Заңсыз мопедтерді заңдастыру: әділетсіздік пе, әлсіздік пе?

Қазақстандағы көлік тіркеу және кедендік салық мәселесі соңғы жылдары қызу талқыланып жатыр.
Әсіресе шетелден заңсыз кірген көліктерді кейін заңдастыру тәжірибесі көптеген заңды кәсіпкерлер мен адал салық төлеушілер үшін әділетсіздік тудырып отыр. Бұл құбылыс мемлекетке де, бизнеске де зиян келтіретінін ескере отырып, мәселені жан-жақты қарастыру қажет.
Біз 2017 жылдан бері осы мотоцикл бизнесімен айналысып келеміз. Біз – Қазақстанның мотоцикл нарығына алғашқылардың бірі болып кірген компаниялардың біріміз. Кәсібімізді бастаған алғашқы күннен бері мотоциклдерді шекарадан заңды жолмен кіргізіп, кедендік баж салығын төлеп, мемлекеттік тіркеуге қажетті барлық құжаттарын рәсімдеп, сатылымға шығарып келеміз.
Осы жылдар ішінде нарықта үлкен бәсекелестікке тап болдық. Әділ бәсекелестік болса өкініш жоқ қой, шекарадан заңсыз жолмен елге кірген, ешқандай құжаты жоқ мотоциклдердің базарда еркін сатылуы нарықтық бәсекелестіктің орнауына кедергі келтіріп отыр. Заңсыз жолмен кірген мотоциклдер салық төлемегендіктен, олардың бағасы әлбетте шекарадан заңды кірген мотоциклден арзан болады. Соның салдарынан Қазақстандағы мотоцикл нарығы дамып келе жатқанына қарамастан, әділ бәсекелестік орнады деп айта алмаймыз. Олардың бағасы төмен болғандықтан, заңды кәсіпкерлер тұтынушыларын жоғалтуда.
Бұл жағдайға мемлекеттік органдар тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданылған жоқ.
2024 жылдан бастап мопедтерді тіркеу туралы заң күшіне енді. Алайда оның орындалу тетіктері мынадай сұрақтар туындатып отыр:
· Тіркеуге қойылған көліктің заңды немесе заңсыз кіргені тексерілмейді;
· Сәйкестендіру нөмірі (VIN-коды) жоқ көліктердің тіркелуі заң талаптарына қайшы;
· Тіркеу кезінде кедендік декларация талап етілмейді, бұл заңсыз техникалардың көбеюіне алып келеді;
Бұл жағдай заңды кәсіпкерлер мен адал салық төлеушілердің құқығына нұқсан келтіреді. Себебі заңды түрде көлік әкелетін кәсіпкерлер:
· 12% ҚҚС;
· 14% кедендік баж салығын;
· табыс салығын төлейді.
Бұған қоса, құжаттарды рәсімдеуге кететін шығындар қосымша ауыртпалық түсіреді. Ал заңсыз мотоцикл саудасымен айналысатындар бұл салықтардың ешқайсысын төлемейді. Олардың шекарадан заңсыз кірген мотоцикл және мопедтерін мемлекеттік тіркеуге алуы қаншалықты әділетті? Бұл шағын кәсіпкерлікті адал жүргізіп, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпкерлердің құқын аяққа таптау емес пе?!
Егер заңсыз мотоциклдердің елімізге кіруі тоқтамаса, бұл кедендік бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Қара базарда еш кедергісіз сатылып жатқан техникалар мемлекеттік органдар тарапынан тиісті деңгейде бақылауға алынбағанын айғақтайды. Егер кедендік және құқық қорғау органдары қатаң қадағалау жүргізсе, заңсыз көліктердің сатылуына жол берілмес еді. Бұл жүйенің осалдығы және кедендік бақылаудың әлсіздігі.
Жыл сайын елге шет мемлекеттерден кіретін мотоцикл саны артып келеді, бұл сұраныстың өскенін көрсетеді. 2024 жылғы бейресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанға 100 000-нан астам мотоцикл әкелінген. Алайда олардың қаншасы заңды кедендік рәсімдеуден өтіп, салық төлегені белгісіз. Егер барлық 100 000 мотоцикл толық салық төлеген жағдайда, орташа есеппен әр мотоцикл құнын 400 доллар деп алсақ, оның ішінде 12% – ҚҚС (НДС), 14% – кедендік баж салығы, яғни әр мотоцикл үшін 96 доллар салық төленуі тиіс. Осы есепке сүйенсек, бюджетке түсуі тиіс сома шамамен 9 600 000 доллар немесе 4 800 000 000 теңге болар еді. Алайда құжатсыз тіркеу мәселесі бюджетке түсуге тиіс осындай ауқымды қаражаттың жолын кесіп отыр. Осындай жағдай заңды кәсіпкерлердің құқығын таптап, оларды мемлекетке адал салық төлеуге ынталандырмайды, керісінше, заңсыз сауданың пайдасы көбірек деген көзқарасқа жетелейді. Көлеңкелі бизнес дегеніңіз, оның ШОБ-қа ғана емес, мемлекетке де тигізер зияны дегеніңіз осы.
Қайталап айтам, бұл мәселе Қазақстандағы барлық адал салық төлеушілер мен кәсіпкерлерге әсер етеді. Егер мемлекет жағдайды бақылауға алмаса, заңсыз көліктердің көбеюі жалғаса береді, ал заңды кәсіпкерлер үлкен қаржылық шығынға ұшырайды. Бұл экономикалық теңсіздікке, салық түсімдерінің азаюына және мемлекетке деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан көлік тіркеу және салық салу саласындағы әділетсіздікті жою үшін кешенді шаралар қабылдау қажет.
Автокөлік пен мотоцикл тең бе?
Мотоцикл нарығындағы кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір мәселе – автокөліктер мен мотоциклдер бірдей көлік құралы ретінде қарастырылып, оларға теңдей құжаттық талаптар қойылуда. Алайда олардың бағасы мен қолдану мақсаты әртүрлі:
· Қазақстанда автокөліктің орташа бағасы 7-10 миллион теңге, ал шаруашылыққа арналған мотоциклдер 400-700 мың теңге аралығында.
· Құны бірнеше есе арзан мотоциклдерден автокөлікпен бірдей құн талап етіледі.
Жыл сайын құжат талаптары өзгеріп, бизнес жүргізуді қиындата береді. Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша кедергілер туғызып, көлеңкелі нарықтың дамуына ықпал етеді.
Заңсыз көліктерді заңдастыру тәжірибесін тоқтатып, барлық көліктерге теңдей талап қойылуы тиіс. Шетелден заңсыз кірген көліктерге жеңілдік жасау әділетсіз. Бір рет заңсыз кірген көліктерді заңдастырса, бұл тәжірибе халық арасында норма ретінде қалыптасады. Қазірдің өзінде шекарадан заңсыз көлік өткізу кең таралған құбылысқа айналды.
Кәсіпкер ретінде аздаған ұсыныс:
1. Заңсыз көліктерді заңдастыру тәжірибесін тоқтату – барлық көліктерге теңдей талап қойылуы тиіс. Шетелден заңсыз кірген көліктерге жеңілдік жасау әділетсіз;
2. Кедендік бақылауды күшейту – шекарадан мотоциклдердің қандай жолмен өтіп жатқанын қатаң бақылау қажет;
3. Мотоциклдерді тіркеу кезінде құжаттарды қатаң тексеру – барлық көлік құралдарына кедендік декларация және сәйкестендіру құжаттары талап етілуі тиіс;
4. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – мемлекет заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау туралы көп айтады ғой, соны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде көре алмай отырмыз. Әділ бәсекелестік орнау үшін қазір тіркеуге алып жатқан құжатсыз мопедтердің кедендік салығы сатып алған адамға немесе сатқан кәсіпкерге жүктелуі тиіс;
5. Мотоцикл мен автокөлікке қойылатын талаптарды қайта қарау – олардың бағасы мен қолдану мақсаты әртүрлі болғандықтан, бірдей талап қою әділетсіз. Мотоциклдерге Электрондық паспорт (ЭПТС) талап етуді қайта қарау қажет. Қайта оларды тіркеу жолын жеңілдетейік. Өйткені олар шекара асып, ТМД-ны араламайды!
Қазақстан – өндірістік мемлекет емес, сондықтан біз, қалай болғанда да, импорттық көліктерге тәуелдіміз. Әрине, отандық өнім шығаруға деген ниетіміз де, құлшынысымыз да бар. Бірақ Орталық Азия нарығының ерекшеліктерін ескерсек, кейбір жағдайлары Қытай зауыттарының өнімдері барлық шығындарын қосқанның өзінде отандық өндірістен арзанға түседі. Егер мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп, жеңілдіктер жасалмаса, мотоцикл өндіру біз үшін тиімсіз болып қала береді.
Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдаймыз дейді, алғышарттары да жоқ емес, дегенмен сең енді ғана қозғала бастағанда заң мың құбылып, кедергілердің алдыңнан шыға беретіні қынжылтады. Сонымен қатар Қытайдан және басқа да шет мемлекеттерден импорт жасайтын кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерден тыс қалып жатыр. Себебі жеңілдіктер тек елдегі шағын бизнеске немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден өнім алатын кәсіпкерлерге ғана арналған.
Заңсыз импортпен күресті күшейту қажет, мемлекеттік органдар тарапынан нақты бақылау орнауы тиіс. Импорттық көлік құралдарын заңдастыру мен салық төлеу тәртібін қатаңдату керек. Егер осы мәселелер шешімін тапса, Қазақстандағы мотоцикл нарығы заңды, әділ әрі бәсекеге қабілетті болар еді.
Нұрдәулет НҰРӘДІЛ,
жеке кәсіпкер