Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:50, 08 Қыркүйек 2020

Зейнетақы жүйесі халықты жарылқай ма, әлде алдарқата ма?

None
None

Тоқаев халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру бастамасын  көтерді.  

     Зейнетақы жинағының бір бөлігін халықтың қолына беру мәселесі биыл тағы бой көтерді. Негізінде,  бұл мәселе 2019 жылдан бері қайта-қайта үкіметтің талқысына түсіп келеді. Осы жолғы жолдауында да ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалануға рұқсат беру бастамасын  көтерді.  

       Сол-ақ екен, аталмыш мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп, жұрттың басым бөлігі зейнетақы жинағын санап, қордағы қаржысын тексеріп әлек болса, енді бірі «бұл тек бай-манаптарға, шенеуніктерге арналған бастама, осы арқылы үкімет халықты тағы алдарқатып отыр» деген пікірді айтып қалды.  Сонымен, зейнетақы жинағы шынымен халықты жарылқай ала ма? Біз бүгінде  қоғам талқысына түсіп, қызуы қайнап жатқан осы сауалға сала мамандарымен тілдесе отырып жауап іздеп көрдік.

           

                                      Дерек пен дәйек

      Деректерге жүгінсек, елімізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) пайда болғаннан бері қордың инвестициялық табысы 56,1 пайызға, ал инфляция деңгейі 56,5 пайызға жетті. 2019 жылдың I жартыжылдығында БЖЗҚ активінің нақты кірісі 0,09 пайызды құрады. Теңгенің 2,5 есе құнсызданғанын ескерсек, қордағы ақшаның берекесі болмай тұрғанын аңғарамыз.

      Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, қазір еліміздің 8 млн азаматы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2,5 млн адам ғана зейнетақы жарнасын жыл он екі ай үзбей аударады. «6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгеге жетпейді. 282 мың адамның ғана салымы 5 млн теңгеден асады. Демек, бұл арада зейнетақы жинағын алып, баспаналы болуға ел тұрғындарының мүмкіндігі өте аз», – деді маман.

      Деректерге жүгінсек, қазір БЖЗҚ-да 12 трлн теңгеден астам қаржы жиналған. Орташа есептегенде бір салымшыға 1,5 млн теңгеден келетін қаржы. Ал енді қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан барлық қаражатты емес, белгілі шектік деңгейден асқанын ғана ала алатынын ескерсек, расымен де, бұл жүйенің қарапайым халыққа аса тиімді емес екенін мойындауға тура келеді.

    Бұл ретте экономист Жұмаділда БАЯХМЕТОВбылай дейді:

    –  Алысқа бармай-ақ, өзімді мысалға алайыншы, мен қазір 56 жастамын. Мен егер зейнетақы жинағы арқылы баспана алғым келсе, зейнетақы жинағында 5 млн 84 мың теңгеден астам қаржы  болуы керек.  Үкімет межені былай белгіледі:

*  30 жастағылар баспана алу үшін жинағында – 2 млн 518 мың теңге;

* 35 жас – 2 млн 961 мың теңге

* 40 жас — 3 млн 437 мың теңге

* 45 жас — 3 млн 947 мың теңге

* 50 жас — 4 млн 495 мың теңге

* 55 жас — 5 млн 84 мың

* 59  жас — 5 млн 586 мың теңге

      Бір айта кетерлігі, біз зейнетақы қорынан осы көрсетілген сомалардан асырып жинасақ қана қаражат аламыз. Бұл – шектік белгі. Қорда осынша қаржы қалу керек. Ал қалған артылғаны қанша – соны аласыз. 44 жылғы еңбек өтіліммен менің жинаған қаражатым 7 млн-нан сәл асады екен.  Ал енді оның 5 млн 84 мыңын қорда қалдырып, қалған 2 млн 200 мың теңгесін алсам, бұған Алматы тәрізді ірі мегаполисте баспана келмейді. Шындап келгенде, бұған су жаңа көлік те келмейді. Мен тәрізді қаншама адам бар?! Сондықтан бұл арада қарапайым халыққа тиімді бір әдістерді ойластырған жөн. Олай етпесек, бұл халыққа тиімді емес.

        

             Орта тап пен кедейді жарылқамайтын жоба

       Маман пайымдауынша, бұл – шындап келгенде, орта  тап пен кедейді жарылқамайтын жоба. «63 жастан кейін зейнетке шыққаннан соң да, жақсы өмір сүру үшін кем дегенде 11-12 млн теңге жинау қажет. Мұндай жинақ болмаса, мемлекет тағайындайтын зейнетақымен тек қымбатшылықтан қалт-құлт етіп өмір сүреміз», – деп ашып айтты маман.

    Жалпы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 21 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Десе де, бірқатар мамандар қазірде  бұл жүйенің тиімсіздігін, үмітті ақтамағанын ашып айтып жүр. Негізінде, біздегі жинақтау жүйесі тиімсіздігінің бірінші себебі – табыстың төмендігі. Қазір елдегі орташа табыс көлемі – 102 мың теңге (министрлер мен өзге ведомостволар бұл соманы кейде көбейтіп жібереді), ал ең төменгі жалақы – 42 500 теңге. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сол себепті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президентке ең төменгі жалақы деңгейін 40 пайызға дейін көтеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірақ үкіметке оны «2023 жылға дейін кем дегенде 30 пайызға дейін жеткізу қажет» деген тапсырма берілді.  Есеп бойынша, 2023 жылы орташа жалақы 234 мың теңге, ал оның 30 пайызы – ең төменгі жалақы мөлшері 70 200 теңге болады. Мамандар мұндай жалақымен «зейнетақы жинағын тағы қомақты ете алмаймыз» дейді.

      Бұған қатыстыәлеуметтанушы Жандос Биғалиев былай деп пікір білдірді:

  – Мысалы, Сингапурдың зейнетақы жинақтаушы жүйесін үлгі етіп көрелік. Сингапурда салымшылар ай сайын зейнетақы қорына табысының 37 пайызын, ал қазақстандықтар 10 пайызын ғана аударады. Екінші себеп –  қазір Сингапурдағы айлық орташа жалақы – 3500 доллар (теңгеге шаққанда – 1 млн 330 мың теңге). Ал Қазақстанда – 100-120 мың теңге. Зейнетақы жүйесіне халықтың салып жатқан салымы аз, оның үстіне бізде конвертпен ақша алатындар да бар. Тіпті кейбір жұмысшылар осы уақытқа дейін зейнетақы қорына ақша аудармай, жұмыс берушіден қорға аударатын ақшаларын қолына беруді сұрап келді. Осыдан барып «бұл жүйе елді жарылқай қояды» деп айту қиын. Өйткені қордағы қаржы қазірдің өзінде шығынға жұмыс істеп жатыр. Қаржы дұрыс инвестицияланып жатқан жоқ.

              Қаржы неге дұрыс жұмыс істемейді?

       Дұрыс инвестициялау демекші, зейнетақы қорының қаражаты бұған дейін елдегі теміржол саласын дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге, екінші деңгейлі банктерге ірі жобаларды қаржыландыру мақсатында бөлініп келді.  Әйтсе де сала мамандары бұл әрекеттің бұрыстығын алға тартты.Мамандардың пайымынша, зейнетақы қорындағы қаржыны алдымен ұлттық экономикаға серпін беріп, қарқынды жұмыс істеп тұрған салаларға салу керек. Отандық өнім өндіруші салаларға, инновациялық бағытты ұстанған салаға, инфрақұрылымды дамытатын салаларға қаржы берудің жемісі бар.

«Ал ауыл шаруашылығы саласына салынған қаржы қайту үшін үкіметтің кепілдігі болу керек. Онсыз бұл қаржы желге кеткенмен тең. Сол тәрізді теміржол саласы да экономиканың локомотиві. Дегенмен кейінгі жылдары бұл салаға қатысты жақсы пікірлер айтыла қоймайды. Заңсыздық көп. Сондықтан зейнетақы қоры арқылы  теміржолға бөлінген қаржыны қатаң бақылауға алу қажет. Олай етпесек, біз күні ертең халықтың жиған зейнетақысын желге ұшырамыз», – дейді мамандар.

     

Тақырыпқа тұздық

       Халық зейнетақы жинағын өз бақылауына алады

     Мамандардың бір парасы осылай дегенімен, GSB UIB директоры,  экономист Мақсат Халық «елдегі зейнетақы жүйесінен үмітті үзбеу керек» деп есептейді.

   – Үкімет белгілеген шекте зейнетақы қорына қаражат  жинаған адамдардың саны қазір елде 721 мың болып отыр. Мұны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Сонда келер жылы 721 мың адам зейнетақы қорынан ақша ала алады деген сөз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы қаңтар айында берген шектік бағасымен салыстырып көрсек, зейнетақы жинағына қазіргі қойып отырған шектік бағаның шынайы екенін аңғарамыз. Мысалы, қаңтар айында 30 жастағылар үшін шекті баға 6,7 млн болған. Ал қазір белгіленген шек –  2,5 млн. Бұл дегеніңіз – егер сіз 30 жасыңызда қорға  4 млн жинаған болсаңыз, соның 2,5 миллионы қорда қалып, қалған қаражатты пайдалануға  ала аласыз. Болашақта кім зейнетақы қорына уақтылы қаражат салып отырады, қомақты қаражат жинай алады –  солар  өз қаражатын пайдалана алады. Келер жылы 721 мың адам зейнетақы қорынан белгілі бір мөлшерде қаражат алса, тағы екі жыл көлемінде 1,5 млн халықтың зейнетақы қорынан қаражат алуына мүмкіндік тумақ. Сонда бұл бастама арқылы үш жылдың ішінде 2 млн 200 мың адам зейнетақы қаржысын пайдалануы әбден мүмкін. Бұдан халықтың ынтасы оянып, зейнетақы қорына қаражат құюға ел барынша талпынады, зейнетақы жинағын бақылауға ала бастайды. Қордағы қаржысын халықтың өзі қайта-қайта тексеріп, қанша жинақталғанын, қай мақсатта жұмсалып жатқанын зерттей  бастайды. Осылайша болашақта халық зейнетақы жинағын өз бақылауына алады. Қаражатын өзі қадағалап, қаржысының сұрауы бар екенін білдіріп, талап қоя бастайды. Ал бұл әрекет заңсыздықтарға жол бермей, аталмыш жүйенің дамуына ықпал етеді, – дейді ол.

Тегтер: