Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:22, 06 Маусым 2024

Заңсыз криптобиржалар. Мәдиев министр болғанда Binance неге қуанды?

криптобиржа
Фото: Жас Алаш коллаж

Әңгіме басын әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы – Binance-тың негізін қалаушы әрі бұрынғы бас директоры Чанпэн Чжаодан бастаған жөн болар.

 Соншалық дәулетіне қарамастан басы дауға қалғаны әмбеге мәлім. Ол өзі 2022 жылы мамырда Қазақстанға келіп, президент қабылдауында болып, цифрлық қаржы, блокчейн технологиясы бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын, Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесін талқылап жүрген миллиардер еді.

Алайда кейін АҚШ-тың қаражат жылыстатуға қарсы заңдарын бұзғанын мойындап, 2023 жылдың қарашасында Binance басшысы қызметінен кетті. Ал өткен сәуір айында АҚШ соты оны төрт айға түрмеге қамауға үкім шығарды. Айыптау қорытындысы бойынша, Чанпэн Чжао қылмыскерлерге өз платформасы арқылы ақша шығаруға рұқсат берген. Қарапайым тілмен айтқанда, елден ұрлағанын жолын тауып шетелге шығарғыш біздің шенеуніктердің әрекетіндей тірлік қой.

Ал енді сондай былық біздің елде болып жатпасына кім кепіл?.. Асылы болмай-ақ қойсын. Дегенмен лицензиясыз жұмыс істеген жерде заң талабы жүретініне сенім жоқ. Заң жүрмеген жерде көлеңкелі қыруар қаражат шетел асып жатса таңғалмаймыз. Ал мыңдаған адам там-тұмдап жиған миллиондарын цифрлар әлеміне инвестициялаймын деп жүріп тақырға отырса, жағдай тіпті қиын.

Заңсыз криптобиржаларға тұсау болмай тұр

Енді сол неге тақырға отыратынына келейік. Әдетте заңмен өмір сүретін елдердегі сияқты Қазақстан нарығына кіргісі келген шетелдік компания біздің құзырлы орындардан рұқсат алуы керек. Ал елдегі криптобиржа нарығын Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) реттеп отырады. Криптовалюта «онлайн-базарын» ашқысы келгендер аталған орталықтан лицензия алуға міндетті. Осы тәртіпті сақтап, заңмен жүріп-тұратын елімізде 11 биржа бар. Заңмен жүріп-тұру деген не? Яғни олар АХҚО-ның барлық талабын орындайды, кадрларын түгендейді, криптовалюта саудасындағы кей шектеулерден аспайды, клиенттердің мәліметін, цифрлық активтерін жадында сақтайды, ол деректердің қауіпсіздігіне жауап береді, тиісті салықтарын төлейді, тағысын-тағы. Оның бәрі ресми биржаның мойнына қосымша жүк. Бұл шығындар ақыр соңында клиенттердің қалтасына түсетіндіктен, мұндай лицензиялы криптобиржаларға тіркеліп, сауда жасау әлбетте, клиенттер үшін де қымбат.

Барлығы бірдей толыққанды жұмыс істеп тұр деп айту қиын. Себебі кім-кімге де ақысы әлдеқайда аз, ал саудасы жылдам жүретін оңтайлы криптобиржаларды таңдаған жақсы. Ал мұндай оңтайлы әрі жеңіл сауда алаңы тек АХҚО-ның лицензиясын алмаған биржаларда ғана бар. Лицензиясын алмаса, демек, заңсыз деген сөз.

Дәл қазір Binance секілді жаһанға мәшһүр криптобиржалардың мобильдік қосымшалары қазақстандықтар үшін кедергісіз жұмыс істеп тұр. Заңға салса, олар АХҚО-ға бағынбайтындықтан, түгел бұғатталуы керек еді. Алайда бұларға нарық есігі ашық. Олай болған жерде клиент біткен қызмет ақысы арзан биржа іздеп, бәрі сонда ауып жатса, шара жоқ. Ресми тіркелген криптобиржалар да олармен бәсекелесіп жарытпайды.

Мұндай тәртіппен жұмыс істейтін биржалар клиенттерін тақырға отырғызбасына кім кепіл? Қазақстан аумағында жұмыс істегісі келеді екен, ендеше, ел аумағындағы криптонарықты реттеп отыратын құзырлы органға тіркеліп, рұқсатын алу керек. Әйтпесе, күмәнді биржаларға тіркелген клиенттердің жеке мәліметтері, активтері сақталып тұрады дегенге кепілдік жоқ. Одан да зоры, лицензиясыз биржаларда қандай сауда жүріп жатқанын біздің құзырлы органдар да толық бақылай алмайды. Ал ол жерлерде жемқорлар цифрлық активтер саудасын жасаған болып, жымқырған ақшасын елден шығарып жатуы әбден мүмкін.

Қос бірдей агенттіктен қайыр жоқ

Негізі Қаржылық мониторинг агенттігі елдегі қаржы нарығында осындай келеңсіздіктерге жол бермеуі керек. Агенттік не дер екен деп, бірнеше сауал жолдағанбыз. Олар «Ретке келтірілмеген немесе регламенттелмеген криптовалюта биржалары ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру бойынша үлкен қауіп тудыруы мүмкін» деумен ғана шектелді. Ендеше, ондай биржаларға қандай шара қолдану керек, әлде олар әрі қарай білгенін істей берсін бе? Ол туралы жақ ашпайды. Тек цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеумен шектелген. Сондықтан агенттікке бұл мәселеде қолынан түк келмейтінін ашықтан ашық мойындау ғана қалған сияқты.

Ал егер бұл биржалардың жұмысы тыйым салынбайтын әрекет саналса, ол алаңдарда сауда жасайтын қазақстандықтардың есепшоттары бұғатталып жатқан жоқ па? Әлемдік биржалардың жұмыс істей беруі елімізде лицензия алған биржалар алдында қаншалықты әділетті? Бұл сұрақтарға агенттіктің берер жауабы жоқ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қайда қарап отыр деп бір қоямыз. Ал агенттік «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз. Көзіңді бадырайт та отыра бер!» дегендей-ақ, бұл мәселеге бас қатырғысы жоқ сияқты.

«Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» заңның аясында жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының және қаржы нарығының өзге де субъектілерінің заң талаптарын сақтауын бақылап, қадағалайды. Ал Binance сияқты жаһандық криптобиржалар лицензиат болмағандықтан, агенттік те олардың деректерінің қызметін бақыламайды да, қадағаламайды да.

Лицензиясыз криптобиржалардың Мәдиевке не қатысы бар?..

Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі қызметінен кеткен соң мамырдың басында ғана ол орынға Жасұлан Мәдиев жайғасты. Оның алдында 2022 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін осы министрлікте бірінші вице-министр болып кеткені бар. Әлгінде АҚШ-та сотты болды деген Чанпэн Чжаоның да Қазақстанға сол жылы мамырда келгені естеріңізде болар. Ал Мәдиев артынша сол жылдың қазанынан бастап министр атанғанға дейін Binance-тың қазақстандық бөлімшесі – Binance Kazakhstan-ды басқарды.

Жалпы өзі коммерциялық ұйым өкілінің аяқасты министрлік тізгінін қолына ала салуы ойға томпақ емес пе?! Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі болғанда алғаш болып қуанғандардың бірі де сол әйгілі Binance-тың қазіргі басшысы еді. Жаһанға жариялап, жан бауырындай құшақтаған суретімен барша Binance әлеміне топтасқан клиенттер мен қызметкерлерді құттықтап, «біздің Қазақстандағы бас директорымыз» деп тұрып пост жазды.

Әлемдік компанияның өзі де осы жаңалықты жазып, ресми хабарлама таратты. Олар Мәдиевтің компания жұмысы заң тұрғысынан біраз қиындықтарға тап болған шақта министр болып жатқанына мән берген.

Тағайындалған екен, хош. Ендеше, «осы саладағы заңға қайшы әрекеттерге назар аударса нетті?» дейміз. Ақылға салса, жүгенсіз биржаларды жөнге салам деп, саланың басшысы ретінде атойлап шығатын бірінші адам осы министр болуы керек еді. Бірақ тіршілігін алаңсыз жүргізіп жатқан сол мобильді қосымшалардың әлі күнге мұрты қисайған жоқ. Ендеше, жаңа министр кімнің мүддесіне жұмыс істеп жүр?

Басқа-басқа, біздің құзырлы органдар мен тап осы Binance арасында ерекше етене байланыс орнағандай. Бұл компаниямен құзырлы органдар арасында ауыс-түйіс Мәдиевпен ғана бітпейді. Мәселен, Мәдиев министр болып кетіп еді, оның компаниядағы орынтағына отырған адам алыстан емес, сол АХҚО-ның өзінен табыла қойды. Ол сондағы қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) директорлар кеңесінің атқарушы емес мүшесі Айжан Жантаева (сайтында әлі тұр). «Атқарушы емес мүшесі» деген тіркес күмәнді естілгенімен, ерекше қызмет. Ол компанияның стратегиясына да, қаржылық жоспарына да, тіпті басшылықтың ауыс-түйісіне дейін араласатын тұлға. Демек, AFSA-да жұртқа жарияланатын да, жарияланбайтын да мәліметті біліп шыққан адам.

Оған дейін де бірқатар банкте үлкен қызмет атқарған Айжан Жұмабекқызының білікті қаржыгер екеніне күмәніміз жоқ. Бірақ бір компания мен реттеуші органдар арасында кадр алмаса бергені бізге мысалы, секем тудырады. Іскерлік ортадағы «ішкі кухня» деген түсінік осындайда айтылмайтын ба еді?!

Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға шатылған қаржыгерлер бар

Мына қызыққа да назар аударуымыз керек. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топ ұйымы бар. Солар былтыр біздің елге қатысты 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара бағалау есебін жариялады.

Сол есебінің қорытындысында Қазақстанның құзырлы органдарына, оның ішінде АХҚО-ға да бірқатар ескерту мен ұсыныс береді.

Мәселен, терроризмді қаржыландыруда банк карталары қолданылып отырғанын, дегенмен цифрлық активтер арқылы да қаржыландырылуы мүмкін екеніне назар аудартады. Тіпті жүргізілген зерттеу есебінде елдегі қаржыгерлер ортасында терроризмді қаржыландыру ісіне шатылған нақты тұлғалар тізімі туралы ақпарат бар екенін жазған. Сондықтан виртуалды активтер мәселесі әлі түйіні шешілмеген күйінде тұр.

АХҚО қарамағына кірмейтін биржаларда алаяқтар криптовалюта мен басқа да виртуалды активтер саудасын жасаған болып, елден заңсыз жолмен ақша шығаруы мүмкін екеніне меңзеген. Сондықтан АХҚО-ға кірмейтін биржаларға қатысты нормативтік, әдістемелік тетіктерді құрастыру керек деп ұсыныс береді.

Оған қоса, АХҚО-ға тағы бір ескертуі бар. Цифрлық активтерді пайдалану тәуекелдері мен АХҚО қарамағына кірмейтін провайдерлердің қызметі азырақ талданғанын, ондағы анықталған тәуекелдерді азайту шаралары жеткіліксіз екенін жазған.

Бекбол Амангелді