Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:11, 20 Наурыз 2024

«Заңсыз болса, тіпті жақсы» – Талдықорған әкімі орманға барады

Талдықорған

Айдын-күннің аманында Жетісу облысында жер дауы болып жатыр. Әлдекімдер облыс орталығы Талдықорған қаласындағы орманды отап, орнына коттедж салуға ниетті. Жеке кәсіпкердің «жымысқы» жоспарын жергілікті жұрт байқап қалып, шу шығармағанда, мәселе бұдан да үлкен болар еді.

Жылдар бойы қалаға көрік беріп, сұлу табиғаттың сәніне айналған жасыл желек әлдеқашан жеке қолға өтіп кетіпті. Мұны жергілікті халық білмеген. Тек жақында қаланың геопорталынан 15 гектар орман алқабы 200-ден аса жер теліміне бөлініп, коттедж қалашығын салуға дайындық жүріп жатқанын білген соң ғана дабыл қақты.

«Бақсам, бақа екен» дегендей, мәселенің мәні тым тереңде жатқан көрінеді. Талдықорған қаласы Ардагерлер саябағының маңындағы жер телімі жеке адамға сонау 2006 жылы сатылып кетіпті. Қала әкімдігі сол жылы 45 гектар жерді небәрі 6 миллион теңгеге сатып жіберген. Ол аздай, артынша 15 гектар жерді 2 миллион теңгеге саудалаған. Басқаша айтқанда, ұлан-ғайыр жер су тегінге кеткен.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жер алғаш жеке қолға өткенде онда демалыс аймағы салынады делінген. Бірақ 6 жылдан кейін, 2012 жылы жерді пайдалану мақсаты өзгертіліп, онда коттедж қалашығы бой көтеретін болыпты. Одан бері де ештеңе салынған жоқ, жер бос тұр. Бірақ 18 жыл бұрынғы «сауда» су бетіне шығып, жергілікті жұрттың наразылығын тудырып отыр. Олар орман оталса, қала экологиясы бұзылатынын айтады.

«2006 жылы таза орман жеке қолға өтіп кетіпті. Кейін ол жерге тұрғын үй салынатыны белгілі болды. 2019 жылы қала тұрғындары бұл мәселеге наразылық білдіріп, дау шыққан. Ол кезде сату сайттарында бір жер телімі 8 миллион теңгеден сатылып жатқанын көріп, қарсы шықтық. Сол кездегі қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов барып, тынышталғандай болған. Жақында орман алқабына үй салу мәселесі тағы қозғалды. Халық бұл жолы да қарсы болып отыр. Қала әкімдігі тексеру жүргізіп жатыр. Қазір сол тексерістің нәтижесін күтіп отырмыз. Бір анығы, бұл орманды кесуге әсте болмайды, Талдықорған өзінің атына лайық болу керек», – дейді қала тұрғыны Қайрат Әбдірахман.

Қала әкімі жердің заңсыз сатылып кеткенін қалайды

Біз сөз етіп отырған жер әу баста орман шаруашылығының құзырында болған екен, кейін белгісіз себептермен қала меншігіне өтіп кеткен. Жергілікті белсенділер мұның өзі күмәнді жағдай екенін айтып жүр. Тоғайда қырғауыл, тоқылдақ және басқа да құстар өмір сүреді. Дәл қазір ағаштарды кессе, аң-құс панасыз қалып, өңірдің экологиясы бұзылуы мүмкін.

Қала билігі жергілікті жұрттың шуынан кейін ұйқысынан шошып оянғандай, айғайға аттан қоса жөнелді. Жауапты мекемелерге хат жазып, ну орман жеке қолға қалай өтіп кеткенін сұрастырып жатыр. Шаһар басшысы Ернат Бәзіл ол жерге ештеңе салғызбаймын деп белсеніп отыр. «Қала тұрғыны ретінде орманды отауға қарсымыз. Жер теліміне қатысты тексеріс жүргізу жөнінде қала әкімдігі облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолдады. Олар жер жекеменшікке қалай өткенін анықтайды. Заңсыз жолмен өткен болса, бізге тіптен жақсы. Қайтарып алып, аумақты қоршап, саябақ ретінде қалдырамыз. Ал заңды жолмен берілген болса, иесімен келісіп, оларға қаланың басқа бөлігінен жер телімін береміз», – дейді қала әкімі.

