Іздеудегі Нығматулиннің бизнестері мен рейдерлік ісі

2025 жылдың 3 наурызында ағайынды Нығматулиндердің үлкені – Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат пайда болды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі порталдың мәліметінше, Арғын Нығматулинді іздеу ісі Астана прокуратурасының бастамасымен тіркелген. Кейіннен Бас прокуратура Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Арғын Нығматулин мен басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.
Нығматулинге не үшін іздеу жарияланды?
Былтыр маусым айында ұзақ жылдар Арғын Нығматулиннің басқаруында болған «Сарыарқа» хоккей клубын мемлекет өз меншігіне алған еді. Сол кезде клуб 900 млн теңгеге бағаланған. Кейіннен прокуратура мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын тексеріп жатқанын мәлімдеген болатын. А.Нығматулинге іздеу осы клубтың аясындағы істерге қатысты жарияланған болуы мүмкін. Бұдан бөлек, «Большой клан» атанып «ақша жымқырды, рейдерлікпен айналысты» делінген Нығматулиндерге қарсы іс Қаңтар оқиғасынан кейін үдеп кетті.Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратпен қатар Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің мүлкін сатып, шетелге қашып кеткендігі туралы да мәлімет тарады. Қазір олардың қайда жүргені белгісіз. Тіпті былтыр Нұрлан Нығматулин экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болатқа арнап ас берген кезде де бой көрсеткен жоқ. Былтырға дейін Нығматулиндерге қатысты іс біраз тыншығандай болып еді, бірақ олар иелік ететін YDD корпорациясының Қарағанды ферроқорытпа зауытында апат болып, 4 жұмысшы көз жұмғасын Нығматулиндер айналасындағы шу қайтадан көтеріле бастады. Тіпті бірнеше кәсіпкер «Нығматулиндер бизнесімізді тартып алды» деп ашық мәлімдеме жасады.

Нығматулиндердің рейдерлік ісі
Ағайынды Нығматулиндер Назарбаев президент болып тұрған кезде дәуірледі. Себебі Нұрлан Нығматулин – Қазақстандағы ықпалды саяси тұлғалардың бірі, экс-президенттің сенімді серігі болды. Ол түрлі жоғары лауазымды қызметтерді атқарды, оның ішінде Қарағанды қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары және мәжіліс төрағасы қызметтері бар. Оның егізі Ерлан Нығматулин де бірнеше рет мәжіліс депутаты болып сайланып, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды. Ағайындылар мемлекеттік қызметте жүріп, үлкен ықпалға ие болды. Қарағанды облысында әмірі жүріп тұрды. Тек 2022 жылғы қаңтар бәрін өзгертті. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Көп ұзамай, оның рейдерлік әрекеттерге қатысы бар-жоғы талқылана бастады. Бұрынғы ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев Нығматулиннің жаппай тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, алайда Бас прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын хабарлады. Бұл істерде Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің үлкен ағасы Арғын Нығматулиннің де аты аталып қалып жатты.
Жалпы Нығматулиндердің үлкені де бірнеше лауазымды қызмет атқарған. Екі рет бұрынғы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Оның іздеуде болуы Нығматулиндер кланына қатысты рейдерлік әрекеттер мен заңсыз схемаларға қатысты күдіктерді күшейте түсті. 2 жыл бұрын антикор ағайынды Нығматулиндерге қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Осыдан кейін бірнеше кәсіпкер олардың рейдерлік шабуылдары туралы мәлімдеме жасады. Алдымен Балқаш кәсіпкері Қуат Сұлтанбеков өзінің 21 жылға қамалуын Нығматулиндердің бизнесін рейдерлік жолмен тартып алуымен байланыстырды. Сұлтанбековпен қатар Балқаш көліндегі «Океан» қонақүй кешенінің иесі Алексей Лукьянченко 2024 жылы Нығматулиндер тарапынан әлі күнге дейін рейдерлік қысым көріп жүргенін айтты. Ол қонақүйін 2015 жылы 150 млн теңгеге салған, алайда кейіннен түрлі қысымдар мен айыппұлдар салу арқылы ғимаратты Нығматулиндер тартып алғанын айтты. Дәл осындай мәлімдемені тағы бір кәсіпкер Талғат Ақуов та мәлімдеді. Ол да Сұлтанбеков сынды 6 жыл 8 ай түрмеде отырған. Өзінің қудалануын Нығматулиндердің рейдерлік әрекеттерімен байланыстырды. 2024 жылдың басында да кәсіпкер президент Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, бизнесін тартып алған Нұрлан, Ерлан және Арғын Нығматулиндер үстінен қылмыстық істің қозғалуын бақылауға алуын сұрады. Оның айтуынша, ағайынды Нығматулиндер «Тасбұлақ» демалыс үйін тартып алу үшін банк құрылымдарын пайдаланып, оны несиені төлеу мүмкіндігінен айырған. Ақуов кейіннен Нығматулиндердің бизнесті тартып алу схемасы туралы да айтып берді.
«Жас Алаш» былтыр шілдедегі санында «Апат пен Арыз. Ағайынды Нығматулиндер көзге түспейін-ақ дейді...» мақаласында ағайынды Нығматулиндердің рейдерлік ісі туралы көлемді зерттеу жариялаған.

