Зеленский: «АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері бойынша келісімге келдік»
Украина президенті Зеленский Украинаға АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесінде Дональд Трамппен келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол 22 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Трамппен болған кездесуден кейін журналистерге айтты.
Зеленскийдің айтуынша, қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ммәселе шешілген.
«Құжатқа тараптар — президенттер қол қоюы тиіс, содан кейін ол ұлттық парламенттерге ратификациялауға жіберіледі», — деді Украина басшысы.
Трамппен келіссөздерден соң Зеленский Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері жүйесі АҚШ-тың қатысуынсыз мүмкін еместігін тағы да атап өтті. Оның сөзінше, Ұлыбритания мен Франция ықтимал атысты тоқтату режимі енгізілетін аймақта бақылауды қамтамасыз етуге дайын екенін білдірген, алайда «АҚШ-сыз қауіпсіздік кепілдіктерінің болуы мүмкін емес.
Сонымен қатар Зеленский Украинаның шығыс өңірлерінің болашағына қатысты мәселелер әлі шешілмегенін айтты.
«Әңгіме елдің шығыс бөлігі, жер мәселесі туралы болып отыр. Бұл — біз әлі түбегейлі шешпеген тақырып», — деді ол.
Оның пікірінше, бұл мәселе АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф тарапынан талқылануы мүмкін.
Бұған дейін сол күні Уиткофф қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердің алдыңғы қатарлы кезеңге өткенін, Киев пен Мәскеу арасында «тек бір ғана мәселе қалғанын» мәлімдеген. Алайда ол нақты қандай мәселе екенін ашып айтпады. Бұл мәлімдеме кезінде Уиткофф Мәскеуде болған.
Айта кетейік, Ресей қазір Украина аумағының шамамен 20 пайызын бақылауда ұстап отыр және ықтимал келісім аясында Донбассқа толық бақылау орнатуды талап етіп келеді. Киев бұл талаптарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға бағытталған белсенді дипломатиялық әрекеттер бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Келіссөздер барысында АҚШ алғаш ұсынған бейбітшілік жоспарының жаңартылған нұсқасы қарастырылуда.
Зеленский сондай-ақ АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің қатысуымен БАӘ-де келіссөздер өтетінін хабарлады.