Әрине, қазіргі әкім ештеңеден қысылмайды. Жер 18 жыл бұрын сатылған, «ол түйеде менің жүгім жоқ» деп отыр. Бұл қазақ шенділерінің ескі әдеті. Өзінен бұрынғы басшының жұмысына жауап бермейді, «ол кезде мен болмадым» деп ақталады. Бірақ олар биліктің әрбір әрекетіне сол жүйеде болған барлық қызметкер жауапты екенін ескермей жүр. Жер сатылғаннан бері Талдықорғанда 8 әкім ауысыпты, соның бірде-бірі қолдан сусып бара жатқан 60 гектар жерге жаны ашып, бас қатырмаған. Осының өзі билік басындағылардың мемлекетшілдігіне күмән туғызады.

Жұрттың шуынан кейін атқа қонған қазіргі әкім мәселеге толық нүкте қоя ма, әлде 2019 жылғыдай уақытша тыныштандырып, өзінен кейінгі әкімге «мұраға» қалдыра ма, белгісіз. Бір анығы, жұрт енді бұрынғыдай сөзбұйдаға сенбейді. «Не бүк, не шік болсын» деп талап қойып отыр.

«Талдықорғанда 50 жылдан бері тұрамын. Орманды отауға қарсымын, қолында ақшасы барлар ойына келгенін істеп, қаланың көгілдір «өкпесін» шауып тастай бере ме?! Онсыз да су тартылып, ағаштар қурап барады. Бұған халықтың 90 пайызы қарсы», – дейді қала тұрғыны, журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Бейбіт Исабаев бұл мәселеге бас қатырмайды

Қоғам талқысына түскен жер дауы Алатаудан асып, Арқаға жетті. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәселеге «Жер аманаты» комиссиясы араласатынын айтты. «Бұл жерді жеке қолға 2006 жылы Талдықорған әкімдігі Жер кодексінің талаптарын заңсыз бұзу арқылы берген. Орманды алқап онсыз да жетіспей жатқанда ағаштарды кесу ақылға қонбайды. Бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылу керек. Біз Талдықорған халқын қолдаймыз», – деді депутат.

Дау Жетісу шеңберінен шығып, елордаға жетсе де, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бүйрегі бүлк етпейді. Облыс әкімдігінің сайтында бұл проблема жайлы бір ауыз ақпарат жоқ. Әкімдікке хабарласқан едік, бұл іске негізінен қала билігі жауапты екенін айтып, толық ақпарат алу үшін ресми сауал жолдауды сұрады. Екі-ақ сұрақтан тұратын ресми хатымызға газет беттелгенше жауап келмеді. Соған қарағанда, Исабаев иегінің астында болып жатқан шуға көз жұма қарағысы келетін сияқты. Ал Талдықорған билігі нақты жауапты бір айдан кейін айтамыз деп отыр.

«Қала әкімі бұл мәселе бойынша жауапты органдарға сұрау салғанын айтты. Жауабы 25-28 күн аралығында белгілі болады. Құзырлы орган тексеріс бастаған болуы керек, жерді жеке қолға кім бергенін, қалай бергенін солар анықтайды. Жер иесі бұған дейін 224 жер телімін заңдастырып алып, 225-жерді заңдастыру бойынша жер қатынастары бөліміне өтініш берген. Жер қатынастары бөлімі бұл өтініштен бас тартқан соң олар мекемені сотқа берген. Осыдан кейін мәселе қоғам талқысына түсіп, резонанс тудырды. Бірақ мәселе оған дейін де қала әкімдігінің бақылауында болған. Қажетті жұмыс жүргізіліп жатқан», – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев.

Жерді кім сатты, кім сатып алды?

60 гектар көкорай жер сатылған кезде Талдықорған қаласын Сәкен Жылқайдаров, облысты Серік Үмбетов басқарып тұрған. Жылқайдаров Талдықорған тізгінін 1999 жылдан 2011 жылға дейін ұстады. Оған дейін екі жыл әкім орынбасары болған. Ол 2012 жылы «Нұр Отан» партиясы қатарында мәжіліске барып, 2015 жылы қайтыс болды.