Арғын Нығматулиннің бизнесі
Арғын Нығматулиннің бизнесі туралы айтқанда алдымен оның ұзақ жылдар бойы «Сарыарқа» хоккей клубын, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының Қарағанды облыстық филиалын басқарғанын, сонымен қатар Қазақстан хоккей федерациясының негізін қалаушыларының бірі болғанын атап өткен жөн. Сондықтан оның бизнесін осы хоккейден бастайық.
«Қазақстанның хоккей федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі 1992 жылғы 26 ақпанда тіркелген. Директоры – Сәкен Мұсайбеков. Құрылтай құрамында 10 адам бар, соның бірі – Арғын Нығматулин.
Бірлестіктің былтырғы қаржы айналымы 4,2 млрд теңге, төлеген салығы 80 млн теңгеден асады. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ. Федерацияның еліміздің әр өңірінде филиалы бар. Бірақ олардың қаржы айналымы, салығы туралы мәлімет кездеспейді. 2016 жылдан бері 600 миллионға жуық қаржыны мемлекет қазынасына аударған.

«Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС
Қарағанды хоккей клубының негізі 2006 жылы қаланған. 2006-2018 жылдар аралығында оны Нығматулин басқарды. Қазіргі құрылтайшысы «Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып саналады. Бірақ былтырға дейін ол жеке мүлік саналды.
Үлкен Нығматулин басқарған клубтың 2018 жылғы қаржы айналымы 20,4 млрд теңге болған. Ол клубтан кеткен жылдан бастап ақшасы азая бастаған. Мысалы, 2019 жылы 17 млрд теңгеге түссе, мемлекет меншігіне өткен уақыт – былтырғы қаржысы 12,6 млрд-тың айналасында болған. Клуб әр жылдары мемлекеттен тендер алып отырған. Осы уақытқа дейінгі келісімшарттарының саны – 175. Оның 35-ін тікелей бір көзден алған. 2017-2018 жылдары А.Нығматулин басқарған жылдардағы келісімшарттар арасында 40-50 млн теңгелік бірнеше тендер кездеседі.
Осы жерде айта кетейік, Арғын Нығматулиннің атына қазір ресми үш компания ғана тіркелген. Оның бірі «Қазақстанның хоккей федерациясы» туралы жаздық. Енді қалған екеуіне де тоқталып өтейік.
ITECcoKazakhstan («ИТЕКко Казахстан») компаниясы елімізде 2010 жылы тіркелген. Директоры – Зарина Тілеубаева. Құрылтайшысы осы іздеу салынып жатқан Нығматулин. Қонақүй бизнесімен айналысқан компанияның қазіргі жағдайы белгісіз. 2021 жылғы қаржысы 600 млн теңгеден асқан. Ал арада бір жыл өткесін ақшасы күрт 27 млн теңгеге дейін азайып қалған. Кейінгі үш жылдағы қаржылық жағдайы белгісіз. Ақшасы, салығы, келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

