Зейнетақы жинағы: үкімет ақыры оны да халыққа қимады
![None](/static/img/image.jpg)
2022 жылдан бастап зейнетақы жинағын алудың жеткілікті шегі екі есеге дейін өсетін болды.
Егер 2021 жылы 20 жастағылар үшін жеткілікті көрсеткіш 1,7 миллион теңге болса, алдағы жылы бұл 3,1 миллион теңгеге дейін артады. Ал 30 жастағыларға арналған жеткілікті мөлшер 2,5 млн теңгеден 4,37 млн теңгеге дейін көтерілмек, 40 жастағылардың жеткілікті шегі – 5 790 000 теңге болуы керек. 2021 жылы бұл деңгей – 3 420 000 теңге болған.
Мамин үкіметінің зейнетақы жинағына қатысты мұндай шешімі, әрине, халықты қуанта қойған жоқ. Өткен жұмадағы бұл жаңалықты қоғам әлі де қызу талқыға салып жатыр.
Айлакердің амалы – ұстатпау
Негізінде, зейнетақы жинағын пайдалану туралы бастама 2020 жылы қолданысқа енген болатын. Содан бері халық зейнетақы жинағын алу арқылы ипотекалық қарызын өтеу, ипотекалық тұрғын үй заемын алу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру, зейнетақы жинақтарын туысына беру, емделу тәрізді мақсаттарға қолдана бастады. Аталмыш бастаманың аясында осыған дейін 16 075 қарыз алушы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтепті.
Айта кету керек, бұл бастама қолданысқа енген тұста қарапайым халықтың басым бөлігі 2020 жылғы тағайындалған шектік меженің өзі жоғары екенін айтып зар илеген болатын. Тіпті, сол тұста 40 жастағы азаматтар жалақысының төмендігіне байланысты зейнетақы жинақтарында әлі күнге дейін 3 420 000 теңгенің жоқтығын айтып налыған еді. Артынша, аталмыш реформа аясында ипотекалық несиесін жауып, ипотекаға үй алып жатқандарды көріп, ел зейнетақы қорына қаражат құюға ынталана бастады. Жұрттың мақсаты белгіленген межеге жетіп, зейнетақы жинағын пайдалану еді. Сөйтіп, «межеге әне жетемін, міне жетемін» деп, үмітпен келе жатқанда, үкімет реформаның қолданысқа енгеніне бір жыл өтпей-ақ, жеткілікті шекті екі есеге өсіре қойды. Бұл «айлакердің амалы не болса да ұстатпау» дегенге саяды. Бұған қарап, «халыққа тиімді бола бастаған дүниені атқарушы билік құп көрмей ме» деген сауал еріксіз туындайды.
«Баспана түгіл, тас та жоқ»
Үкіметтің бұл әрекетіне қатысты экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:
– «Бұл реформа үкімет үшін де, экономика үшін де тиімсіз болуға айналды. Себебі халық баспана ала бастады. Бұл құбылыс нарықтағы баспана бағасына әсер етті. Баспана қымбаттады» деген уәждер айтылып жатыр. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Баспана қымбаттауының басқа да жанама әсерлері бар. Шектік соманың 90 пайызға өсуіне байланысты зейнетақы қорындағылар «бізге үкімет не айтты, соны орындаймыз» деп отыр. Ақылға қонбайтыны – 20 жастағылар үшін жеткілікті көрсеткіш бұған дейін 1,7 миллион теңге болса, алдағы жылы бұл көрсеткіш 3,1 миллион теңгеге дейін артады. 21 жастан 45 жасқа дейін үзбей жұмыс істеп келе жатқан жеке өз басымда әлі шектік қор жиналмады. Ал енді мына көтерілген шектік қормен, тіптен, жинағымызды ала алмайтын болдық. Сонда оқуын бітіріп, жұмысқа енді араласқан 21 жастағы азаматтардың зейнетақы жинағында 3 млн теңгеден астам қаражат қайдан болсын?! 2020 жылғы белгіленген шектік соманың өзі біздің халық үшін өте көп еді. Енді ол екі есеге көтерілсе, халыққа баспана түгіл, тас та жоқ. Ақыры, үкімет бұл реформаның да ту-талақайын шығарып, халықтың өз ақшасын өзіне қимай отыр, – дейді.
Сала маманының айтуынша, бұл арада «Республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгерістерді желеу етіп, ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өскенін айтып уәж келтірудің қажеті жоқ.
– Үкімет зейнетақы жинағына қатысты жеткілікті шектің өсуін ең төменгі жалақының 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге өскенімен байланыстырады. «Жалақы өсті, демек, байсың» деген сөз бе? 60 мың теңге кімнің жоқ-жітігін түгендейтін сома? Шынтуайтында, зейнетақы жинағымыз жыл сайын құнсызданып жатыр. Біз зейнетке шығамыз дегенше, қордағы қаражаттың құны болмай қалатыны белгілі. «Ең төменгі жалақы өсті» деп, жеткілікті шекті өсіру қисынсыз. 60 мың теңге бізді асырайтын сома емес, – дейді Меруерт Молдабаева.
Жинаймыз, бірақ қызығын көреміз бе?!
Жалпы, мамандар өзге елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы зейнетақы төлемінің тым аздығын жиі айтады. Мысалы, Германияда ең төменгі зейнетақы мөлшері 1000 доллар, Голландияда 1,5 мың евро, Финляндияда 1,5 мың евро. Бұл мемлекеттерде зейнетақы қарияларға, біріншіден, жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен; екіншіден, кәсіпорындық зейнетақы қорынан; үшіншіден, мемлекеттік-федералдық қор есебінен төленеді. Осылайша, Еуропа қарттары үш қордың есебінен зейнетақы алады.
Бұл ретте,экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:
– Бізде зейнетақыны есептеудің тиімді жүйесі әлі қалыптаспаған. Халық жинайды, бірақ қызығын көрмейді. Біз қазір барлық саланы халықаралық талапқа сай етудеміз. Сондықтан зейнетақы жүйесіне қатысты да халықаралық талапқа сай ұтымды өзгерістер болуы тиіс деп ойлаймын, – дейді. Жасыратыны жоқ, елдегі зейнетақы жүйесінің болашағына қатысты қазірде халықтың уайымы өте күшті. Тіпті, қарапайым халықты қойып, сала мамандарының өзі де біздегі зейнетақы жүйесінің келешегіне алаңдап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, нақ қазір бірінші кезекте зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс ұқсата алмауымыз бізді қатты алаңдатуы тиіс.
– Үкімет осы уақытқа дейін зейнетақы қорындағы қаражатты екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөліп келді. Бірақ біздегі банктерде өндіріс орындарына барып, кәсіпорынның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін-өздері ақтай ма, жоқ па – оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа жоғары пайызбен несие ретінде беру кең орын алған. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі – осы. Негізінде, бұл дұрыс емес, – дейді Тоғжан Шаяхметова.
Мамандардың айтуынша, болашақта дағдарыс орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп кетпеуі үшін ол қаржы табыс әкеліп тұруы тиіс. Бұған қатысты ақиқатқа тура қарасақ, 2017 жылы зейнетақы қорынан қаражат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Сол сияқты зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендете қоймады. Біз сенген «ҚазАгроның» жұмысы қазір тұралап, жұмысы тоқырап, атағы дардай бұл холдингпен қоштасуға да тура келді.
Ал енді зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу мақсатында халыққа пайдалануға беру тетікке қосылды. Бірақ бұл реформаның да қызығын белі бүгіліп, еңбектенген қарапайым халық емес, жақсы жалақы алғандардың қатары көбірек көрді. Сонда қарапайым халыққа не істеу керек? Жасы 63-ті алқымдағанша, жұмысқа жегіліп, үкіметтің әрбір реформасынан үміттеніп отыра бермек пе? Қазақстандықтарға зейнетақысының қызығын көру неге арман? Норвегияның, Сауд Арабиясының қарттары тәрізді шалқып, зейнетке шығу кім-кімнің де болсын арманы емес пе? Халықтың бұл арман-мұңын біздің үкімет ұға ма? Әлде осылай елге тиімсіз реформаларды жылдан-жылға қолданысқа енгізіп жүре бере ме?
Қалай десек те, ұсынып отырған жаңалығына, нобайына қарасақ, үкіметтің зейнетақы жинағын халыққа қиғысы жоқ. Жеткілікті шектік межені өсіріп отырғанының өзі соның бір дәлелі. Мұндайда еріксіз «елге сабыр, үкіметке ынсап, осы жаңашылдықты қолданысқа енгізіп отырғандарға ұят берсін» деуге тура келеді.