Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:11

Зеленский АҚШ-пен Донбассқа қатысты ортақ ұстаным жоқ екенін мәлімдеді

Украина
Фото: Телеграм

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей-Украина келіссөздерінде ең даулы мәселе – Донбасс бойынша тараптар ортақ шешімге келе алмай отырғанын мәлімдеді.

 Бұл туралы ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Зеленскийдің сөзінше, Вашингтон ұсынған бейбіт жоспардың бірқатар тармақтары қосымша талқылауды қажет етеді. Соның ішінде ең күрделі мәселе – Донбассқа бақылау.

«АҚШ-та бір көзқарас, Ресейде бір көзқарас, Украинада бір көзқарас бар. Бірақ Донбасс туралы ортақ түсінік жоқ», - дейді президент.

Киев батыстық одақтастарымен қауіпсіздік кепілдігі жөнінде бөлек келісім жасауды да талап етіп отыр. Зеленскийдің айтуынша, басты сұрақ – соғыс қайта тұтанған жағдайда Украинаға кім және қалай көмектеседі.

Трамптың реакциясы және Мәскеудегі келіссөздер

Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамп Украина позициясына наразы екенін білдіргеннен кейін жасалды. Трамп Зеленскийдің «АҚШ-тың бейбіт жоспарының толық нұсқасымен таныспағанын» айтып, Киевті сынға алған.

Трамп Ресейдің «АҚШ ұсыныстарын қолайлы деп тапқанын» да алға тартты. 2 желтоқсанда Мәскеуде АҚШ пен Ресей делегацияларының тікелей келіссөздері өткен. Кремль кездесуде аумақтық мәселелер қозғалғанын, бірақ келісімге әлі келінбегенін хабарлады.

АҚШ жоспары қалай өзгерді?

Жоспардың алғашқы нұсқасы:

  • Донбастың толығымен Ресей бақылауына берілуін,

  • Украина әскерінің ол аумақтардан толық кетуін,

  • Херсон және Запорожье облыстарында қақтығысты тоқтату шебі бойынша «ұрыс әрекеттерін тоқтату режимін» қарастырған.

Алайда бұл құжат жария болған соң АҚШ, Украина және Еуропа өкілдері арасында консультациялар өтіп, жоспар 28 пункттен 22 пунктке қысқарды. Аумақтық мәселелер алынып тасталып, оларды «болашақ келіссөздерде» қарастыру ұсынылды.

Ресейдің талабы өзгерген жоқ

2024 жылы Ресей Украина әскерін Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан толық шығару – бейбіт келісімнің басты шарты екенін айтқан. Қарашада Владимир Путин украин күштері «басып алған аумақтардан кетсе, соғыс тоқтайды» деп мәлімдеді.

Тегтер: