Запорожье АЭС-інде болған өртке Мәскеу мен Киев бірін-бірі айыптады
Запорожье АЭС-інде нысанның ядролық қауіпсіздігін бұзбаған өрт шықты. Мәскеу мен Киев өртке бірін-бірі айыптады.
Ресейдің бақылауындағы Запорожье атом электр станциясында ірі өрт шықты. Оқиға орнынан видеоны Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында жариялады. Мәскеу мен Киев өртке бірін-бірі кінәлап, радиациялық фон қалыпты күйде екенін түсіндірді.
Ресей тарапы АЭС орналасқан Энергодарды Украина армиясының атқылауы кезінде стансадағы салқындату жүйесінің нысаны өртенді деп мәлімдейді. Ал, Киев өрт Ресей Федерациясы басып алған АЭС қызметкерлерінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан орын алды деп есептейді.
МАГАТЭ өрт нысанның ядролық қауіпсіздігіне әсер етпегенін растап, апатты тудыру қаупімен атом электр станцияларына шабуыл жасауды тоқтатуға шақырды.
1981 жылы салынған Запорожье атом электр станциясы Еуропадағы ең ірі станция. Аймақта соғыс жағдайында оның реакторлары жабылған.