Ал сол кездегі Алматы облысының басшысы Серік Үмбетов белгілі деңгейде «шулы» шенді болды. Ел арасында оның атына айтылар сын аз емес. Мансабын Кеңес кезінде кеңшар бригадирі болып бастап, тәуелсіз елде әкім, министр, депутат атанған Үмбетов Алматы облысын басқарғанда басы даудан арылған жоқ. Мысалы, 2009 жылы Текеліде жер сілкініп, үйлер қирады. Ал 2010 жылы Қызылағашта ел тарихындағы ең ірі су апаты болып, 45 адам көз жұмды. Осы оқиғалар кезінде Үмбетовтің ұйымдастыру қабілеті халықтан оң баға алған жоқ.

2007 жылы Алматы қаласы мен Алматы облысында заңсыз жер сатылғаны анықталып, Виктор Храпунов бастаған бір топ шенді қызметінен кетті. Сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Үмбетовке қандай жаза беретінін президент өзі шешетінін айтқан. Бірақ ол жолы әкім судан құрғақ шықты. Ең қызығы, Мәсімов бастаған комиссия сол кезде бүгін біз сөз етіп отырған орман алқабын тексермеген сияқты. Ал 2008 жылы минтингіге шыққан жұрт баспана мәселесін шеше алмаған Серік Үмбетов отставкаға кетсін деп талап қойған. Бірақ ол талап та ескерусіз қалды. Үмбетов бір кездері ашық шенді атануға да тырысып көрген. Ол 2008 жылы 7 142 222 теңге табыс тапқанын жариялады. Бірақ шенділердің мұндай «жұтаң» есебіне әдетте халық сене бермейді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған жер 2006 жылы Рабзе Манликова деген кісінің қолына өткен, 2017 жылы ол жерді өзінің ұлы Манликов Қайратқа берген. 60 гектар жерді кім 8 миллион теңгеге бағалағаны анық емес. Кәсіпкер жерді қалай алды, оған жоғарыда біз атаған екі әкімнің қатысы бар ма, қазірше белгісіз. Оны Ернат Бәзіл сұрау салған құзырлы органдар анықтайды.

Ал біз ашық дереккөзден кәсіпкер Қайрат Манликовтің бизнестерін іздеп көрдік. Оның атына екі ЖШС тіркелген. Екеуі де шағын кәсіп, мемлекетке төлеген салығы да өте мардымсыз. Бірі – 2015 жылдан бері небәрі 131 885 мың теңге салық төлеген, ал екіншісінің салық төлегені жайлы ақпарат жоқ. Қайрат Манликовтің компаниялары тіркелген мекенжайға Манликов Алишер Қайратұлы есімді азаматтың екі ЖШС-сы тіркелген. Аты-жөніне қарағанда Қайрат Манликовтің баласы сияқты. Бірақ оның фирмалары да мемлекетке болымсыз салық төлейді екен (2015 жылдан бері 182 100 теңге).

Сонда тұтас Талдықорғанды шулатып, орманды отағалы жүргендер табысы аз, шағын кәсіпкерлер болғаны ма? Бірақ біз сөйлескен жергілікті тұрғындар Манликовтар «таяз судың балығы» емес екенін айтады. Жоқ дегенде, бірнеше сауда нүктесі бар, облыс көлеміндегі ірі бизнесмендер көрінеді.

Бірақ маңыздысы – бұл емес. Бай болса да, кедей болса да заң алдында бәрі бірдей. Біздің мақсат – Манликовтардың қалтасын ақтару емес, Талдықорған жұртының жанайқайын жеткізу. Қала әкімі Ернат Бәзіл қолға алған жұмысын аяғына жеткізіп, белгісіз жағдайда жеке қолға өткен орман мәселесін түбегейлі шешкенін күтеміз. Ал облыс әкімі Бейбіт Исабаев бар жауапкершілікті қала билігіне жүктеп қойып, он күндік наурызды тойлап біте алмай жатқан сияқты. Облыс әкімдігінің ресми сайты мереке-мейрам және атаулы күндер жайлы ақпараттан көрінбейді.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: