындады. Содан бергі бірнеше онжылдықта Каприо тек қана әкімшілік құқықбұзушылықтар мен ұсақ істерді қараумен айналысып қойған жоқ, ол осы кішігірім деңгейдің өзінде қоғамның әділетке деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.
Бұлай деуімізге себеп көп. Фрэнк Каприоның соттағы шешімдері үшін тіпті Америка арнайы телешоу арнаған десе-ді. Мәселен, интернетте кең тараған бейнежазбалардың бірінде бір әйел жұмыссыз қалып, балаларын асырау үшін барын салып жүргенін, айыппұл төлей алмай жатқанын судьяға айтады. Ал Каприо әлгі әйелдің айыппұлын толығымен алып тастаумен қатар, моральдық тұрғыда да қолдау көрсеткен. Тағы бір сот отырысында Каприо анасымен бірге сотқа келген кішкентай балаға «судья болуға» мүмкіндік беріп, айыппұлды азайту не жою мәселесін балаға тапсырады. Америкалық судьяның оның бейнежазбалары интернет арқылы тарап, әлемдік аудиторияға жеткенде, қарапайым адамға жақындығы жаһандық феноменге айналып, оны үлгі тұтқандар саны арта түсті. Миллиондаған көрермен оның қазылық әрекеттерінен тек заңдық шешімді ғана емес, сонымен қатар адамдық жылылықты сезінді. Сот залында ол бір сәтте әділ төреші де, қамқор әке де, жылы сөзді дос та бола білген судьяның мұндай ұстанымы бүгінгі күннің жалпы саяси-құқықтық мәдениетінде айрықша құндылыққа айналып отыр. Әдетте қолында билігі жоқ қарапайым халық заңды көбіне-көп заңды салқын күш ретінде сезінсе, Каприо әділет пен мейірімнің қатар өмір сүре алатынын дәлелдеді. Тағы бір есте қаларлық жайт, Каприо кейде айыппұлдардың қайырымдылық мақсатында жұмсалуына да мүмкіндік берген. Мәселен, бір іс бойынша айыппұлын мойындаған азамат төлемді қалалық қазынаға емес, жергілікті балалар ауруханасына аударуға рұқсат сұраған. Каприо заң шеңберінен шығып кетпей, сонымен қатар азаматтың ниетін қолдады. Бұл шешім қоғамға әділеттің қатаң тәртіп емес, ізгілік пен жанашырлықты да қамтитынын көрсетті. Оның соттағы шешімдерінде кейде әзіл мен адами қарапайымдылық та үлкен рөл атқарды. Бір істі қарау кезінде айыпталушы жас жігіт айыппұлын төлеуге қаржысы жоқ екенін айтып ақталғанда, Каприо оған әзілдеп: «Мүмкін сен маған жаңа ән жазып берерсің? Егер жақсы шықса, айыппұлды кешірермін», – деген. Осындай ашық қарым-қатынас сот процесі қатып қалған рәсім деген қағиданы бұзып жібереді. Фрэнк Каприоға 2017 жылы Род-Айленд штатының губернаторы оған «Әділеттіліктің жүзін өзгертті» деген атпен арнайы марапат табыстады.
Әділетті «адами тілде түсіндірген» Фрэнк Каприоның тұлғалық болмысын айқындаған басты қыры оның қарапайым халықтың жағдайына үңіле білуі. Оның ең атақты сөзі: «Бәріміз де қателесеміз, бірақ әрбір істің артында адамның тағдыры бар». Әдетте құқық пен заң адамға жоғарыдан қарап, өз тәртібін зорлықпен таңатын күш секілді қабылданады. Ал Каприо болса, кішкентай ғана үміт іздеген адамдарға сол күштің астында езіліп кетпес үшін демеу бола білді. Ол қарапайым жүргізушілердің айыппұлдарын, жол қозғалысы ережесін бұзған жаяу жүргіншілердің болмашы қателіктерін тек қылмыстық әрекет ретінде емес, күнделікті тұрмыстың, әлеуметтік қиындықтың немесе адам табиғатының әлсіздігі ретінде қарастырды. Біреудің өміріндегі уақыттың тапшылығын, біреудің тұрмыстық ауыр жағдайына байланысты айыппұлын төлей алмай жүргенін көргенде, ол заңды түсіндірумен шектелмей, түсіністік пен рақым танытады. Бұл халыққа құқық жүйесінің қатып қалған формасына жаңа рух сыйлағандай әсер қалдырды. Фрэнк Каприоның сондай мазмұндағы оқиғасының бірі әлемде кең тарап кетті. Жол ережесін бұзғаны үшін сотқа шақырылған 96 жастағы қария өз сөзінде жалғыз ұлы ауыр науқастан зардап шегетінін, ал өзі күн сайын таңертең оны дәрігерге апару үшін көлік жүргізетінін айтқан. Осы сәтте Каприо қатаң заңды орындаудан бас тартып, айыппұлды алып тастаған екен. Ол қарттың қоғам алдындағы борышынан бұрын әкелік борышын орындап жүргенін түсініп, «сіздің істеп жүргеніңіз ең үлкен құрметке лайық әрекет» деп көзіне жас алады. Бұл шешім көрермендердің жүрегін елжіретіп, әділеттің тек жазалаудан тұрмайтынын тағы бір дәлелдегендей еді. Фрэнк Каприоның еңбегі тек сот залындағы гуманизммен шектелмейді. Ол ұзақ жылдар бойы қоғамдық қызметтер атқарып, білім беру мен әлеуметтік бағдарламаларды қолдады. Мәселен, ол өзінің туған жерінде дарынды жастарға арнап стипендиялар тағайындады, түрлі қайырымдылық шараларына қатысты. Оның «құқық – тек жазалау емес, қоғамға қамқор болу құралы» деген түсінігі дәл осы істерінде де айқындалды. Дәл осы жылдың шілде айында Америкада білім алатын өзбек азаматы Мухаммадобидбек Обиджоновтың судьяның алдында жауап берген видеосы кең тарап кетті. Бұл жолы да «қамқор сот» өзбек азаматының кешкі жұмыстан кешігіп, бірнеше мәрте тұрақ ережесін бұзғанына кешіріммен қарап, төлемін азайтып әрі бөліп төлеуге рұқсат етеді.
Каприо заңды абсолютті жүйе ретінде қабылдамады, қайта оны адам үшін, қоғам игілігі үшін бейімдеуді жөн көрді. Бұл тұрғыда ол құқықтың басты мақсаты жазалау емес, тәрбиелеу, түзеу, түсіністік орнату екенін көрсеткісі келді. Кейде Каприо сот отырысында қатысушыларды күлдіріп, ресми ахуалды жеңілдетіп жіберетін. Бір адам көлігін дұрыс қоймағаны үшін сотқа келгенде «мен ол жерге тек бір минутқа ғана тоқтадым» деп ақталған. Сонда Каприо: «Әрқашан солай дейсіңдер ғой. Бір минут Америка тарихында көп нәрсені өзгертті. Мысалы, Пол Ревир бір минутқа кешіккенде, бүкіл революция басқа арнаға бұрылып кетер еді», – деп әзілдей отырып, азаматтың қателігін ырықсыз мойындатты. Бұл әдіс сот процесін тек жазалаушы сипаттан арылтып, тәрбиелік әрі түсіндірмелік мәнге ие етті. Заңның қағидаты бойынша әркім кінәсін өтеуі тиіс, бірақ Каприо үшін маңыздысы – кінәнің артындағы жауапкершілік пен жағдайды толық түсіну, соған орай әділеттіліктің мейіріммен астасқан нұсқасын табу еді. Бұл ұстаным оны тек сот төрелігінің өкілі ғана емес, моральдық ұстаз дәрежесіне көтерді. Цифрлық дәуірде судьяның шешімдері түсірілген видео әлемдік аудиторияға жетіп, бүгінгі жаһандық мәдениетте ізгілікке деген сұраныстың зор екенін көрсетті. Бұл – қоғамдардың қаталдық пен немқұрайлылықтан шаршағанын, заң мен биліктің адамдық өлшемдерге қайтып оралуын қалап отырғанын аңғартады. Сондықтан Каприоның бейнесі қазіргі замандағы әділет философиясының символына айналды.
Қош, енді өз жайымызға оралайық. Жасыратын несі бар, бізде сот, судья десе халық үрке қарайды. Іштей «күніміз соларға түспесінші» деп тілейді. Мұның түп-төркіні сенімсіздікпен сабақтасып жатса керек. Оған себеп те жоқ емес.
Осыдан бірер апта бұрын елде өтіп жатқан кейбір сот процестерінен видео тарап, елдің назарын аударған еді. Залда өтіп жатқан сот отырысына, сан мың адамға қарамастан, судьялардың бірі журналиске тілін шығарып, бетін тыржитқан, ал енді бірі қолымен түсініксіз ишарат көрсетеді. Қоғам әділеттің салтанат құруын соттың төрелігі мен айқындығынан таниды. Судья – мемлекет атынан шешім қабылдайтын тұлға, оның әрбір сөзі мен қимылы тек заңның беделін ғана емес, бүкіл қоғамның сенімін арқалап тұрады. Сондықтан судьяның бейәдеп әрекеті, болмашы бір мысқыл қимылының өзі қоғам алдында заң жүйесін құнсыздандырып, азаматтардың сеніміне селкеу түсірері анық. Бұл елдегі судьялардың әдепке қайшы қылық көрсетіп, талқыға түскен алғашқы кейс емес. Осыған дейін де судьялардың қылығы мен әділдігі, ақылы мен абыройы туралы талай сөз болған.
World Justice Project халықаралық ұйымы анықтайтын «Сот тәуелсіздігі» индексі құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде Қазақстан сот жүйесінің көрсеткіштері бойынша 126 мемлекеттің ішінде 65-орынға тұрақтаған. Бұл нәтиже соңғы үш жылда мызғымай бір орында тұр. Соңғы 4–5 жылда судьялардың материалдық жағдайы жақсарып, әлеуметтік мәртебесі де көтерілді. Судьялардың қатарын жемқорлардан тазарту, соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету секілді ұран сөздер мен міндеттер биік мінберлерден жиі айтылып та жүр. Соған қарамастан, еліміздегі сот жүйесінде сыбайлас жемқорлық мәселесі, судьялардың мал-мүлік үшін ар мен заңнан аттап, сатылуы әлі күнге өзектілігін жоймай тұрғаны жасырын емес. Фемиданың барлық қызметкері ең бірінші заңдылықтың сақшысы болуы керек. Бірақ халық сот жүйесіне неге сенбейді? Осы «керек» пен «қажеттен» аспайтын сөз жүзіндегі реформалардың шынайы өмірден тым алшақ болуының себебі неде? Міне, осындай жұртшылық көкейінде жүрген судьялардың әдепсіздігі мен жемқорлығы үшін жауаптылықты күшейтуге қатысты сұрақ көп. Заңгер Аружан Еркінқызының айтуынша, халықтың сот пен судьяға сенбеуі бүгін не кеше басталған құбылыс емес, бұл – тамыры тереңде жатқан тарихи жара.
СОТ ЗАҢНАН ГӨРІ САЯСИ ЫҚПАЛҒА ТӘУЕЛДІ
«Қазақстанда сот тәуелсіздігі жайлы жиі айтылады. Бірақ тәуелсіздік тек ресми құжаттарда жазылып, мінберде айтылатын ұран емес, күнделікті сот тәжірибесінде айқындалуы тиіс. Ал іс жүзінде талай азамат әділдік іздеп сот табалдырығын тоздырғанда, әділет емес, парақорлық пен тамыр-таныстыққа жолыққанын жасырмайды. Бұл – қоғамның ең жанды жері. Себебі әділетті сот – кез келген құқықтық мемлекеттің іргетасы. Іргетасы әлсіз болса, мемлекеттің де тұрақтылығы сұрақ күйінде қалады. Судьяның сатылуы – жай ғана заң бұзушылық емес, халықтың мемлекетке деген сенімін бұзу, қоғамның әділетке деген үмітін сөндіру. Әлемдік рейтингте Қазақстан сот жүйесі орта деңгейде тұрғанымен, үш жыл қатарынан бір орында қалуы дамудың жоқтығын білдіреді. Бұл қауіпті белгі. Демек, реформа тек сөз күйінде қалып отыр. Шын мәнінде сот жүйесін жаңғырту үшін ең алдымен судья болғысы келетін адамға қойылатын талапты күшейту керек. Қазіргі таңда судьялыққа үміткерлердің заңды білуі жеткілікті деп есептеледі. Бірақ судьяға ең алдымен заң білімі ғана емес, жоғары деңгейдегі құқықтық сана, моральдық ұстаным, өмірлік тәжірибе, психологиялық тұрақтылық қажет. Кейбір елдерде судьялыққа тек ұзақ жылдық адвокаттық немесе прокурорлық тәжірибесі бар, беделі қалыптасқан адамдар тағайындалады. Осыдан бірер жыл бұрын тәуелсіз басылымдардың бірінен Жаңаөзен, Қаңтар оқиғасынан кейін қатысушыларға үкім шығарған судьялардың жаппай лауазымы жоғарылағанын оқып қалдым. Демек бізде сотты жеке адам да, билік те сатып ала береді деген сөз ғой, бұл. Тіпті кімнің ақшасы көп, соның мүддесі қорғалады дегенді де меңзеп тұрған жоқ па? Соңғы жылдары судьялардың еңбекақысы көтеріліп, әлеуметтік жағдайы жақсарды дегенмен, бұл олардың мінез-құлқы мен кәсібилігіне кепіл бола қойған жоқ. Бұл тек өсек-аяң емес, өмірлік тәжірибеден туған тұжырым. Жеке азаматтардан бастап ірі кәсіпкерлерге дейін талай адам соттағы істің әділетпен емес, мүліктің көлемімен, таныстықтың күшімен шешілгенін көрген. Халықтың сотқа сенбеуіне де әуелгі себеп осы», – дейді заңгер.
Егер судья ар-ожданын заңнан биік қоймаса, ешқандай еңбекақы, ешқандай мәртебе оны әділетті етуге қауқарсыз. Бұл – әлемдік тәжірибеден белгілі шындық. Мәселен, демократиялық дәстүрі терең елдерде судьяның беделі ең алдымен адалдығымен өлшенеді. Ол елдерде судьялар қоғам алдында есеп бермесе де, ішкі ар алдындағы жауапкершілігі аса жоғары, себебі кез келген қателік заң жүйесіне деген халықтың сенімін шайқалтары анық. Аружан Еркінқызы ұзаққа созылған процесс пен кішігірім әділетсіздіктер де халықтың сотқа деген сенімін азайтатынын айтады.
Кеңес дәуірінде сот тәуелсіз орган емес, партиялық аппараттың құралы болды. Сол кездегі деген көзқарас әлі күнге дейін халық санасында сақталған. Демек, бүгінгі сенімсіздік тарихи жадтан бастау алады. Бұдан бөлек, сіз атап өткен бейнежазба да – тағы бір себеп. Анығында, қазіргі судья әдебінің әлсіздігі мен сот мәдениетінің төмендігі. Жақында сот процесінің видеосы тарап, қоғамның қызу талқысына түскені соның айғағы. Жария сот отырысында судья журналиске тілін шығарып, бет-пішінін өзгертіп, күлкі қылғандай ишара жасады. Мұндай әрекет тек бір адамның әдепсіздігі емес, бүкіл жүйенің абыройын түсіретін қылық. Халық судьядан салмақты мінез, парасатты ой, мемлекетке лайықты бейне күтеді. Ал ондай қылықтың орнына ойыншыққа айналған ишаралар көргенде, «мұндай судьядан әділдік күтудің өзі артық» деген ой қалыптасады. Қазақстанда соттардағы көп шешімдердің қисыны қарапайым азаматқа түсініксіз. Мәселен, белгілі журналистердің, белсенділердің істерінде қоғам ашық дәлелдерге қарамастан, соттың біржақты үкім шығарғанына талай мәрте куә болдық. Мысалы, 2021 жылы азаматтық белсенділердің бейбіт митинг ұйымдастыруға қатысты істерінде, бейнежазбалар мен куәгерлердің айғақтары жеткілікті болса да, сот шешімі билікке қолайлы бағытта шықты. Мұндай мысалдар халыққа соттың заңнан гөрі саяси ықпалға тәуелді екенін аңғартады. Соттың тәуелсіздігі қағаз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде ол орындалмайтынын жұртшылық сезеді. Тағы бір себеп – қарапайым адамның құқықтық тәжірибесі. Әділет іздеп сотқа барған адамдардың көбі өз басынан өткен кедергілерді, ұзаққа созылған процестерді, әділетсіз шешімдерді айтып береді. Бірінің жер дауы, бірінің мұрагерлік мәселесі, енді бірінің еңбек құқығы, осы сынды мәселенің барлығында сот төрелігінің бірізді шешім шығарады. Осындай кішігірім мысалдар халық санасында үлкен қоғамдық түсінік қалыптастырады. Егер мемлекет шынымен әділетке басымдық беріп, сот жүйесін шынайы тәуелсіз, адал институтқа айналдыруға күш салса, халық сенімін қайтара алады», – дейді маман.
P.S. Фрэнк Каприоға күллі әлем назар аударып, таңданып әрі тамсанып жүргелі қашан. Бірақ әділет, адалдық пен адамдық салтанат құрған қоғамда бұл әуелден қалыпты құбылысқа айналуы керек емес пе еді деген ой туады. Шын мәнінде, судьяның айыппұлды азайтып, кедейдің халін түсініп, қарияның әкелік борышын бағалап, бала сөзіне құлақ асқаны заң мен адамзат арасындағы табиғи үйлесімнің кәдуілгі көрінісі болуы тиіс қой. Мейірім мен адамдықтан, әділет пен адалдықтан алшақтаған сайын қарапайым адамгершілік те баға жетпес асыл боп көрінеді екен. Ал біздің тапсырыспен үкім шығарып, тапсырмамен шешім қабылдайтын сот мұны түсіне ме екен? Білмейміз...
А.Ерболова