Зеленский: АҚШ-та Ресейдің Украинадағы соғысы жайлы көзқарасы басымдық алып тұр

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың саяси элитасы Украинадағы соғысқа қатысты Ресейдің ақпараттық түсіндірмесіне көбірек сеніп отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Бұл туралы ол америкалық CBS телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Ресей агрессор емес деп сену — ақпараттық соғыстың нәтижесі"
Зеленскийдің пікірінше, АҚШ-та "ресейлік пікірлер үстемдік етіп отыр", бұл Ресейдің ақпараттық ықпалының АҚШ-тың ішкі саясаты мен саясаткерлеріне таралып жатқанын көрсетеді.
«Біздің құрбандарымыз бен азаптарымызды көріп, Ресей не істеп жатқанын түсіне отырып, олардың агрессор емес екеніне сену мүмкін емес. Бұл – Ресейдің ақпараттық саясатының ықпалының айғағы», – деді Украина басшысы.
Ол АҚШ-тың бейтарап болуға ұмтылуы дұрыс емес екенін айтып, Дональд Трампты соғыс болып жатқан Украинаға жеке сапармен келуге шақырды.
«Президент Трамп – күшті мемлекеттің көшбасшысы ретінде Украина жағында болуы керек. Елдің бейтараптығы – қате шешім. Келіңіз, қираған ауруханалар мен шіркеулерді, құрбан болған бейбіт тұрғындарды, балаларды өз көзіңізбен көріңіз», – деді Зеленский.
Кривой Рогтағы қайғы: 9 бала қаза тапты
Журналистермен бірге Зеленский жақында Ресей зымыранының соққысынан 20 адам, оның ішінде 9 бала қаза тапқан Кривой Рогтағы балалар алаңына барғанын айтты. Сұхбат қаладағы мектептердің біріндегі бомбадан қорғануға арналған жертөледе өтті – қазіргі таңда ол жерде сынып бөлмесі жасақталған.
«Кривой Рогқа шабуыл – Ресеймен келіссөздерге сенуге болмайтынын көрсетті. Бұл – біз олардың уәдесіне сенбеуіміз керек деген белгі», – деп мәлімдеді Украина президенті.
"Біз ең жоғары бағаны төлеп отырмыз"
Зеленский соғыстың Украина халқына қаншалықты ауыр шығын әкелгенін атап өтті:
«Біз қолымыздағы бар ақшаны емес, адамдарымыздың өмірін бердік. Бұдан қымбат нәрсе жоқ. Халқымыз ең жоғарғы бағамен төлеуде», – деді ол.
Путиннің жоспары – Ресей империясын қалпына келтіру
Украина президенті Ресей басшысы Владимир Путиннің мақсаты тек Украинамен шектелмейді деген пікірде. Оның айтуынша, Путин басқа мемлекеттерге де қауіп төндіреді.
«Егер біз қатаң қарсы тұра алмасақ, Путин одан әрі жүреді. Бұл – бос болжам емес, нақты қауіп. Оның түпкі мақсаты – Ресей империясын қалпына келтіру, НАТО қорғайтын аумақтарды қайтару», – деді Зеленский.
Оның сөзінше, әлем бұл қауіптің ауқымын ескеріп, тиісті шешім қабылдамаса, бұл жағдай жаһандық соғысқа ұласуы мүмкін.
Зеленскийдің CBS-ке берген сұхбаты – Украина президентінің Батысқа, әсіресе АҚШ-қа бағыттаған маңызды дипломатиялық үндеуі болды. Ол Ресейдің тек әскери ғана емес, ақпараттық майданда да белсенді әрекет етіп жатқанын ескертіп, АҚШ-ты нақты ұстаным танытуға шақырды.