Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 17 Тамыз 2025

Зеленский 18 тамызда Вашингтонда Трамппен кездеседі

Трамп, Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Украина президенті Владимир Зеленский 18 тамыз күні АҚШ астанасы Вашингтонда Ақ үйде Дональд Трамппен кездесу өткізеді. Бұл туралы ол екі ел басшылары арасындағы телефон арқылы сөйлесуден кейін мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, әңгіме «ұзақ әрі мазмұнды» болған. Әңгіме соңында Еуропа елдерінің кейбір жетекшілері де қосылған. АҚШ президенті Трамп өз кезегінде Украина басшысына Ресей президенті Владимир Путинмен өткен келіссөздер нәтижесі туралы ақпарат берген.

Зеленский АҚШ, Украина және Ресей арасында үшжақты кездесу өткізу бастамасын қолдайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Путинмен келіссөздерден кейін тараптар «келісімге жақындағанын» айтты. Оның сөзінше, ендігі шешім Украина тарапынан қабылдануы керек, барлығы «президент Зеленскийге байланысты».

Трамп ықтимал келісімнің шарттарын ашып айтпады, тек «аумақтар алмасуы» және Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылуы мүмкін екенін атап өткен.