Зейнетке ерте шығу бір арман, Үкімет мұратымызға жеткізе қоя ма?
![None](/static/img/image.jpg)
Өзгелер сияқты біздің елдің жұртшылығы да зейнетке шыққанда қарттығының қамсыз болғанын қалайды.
Норвегияның қарттары сияқты 50 жастан, Сауд Арабиясы тәрізді 40-45 жастан зейнетке шығу кім-кімнің де болсын арманы. Ал халықтың бұл арман-мұңын біздің үкімет ұға ма?!
Сан сауалға неге тұшымды жауап жоқ?!
Жыл басынан бері мәжіліс депутаттары Асқар Маминнің атына елдегі зейнет жасын қайта қарау туралы бірнеше депутаттық сауал жолдады. Бұған дейінгі жолданған сан сауалдан бөлек, өткен аптада мәжіліс депутаты Александр Милютин «зейнет жасын төмендету керектігін» тағы бір рет тәптіштеді. Бұл ретте мәжіліс депутаты: «Біздің ортақ зейнетақы жүйесіне қайта оралу туралы ұсынысымыз әлемдік тәжірибеге негізделген. Қазақстан 1998 жылы бас тартқан зейнетақы жүйесін қайтаруды қайта талқылауға, оны жалпы сөзбен емес, мемлекеттік бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктерімен қарастыруды сұраймыз», – деді.
Мәжілісмен айтып отырған 1998 жылғы зейнетақы жүйесі бойынша зейнеткерлікке шығу мерзімі – 60 жас. Сондай-ақ аталмыш жүйеде кейбір мамандық иелеріне еңбек жағдайының күрделілігіне сәйкес, 60 жастан да ерте зейнетке шығуына мүмкіндік болды. Осыны мысал еткен депутат сөзін былай жалғастырды: «Қазіргі заңда қарастырылғандай, зейнетке тек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерте шығуын әділетсіз деп санаймыз. Себебі кеншілер, металлург, өнер адамдары (балериналар) кәсіби жарамдылығын 60 жастан ерте жоғалтады. Зейнетақы заңнамасында адамдардың түрлі санатына қатысты кемсітушілік болмауы тиіс, еңбек жағдайының күрделілігі тең дәрежеде ескерілуі тиіс деп ойлаймыз. Мұны ескеруді сұраймыз».
Бірақ мәжілістегілер осылай деп жатқанымен, бұл ұсынысты елей қоятын үкімет көрінбейді. Тіпті осы сауалдарға нақты дәлелмен тұшымды жауап та беріле қойған жоқ. Мұндай ұсыныстар халықтың құлағына жаққанымен, үкіметтің естір құлағы, қарастыратын шарасы әлі бола қоймайтын сыңайлы.
Қазақстандағы зейнетақы жүйесі қауіпті ме?
Жалпы, қазір елдегі зейнетақы жүйесіне халықтың уайымы күшті. Тіпті қарапайым халықты қойып, қайсыбір сала мамандарының біздегі зейнетақы жүйесіне тыңнан түрен салу керектігін айтқалы біраз болды.
Сарапшылардың пайымдауынша, болашақта зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс жұмыс істете алмауымыз бізді қатты алаңдатуы тиіс. Экономика ғылымының докторы, профессор Шаймерден Мырзағұловтың айтуынша, болашақта қариялардың қарттығын қамсыздандырамыз десек, зейнетақы қорындағы қаржыны өзін-өзі ақтайтын салаларға салуды мықтап ойластыру қажет.
– Зейнетақы қорындағы қаражатты теміржол саласын жаңғыртуға жұмсап, екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөле бастадық. Бірақ біздегі банктер мен өндіріс орындарының арасында айтарлықтай тығыз қарым-қатынас жоқ екенін мойындауымыз керек. Банктерде қандай да бір өндіріс орындарына барып, оның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін өздері ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа несие ретінде беру кең орын алған. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі осы. Негізінде, бұл дұрыс емес. Жапонияда зейнетақы қорындағы қаржыны өндіріс+өнім деген формуламен ұқсатады. Қаржы отандық өнім шығаратын компаниялардың жұмысын жаңғыртуға бөлінеді. Соның өзінде жапондардың зейнетақы жүйесі ұтылып отыр. Сондықтан біз үшін болашақта зейнетақы қорын бақылау, қадағалау ісі өте маңызды, – дейді Шаймерден Мырзағұлов.
Экономика тұтығып, халық ұтылып тұр
Негізінен, маманның пайымдауынша, болашақта қандай да бір дағдару кезеңі орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп кетпеуі үшін ол қаржы табыс әкеліп тұруы тиіс. Бірақ ақиқатқа тура қарасақ, 2017 жылы зейнетақы қорынан қаражат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Сол сияқты өз кезегінде зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендете қоймады. Біз сенген «ҚазАгроның» жұмысы қазір тұралап, жұмысы тоқырап, атағы дардай бұл холдингпен қоштасуға да тура келді.
Бұдан бөлек, зейнетақы қорынан депозит және облигация ретінде екінші дейгейлі банктерге қаражат бөлінеді. Бірақ әлгі банктер сол қаражатты қарапайым азаматтарға жоғары пайызбен несиеге беруге аса бейім. Ал енді биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін халықтың қолына беру тәжірибесі тетікке қосылды. Бірақ бұл реформаның да қызығын белі бүгіліп, еңбектенген қарапайым халық емес, жақсы жалақы алғандардың қатары көбірек көрмек. Ал сонда қарапайым халыққа не істеу керек? Жасы 63-ті алқымдағанша жұмысқа жегіліп, үкіметтің әрбір реформасынан үміттеніп отыра бермек пе?! Қазақстандықтарға зейнетке ерте шығу неге бір арман? Нақ осы сауалды қаржыгер Ілияс Исаевқа қойған едік. Сарапшының айтуынша, бұл арада экономика тұтығып, халық ұтылып тұр.
Тақырыпқа тұздық
«Халықтың жағдайын ойласа, шенеуніктер жалақыларын азайтсын»
– Ілияс аға, қазір зейнетке шығу жасын төмендету туралы ұсыныс жиі айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, бұл орынды ұсыныс па? Зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету қазіргі экономикалық жағдайда тиімді ме?
– Сұрағыңыз орынды. Нақ қазіргі экономикалық жағдаймен салыстырсақ, бұл тиімсіз ұсыныс. Себебі қазір біздің экономикамыз тұтығып тұр. Экономикасы дамыған елдер үшін, әрине, бұл ойланатын мәселе емес. Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінде әйелдер 48 жастан, ер адамдар 50 жастан зейнетке шығады. Норвегияда да солай. Бұл арада мәселе экономикада болып тұр. Біз тәрізді шикізатқа байланған, импортқа тәуелді елдер үшін бұл қиын ұсыныс. Егер ине-жіп, киім-кешек тәрізді қарапайым ғана заттарды өз елімізде молынан шығарғанымызда, бұл мәселені оңай шешер ме едік?! Өкініштісі, біз әбден импортқа маталған елміз. Өзіміз өнім шығарып, одан бюджетке түсім түсіп жатса, онда мәселені көтеруге болар еді. Барлығы экономиканың қуатына байланысты. Экономиканың қуатын ескерместен, мұндай ұсыныстарды қозғау жай ғана қиял.
– Бұл ұсынысты мәжіліс депутаттары жиі айтып жүр. Сонда біздің мәжілісмендер экономикалық қуатымыздың қаншалықты деңгейде екенін нақты білмегені ме?
– Мен сол мәжілісмендердің өздері қозғап отырған мәселесін сауатты білетініне күмәнім бар. Егер олар халықтың жағдайын шын ойласа, жалақыларын азайтсын.
– Қалай сонда, олар жалақыларын азайта қояр ма екен?
– Әр депутат 600-800 мың теңге жалақы алады. Ұлттық холдинг басшылары, корпорация директорларының жалақысы тіптен жоғары. Бұдан бөлек, елдегі депутаттардың әрқайсысының бір-бір көмекшісі, хатшысы бар. Басқа бонустарын айтпағанда, олардың осы қажеттіліктерін қысқарту керек, жалақыларын екі есеге азайту қажет деп ойлаймын. Бюджеттің бүйірін толықтыру үшін мұндай қадамдарға да бару қажет. Егер үкімет халықтың мұңын, ізгі арманын түсінсе, осыны ескеріп, жоғары жалақы алатын шенеуніктердің табысын екі есеге қысқартқаны жөн. Одан түскен қаражатты экономиканы сауықтыруға, кішігірім салаларды жандандыруға, тіпті зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге де жұмсауға болады.