Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:52

Зеленский: АҚШ соғысты жазға дейін аяқтауды ұсынып отыр

Украина
Фото: Телеграм

Украина президенті Владимир Зеленский баспасөз мәслихатында Абу-Дабиде өткен келіссөздер туралы айтты.

Зеленскийдің сөзінше, АҚШ Украина мен Ресейге соғысты жаздың басына дейін аяқтауды ұсынып отыр.

«Неліктен дәл жазға дейін? АҚШ-тағы ішкі саяси мәселелердің, әсіресе Конгреске өтетін аралық сайлаулар қарсаңында, ерекше маңызға ие екенін түсінеміз», - деді ол.

 Оның айтуынша, Вашингтон бұл кестенің сақталуы үшін Киев пен Мәскеуге қысым көрсетуі де мүмкін.

Сондай-ақ Зеленский Абу-Дабидегі келіссөздер барысында тараптар соғыс аяқталған жағдайда атысты тоқтату режимінің сақталуын бақылаудың техникалық тетіктерін талқылағанын жеткізді. АҚШ бұл мониторингке қатысуға дайын екенін білдірген, ал Еуропаның қатысуы әзірге күн тәртібінде болмаған.

Келіссөздердегі ең күрделі мәселе – жер. Зеленский тараптар Донбасс аумағында еркін экономикалық аймақ құру мүмкіндігін талқылап жатқанын, алайда бұл бағытта келісімге келуден әлі де алыс екенін атап өтті.

«Еркін экономикалық аймақтар құру жөнінде келісімге келген күннің өзінде, бізге әділ әрі сенімді ережелер қажет. Мен екі тарап үшін де бірдей қағидалар, бірдей шарттар болуы керек екенін айтып отырмын», - деді Украина президенті.

Сонымен бірге ол бұл идея жүзеге асқан жағдайда да Украина Донбасс аумағын ешқашан ресми түрде Ресейдің жері деп мойындамайтынын айтты.

Зеленскийдің мәлімдеуінше, Мәскеу атысты тоқтатуға келісу үшін украин әскерін Донбасстан толық шығару талабын жалғастырып отыр. Ал Киев «қай жерде тоқтасақ, сол жерде қалу» қағидатын ұстануды ұсынып келеді.

Украина президентінің айтуынша, үшжақты келіссөздердің келесі кезеңі бір аптадан кейін Майамиде өтуі мүмкін. Мұндай ұсынысты америкалық тарап жасаған, Украина оны қолдаған.

Reuters агенттігі 7 ақпанда, Зеленскийдің мәлімдемесінен бұрын, АҚШ наурыз айында-ақ бейбіт келісімге қол қоюды, ал мамыр айында Украинада сайлау өткізуді ұсынғанын хабарлаған болатын.

Агенттік дереккөздері аумақтық мәселе бойынша әлі күнге дейін ілгерілеу жоқ екенін де растады. Украина аумақты әскерден тазарту және еркін экономикалық аймақтар құру секілді «стандарттан тыс шешімдерді» талқылауға дайын болғанымен, Киев Мәскеудің Донбасты беруді талап етуін қабылдауға болмайтын шарт деп санайды.

Запорожье атом электр станциясының тағдыры да шешілмеген мәселелердің бірі болып отыр. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Ресей станцияны АҚШ бақылауына беру туралы ұсыныстан бас тартқан. Бұл нұсқада АҚШ өндірілген электр энергиясын Ресей мен Украина арасында бөлуді көздеген. Өз кезегінде Мәскеу АЭС-ке бақылауды өзінде қалдыра отырып, Украинаға арзан электр энергиясын жеткізуге дайын екенін мәлімдеген, алайда бұл ұсыныс Киевке ұнамай отыр.