Ал екінші компаниясы NBN Inc. деп аталады. 2018 жылы тіркелген ЖШС-ның директоры Майра Исаева. Оны Арғын Нығматулин 27 жастағы қызы Әминамен бірге басқарады. Жекеменшікті жалға алу және басқарумен айналысатын компанияның былтырғы қаржысы 1,8 млрд теңге, төлеген салығы 35 млн теңгеден асады. Алайда бұл компанияның құлдыраған шағы. Қаңтар оқиғасы болған жылы кәсіпорынның қаржылық жағдайы 4 млрд-қа жуық болған. ЖШС әр жылдары ірі сомада мемлекеттен тендер алып отырған. Мысалы, 2019 жылдан бері Қарағанды облысы дене тәрбиесі және спорт басқармасынан алған келісімшарттарының саны – 8. Оның әрқайсысы 16-195 млн теңгеден болып келеді. 2022 жылы аймақтың спорт басқармасынан жалпы төрт тендерді 764,9 млн теңгеге алған. Осылайша, 2019 жылдан бергі алған тендерлерінің сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды.
Арғын Нығматулиннің отбасына қатысы бар компаниялар
Әрине, Арғын Нығматулиннің бизнесі мұнымен бітіп қалмайды. Оның туыстарының атында да бірнеше бизнес тіркелген. Мысалы, жұбайы Найле Негдатқызының қонақүй қызметімен айналысатын жеке кәсібі бар. Бірақ оның кейінгі уақыттағы тағдыры белгісіз. Ал 2016 жылдары қаржысы 2 млрд теңгеге жуық болған.
Найле Негдатқызы ақылы немесе келісімшарт негізінде мүлікті басқаратын «Алмалы Горная 103 Б» компаниясының да құрылтайшысы болған. Оның құрылтай құрамында Ерлан Нығматулиннің жұбайы Бақыт Серікбаева және Болат Назарбаевтың көмекшісі, рейдерлік іс бойынша сотталған Елдос Қоспаев та бар еді. Қазір аталған кәсіпорын жабылып қалған.
Арғын Нығматулиннің қызы Әмина Арғынқызы Future Generation ЖШС құрылтайшысы. Компанияның негізі 2003 жылы қаланған. Компания қонақүй бизнесімен және спорт нысандарын пайдаланумен айналысады. Директоры – Зарина Тілеубаева. Былтырғы қаржы айналымы 340 млн теңге, төлеген салығы 7 млн теңгеге жуық. Алайда кәсіпорынның қаржысы 2019 жылдары 1,5 млрд теңгеге жуық болған. Компания мемлекеттен тендер алып тұрады. 2016 жылдан бері алған келісімшарттарының саны – 16. Оның жалпы сомасы 200 млн теңгеге жуықтайды.
Арғын Нығматулиннің отбасына қатысы бар кәсіпорындар арасында Media NED компаниясы да бар. Аталған кәсіпорын риэлторлық қызмет көрсетеді. Оның құрылтайшысы Юрий Алексеевич Кобыляцкий. Интернеттегі ашық дереккөздерге сенсек, оның ұлы Арғын Нығматулиннің тұңғышы Мархабаттың күйеуі. Тағы бір деректерде Мархабат мерзімді басылымдарды жарнамалаумен және басып шығарумен айналысатын «Эксперт-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушысы делінген. Жалпы Арғын Нығматулиннің құдасы Кобыляцкийлер жарнама бизнесімен айналысады.
Бұдан бөлек, былтыр «Азаттық Радиосы» «Дубайдағы Қазақстан» зерттеуінде Найле Белбаеваның Дубайдағы BAHAR кешеніндегі 70 шаршы метрлік, 170 млн теңге тұратын пәтері барын жазды.
P.S. Қаңтар оқиғасынан кейін ағайынды Нығматулиндер ұсталады деген сыбыс жиі айтылып жүрді. Кейіннен «олар «Жаңа Қазақстанмен» келісімге келеді-міс» деген де қауесет тарады. Бірақ бірнеше жыл өтсе де, Нығматулиндер рейдерлік жасаған Сатыбалды сияқты қамалмады немесе Боранбаев пен Құлыбаевтар сынды байлығының бір бөлігін жаңа билікке өткізбеді. Ал Арғын Нығматулинге іздеу жариялануы осы келісімдерге жасалған тағы бір қадам болса керек.
Тұрсынбек БАШАР