Зейнетақы шегі: халықтың мұң-шері
![None](/static/img/image.jpg)
Несін жасырамыз, «қартайғанда, қарттығымызды қамсыздандырады, бейнетіміздің зейнетін көрсетеді», деген еліміздің зейнетақы қоры бүгінде маңдай-тердің соры болды.
Басқаны қайдам, соңғы бес жылда зейнетақы қорына қатысты халықтың күдік-күмәні тым қоюланып кетті. Қордағы қаражаттың құнсыздануы, оны индекстеуге келгенде, үкіметтің сараңдығы бүгінде кім-кімді болсын, ойландырмай қоймайды. Тіпті көптің көкейінде «уақыты келгенде, қордағы қаражаттың қызығын да көре алмайтын тәріздіміз», деген ойлар да баршылық.
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың зейнетақы қорына жинаған қаражатының белгілі бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру туралы идеясы көңілімізге сәл-пәл үміт ұялатты. Бірақ биыл жыл басынан бастап, зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі артатыны айтыла бастады. Осыған орай, үкімет 1 сәуірден зейнетақы шегін өсірді. Мұның соңы, халықтың мұң-шерін одан әрі еселейтіні анық.
Жалпы, зейнетақы шегін пайдалану қолданысқа енгелі бері, елімізде 606 мың адам бұл мүмкіндікті пайдаланыпты. Азаматтар баспана мәселесін шешуге, емделуге қордан 2,2 триллион теңге алды. Үкімет алдағы уақытта мұндай соманы халыққа беруді көпсінді ме, бұл жолы 2020 жылғы тағайындалған жеткілікті шекті екі есеге көтере қойды. Енді зейнетақы шегін пайдалану үшін 21 жаста – 3,2 миллион теңге, 22 жаста – 3,3 миллион теңге, 30 жаста – 4,4 миллион теңге, 40 жаста – 5,8 миллион теңге, 50 жаста – 7,4 миллион теңге қорда болуы керек.
Жеткілікті шекті бұлайша көтеру қаншалықты ақылға қонымды?! Бұл онсыз да қалжырап, қымбатшылық бір жағынан, жалақының жетпейтіні екінші жағынан, алқымдап жүрсе де «зейнетақы шегіне әне-міне, жетемін, баспана аламын», деп тырмысып жүрген талайлардың үмітін сөндіретін әрекет емес пе?! Ең қызығы, еңбекке енді араласқан, не болмаса, араласатын 21 жастағы азаматтың зейнетақы қорында 3,2 млн теңге қаражат қайдан болсын?! Ол әке-көкесінің арқасында, шалқып күліп, шырт түкіріп, ірі холдингтер мен ұлттық компанияларды басқаратын бір шенді-шекпендінің, бай-манаптың баласы болса, бір жөн. Қазір еліміздің қарапайым отбасынан шыққан 21 жастағы қазақ жігіттерінің біразы «екі қолға бір күрек таба алмай», базарда арба айдап, жалданып, не болмаса, сылақ сылап, қара жұмысқа жегіліп жүр емес пе?! Шамасы, үкіметтегілер «қарапайым халықтың арасында ең төменгі жалақыдан да төмен жалақы алатындары бар», деген президент Тоқаевтың сөзін құлаққа қыстырмаған да сыңайлы.
Президент демекші, зейнетақы жинағын пайдалану туралы идеяны ең алғаш үкіметке мемлекет басшысы ұсынғанын біз жоғарыда айттық. Сонда зейнетақы жинағының жеткілікті шегін арттыру нақ осы президент идеясының беделін түсірмей ме?! Тым құрығында, осы жағын ойласа, үкімет бұл идеяны үкілеп отырып, халыққа жағымды көзқарас қалыптастыруы керек емес пе?!
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, зейнетақы жинағының жеткілікті шегін арттыру мерзімін тағы кейінге шегеру керек. Мәжілісмен «бұл қадамды, кем дегенде, осы жылдың аяғына дейін қалдырып, кейбір пайдалану шарттарын қайта қарау керек», деп есептейді. Депутаттың сөзінше, расымен де зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру – мемлекет басшысының идеясы. Оның шегін екі есеге ұлғайту – іс жүзінде президент идеясының беделін түсіреді. Осы ретте, депутат жинақталған қаражатының бір бөлігін алғысы келіп, жанталасқан халықтың көп екенін ескеріп, зейнетақы жинағын тағы басқа мақсатта пайдалануға жол ашуды ұсынып отыр.
Жамалов осылай дегенімен, өзгелері үнсіз. Осындайда амалсыз, үкіметке сөзін өткізе алатын, қызыл кеңірдек болып, айтысып жүріп, айтқанын істететін халық қалаулыларының жоқтығына күйіп кетесің. Мәселен, жуырда Түркия ұлттық мәжілісінің депутаттары еңбекақыға теңестірілген зейнетақы коэффициентін түсірмеуді, халықтың зейнетке шығу жасын көтермеуді үкіметінен талап ете алды. Осының нәтижесінде, қазір Түркия әлем бойынша ең жоғары зейнетақы төлейтін елдердің қатарында тұр. Түркияда ерлер – 60, әйелдер 58 жасынан зейнетке шығуды жалғастыра беретін болды.
Өкінішке қарай, бізге, әзірге, мұндай «бақыт» бұйырмай тұр. Зейнет жасын төмендетуді халық қанша жан-тәнімен қалағанымен, үкіметтің аталмыш ұсынысқа құлақ асар түрі көрінбейді. Зейнет жасын төмендетуді сұрап, қаншама аналар наразылыққа да шықты. Мамин үкіметінің тұсында үкімет үйінің қасына барып, билікті диалогқа шақырған, тіпті, министрлікте түнеуге дейін барған бірқатар қарсылық шаралары да болды. Бірақ бұған назар аударған үкімет жоқ. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» демекші, үкіметте табатын табысы мол топ-менеджерлер отыр. Ақиқатында, олар зейнетке ерте шыққысы да келмейді. Біздің министрлер мен депутаттарға және басқа да үкімет мүшелеріне зейнет жасының ұлғайғаны тиімді десе де болады. Өйткені олар құрметті демалысқа өздері отырған креслоның қызығына әбден қанып барып, шыққысы келетіні даусыз. Бірақ осы тұрғыда үкімет мүшелері халықтың жайын бір ойлап, қазақ әйелдерінің дені Қарағұсова сияқты қалада туып, министр, одан қала берді, бірнеше жыл депутат болып отырмағанын, ал қазақ жігіттерінің Мәди Ахметов сияқты 25 жасынан мәжіліске қонжия қалмағанын ескеруі қажет. Адам капиталын дамытуды ойласақ, біз мұғалімдерді есінен алжасқанша, білім беруге мәжбүрлеп, дәрігерге қолы қалтырағанша, адам емдеуді жүктемеуіміз керек. Ал балеринаның алпысты алқымдағанша, билеп жүргенінің несі қызық?!
Тақырыпқа тұздық:
Кедейміз, бірақ реформаға баймыз…
Негізінен, біздің тиісті орындар елдегі кедейшілік мөлшері 4,5 пайыздан аспайды, деген ресми дерек таратады. Бірақ Дүниежүзілік банктің есебінше, алдағы уақытта Қазақстандағы кедейшілік шегі 12 пайыздан да асып кетуі мүмкін. Жалпы, БҰҰ-ның есебінше, күніне 5,5 доллардан төмен табыс табатын адам – кедей болып саналады. Егер мұны теңгеге шағып, көбейтетін болсақ, айына, шамамен, 70 мың теңгеден төмен табысы бар адамдар кедей деп танылуы керек. Бірақ Қазақстанда бұдан да аз нәпақа тауып, ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгені де талғажау етіп жүргендер баршылық. Болашақта осы табысы төмен елдің зейнетақысы қалай есептелмек?! Бұл жағына да бас қатырып, зейнетақыны есептеу коэффициентін жетілдіретін кезең де әлдеқашан келген. Нақ осы мәселені шешу үшін Өзбекстанда 2020 жылы Экономикалық даму және кедейлікпен күрес министрлігі құрылды. Қытай сегіз жылда кедейлікпен күресу үшін 246 млрд доллар қаржысын жұмсапты. Ал біздің әлеуметтік жағдайды дамытуы тиіс ведомстволар керісінше, кедейшілікті жасырып, жабуға бейім. Бүгінде төлеп отырған зейнетақымыздың өзі «қарттарымызды толыққанды қамтамасыз етіп отыр», деп те айта алмаймыз. Ендеше, әншейінде үкіметке оңды-солды реформа ұсынғыш министрлер зейнетақы саласына қатысты бір тұщымды жаңашылдықтарын ұсынса, қанекей.
Білеміз, жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарттардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда қарт адамдардың зияткерлік және өндірістік тәжірибе иесі ретінде қоғамда сұранысқа ие болуына бағытталған шаралар қарастырылған. Бұл Ұлттық жоспарды әзірлеу кезінде еңбек министрлігі Мадридтің қартаю мәселелері жөніндегі халықаралық іс-қимыл жоспарының ұсыныстарын енгізіпті. Бірақ Мадридтегі қарттарды Қазақстандағы қарияларымен салыстырғанда, зейнетақысы көп екенін, әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсы екенін министрлік ескермепті. Рас, белсенді ұзақ өмір сүрген жақсы ғой, бірақ оны кедейшілікте өткізгеннің пайдасы қане?! Демек, үкімет таяу болашақта халықтың зейнет жасын төмендетудің, зейнетақыны өсірудің, зейнетақы шегін қайта қараудың жай-жапсарын пысықтауы тиіс.