Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

«Заңсыз әрекеттерін тоқтаттым»: Серік Сәпиев орынбасарын айыптады

Сәпиев пен Есімханов
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев бірнеше күн бұрын орынбасарымен болған жағдайға байланысты пікір білдірді.

Ол алдымен өзіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, болған оқиғаға қатысты нақты ұстанымын жеткізді.

Сәпиевтің айтуынша, жанжал жеке немесе тұрмыстық сипатта болмаған.

«Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Ашық мәлімдеймін! Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды», – деді ол.

Айта кетейік, 23 қаңтар күні Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары ұрып тастады деген ақпарат тарады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні Қарағандыдағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған. Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімханов арасында әуелі сөз жүзінде келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев дене жарақатын алған.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады.

Қарағанды облыстық полиция департаменті редакциямызға оқиғаны растады. 

"42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деп мәлімдеді Қарағанды ПД өкілі.

Алайда кейіннен әлеуметтік желіде Серік Сәпиевтің таяқ жемегені тек орынбасарымен келіспей қалғаны туралы видео тарады. Бейнеде екеуінің жанжалдасқаны бейнеленген, алайда дене жарақатын салатын төбелес байқалмайды.

Тегтер: