Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:27, 02 Қыркүйек 2022

Зейнетақы емес, «БЕЙНЕТАҚЫ»

None
None

   қариясына қайыр сұратқан үкімет оңа ма?

Өткен аптада үкімет 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті бекітті. Соған сәйкес, келер жылдан ең төменгі жалақы ешқандай өзгеріссіз  60 000 теңгенің көлемінде қалады. Ал ең төменгі зейнетақы қазіргі 48 032 теңгеден 53 076 теңгеге өседі. Сөйтіп, үкімет мардымсыз зейнетақы алатын зейнеткерлерге бес мың теңге үстеме қосып, бір «жарылқайтын» болды.  

   Алайда, үкіметтің зейнетақы төлемдерін 10,5 пайызға индекстеуін сарапшылар құптамады. Сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазіргі қымбатшылықпен зейнетақыға келер жылы, кем дегенде, 25  пайыздық үстеме қосылуы керек-тін. Бірақ халыққа келгенде, жұмған алақанын ашпайтын атқарушы билік бұл жолы да сол әдетіне басты.  «Әйтеуір аш қалмасын» деп тауыққа там-тұмдап тары шашқандай етті.

   Ақиқатын айтсақ, зейнетақысының қызығын көрмей отырған қариялардың көпшілігі біздің елде. Үкімет зейнетақы төлемдерін арттыруға келгенде, өте сараң. Халықтың жиған зейнетақы жинағын да қолына тигізбейтін амалдарды ақыры, жасап тынды. Зейнет жасын төмендету туралы мәселе көтерсек те қос қолын төбесіне қойып шыға келеді. Бұған қатысты халықаралық сарапшылар «қарттар зейнетке шыққан соң, кемінде, 20 жыл қамсыз өмір сүруі керек», деп есептейді.

Мысалы, француз азаматтары зейнетке, орташа есеппен, 62 жаста шығады. Оларда орташа өмір сүру ұзақтығы – 83 жыл. Яғни Францияда  зейнетке шыққан адам, шамамен,  жиырма жылдай өмір сүре алады деген сөз. Арасында 100 жастан асқаны да бар. Демек, Францияда зейнетке шығу жасы нормативке сай. Ал Қазақстанда өмір сүру жасының орташа ұзақтығы – 73 жыл. Енді есептеп көрсек, біздің елде қарттар зейнетке шыққан соң, жиырма жыл өмір сүре ала ма, жоқ па деген сауал өзінен-өзі туындайды.

Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, зейнетке шығу жасы осылай есептелуі керек. Қазір әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қайта-қайта көтеруі орынды, дейді маман.

 Жақсы, Францияны армандап не қыламыз делік. Өзге елдердің де зейнетақы төлеу, зейнет жасын төмендету тәрізді тәжірибелеріне назар аударып көрдік. Мысалы, Жапонияның қарттары біздің теңгемен шаққанда, 1 268 400  теңге зейнетақы алады екен. Зейнетке 58 жастан шығады. Канадада жоғары зейнетақы көлемі 1 647 000  теңге болса, ең төменгі зейнетақы  503 200 теңге.  Ал біздің шенеуніктер қарттарымызға 53 000 мың теңге төлеп мәз.   

  Жалпы, бүгінде елімізде 2 млн 246 мың қарт бар. Оларға төленетін зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 105 189 теңгені құрайды. Осындайда өздеріне шімірікпестен, миллиардтап сыйақы тағайындап алатын шенеуніктер мен ұлттық компания басшыларының ұятының оянбайтыны еріксіз қынжылтады.

Мысалы, өткен жылы «ҚазАтомөнеркәсіп» АҚ басшылары 9 адамға 1 миллиард 58 миллион теңге сыйақы тағайындады, деп бір шуладық. «Qazaqgaz» компаниясы 11 адамға 529 миллион теңге төлеген деп бір туладық. Ең қызығы, халыққа қызмет көрсетуі мүлдем сын көтермейтін «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы 8 қызметкеріне 391 миллион теңге сомасында сыйақы бергенін естіп тағы таңдандық. Бұған министрлердің, депутаттардың, әкімдердің айына қанша миллиондап жалақы алатынын қоссақ, тіптен, түңіліп кетеміз.  

  Міне, олар осылай шалқып тасып, бюджеттің қаражатын оңды-солды шашып өмір сүріп жүргенде, біздің қарияларымыз қалт-құлт етіп өлместің күнін кешіп жүр. Тіпті, қарттарымыздың арасында қайыр сұрап, көшеде елге алақан жайып отыратындар да бар. Зейнетақысын не дәрі-дәрмекке, не коммуналдық төлемге жеткізе алмай, қарызға батып жүргендері де жетерлік. Экономист-сарапшылар: «ең төмені зейнетақы деп бекітілген 53 000 теңгені қазіргідей, қымбатшылықта шындап келгенде, 10 күнге ғана жеткізуге болады. Бұл зейнетақы емес, бейнетақы», – деседі.

Расымен, алған зейнетақысы он күнге ғана жетсе, қалған жиырма күнде зейнеткерлер көшеде алақан жайып күн көрмегенде, қайтеді?! Мұндайда еріксіз «қариясына қайыр сұратқан үкімет оңа ма?» деп қынжыласың. Басқаны қайдам, бізге нақ қазір зейнетақы саласының жұмысын сауатты үйлестіретін топ менеджерлер легі жетіспей тұр. Зейнетақы жүйесін реформалаушылар өздері қартаймайтындай көріне ме, қайдам, әйтеуір,  қарияларымыздың қарттығын қамсыз етуге асығар емес.  Бүгінде зейнетақы жүйесіне, зейнетақы қорына қатысты елдің көкейінде күдік көп. Ал болашақта үкімет ол күдікті сейілте ме, жоқ па, оны да уақыт таразысына салуға тура келіп тұр...

Тегтер: