Зеленский: АҚШ-тың бейбіт жоспары 28 тармақтан 20 тармаққа қысқартылды
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ ұсынған бейбіт келісім жоспары Киевпен жүргізілген консультациялардан кейін айтарлықтай өзгертілген.
Жоба құрамынан «Украинаның мүдделеріне ашық түрде қайшы келетін тармақтар» алынып тасталғанымен, аумақтарға қатысты даулы мәселелер бойынша әзірге келісімге келу мүмкін болмай тұр.
Бұл жөнінде Зеленский 8 желтоқсан күні Лондоннан Брюссельге ұшқан бортының ішінде журналистер сұрақтарына жауап бере отырып хабарлады.
Жоспар қалай өзгерді?
Украина басшысының айтуынша, бастапқыда АҚШ әзірлеген құжатта 28 тармақ болған. Қазір олардың саны 20-ға қысқарған.
Зеленскийдің сөзінше:
«28 тармақ бар еді, енді 20 болды. Бағыт өзгертілді, Украинаға біржақты қарсы болған тармақтар алынып тасталды. Америкалықтардың жалпы ұстанымы – ымыра табу. Бірақ аумақтарға қатысты күрделі мәселелер бар, ол жерде әзірге келісім жоқ», - деген.
«Украина ешқандай аумақтан бас тартпайды»
Журналистермен әңгімесінде Зеленский Украинаның өз аумақтарынан бас тартуға конституция бойынша да, халықаралық құқық бойынша да хақы жоқ екенін тағы да атап өтті.
«Әрине, Ресей бізді аумақтарды беруге мәжбүр етуді талап етіп отыр. Бірақ біз ештеңе бермейміз – дәл осы үшін күресіп жатырмыз».
Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша:
«Ең мықты қауіпсіздік кепілін біз тек АҚШ-тан ала аламыз. Бірақ бұл Будапешт меморандумы сияқты бос уәде емес, Конгресте дауысқа қойылатын нақты құжат болуы керек».
Жоспарды аяқтау мерзімі
Зеленскийдің айтуынша, Украина жағы бейбіт жоспардың соңғы нұсқасын 9 желтоқсан кешіне дейін аяқтамақ.
«Біздің кеңесшілер Умеров әкелген соңғы нұсқаны өңдеп жатыр. Еуропалық кеңесшілер де бізбен бірге жұмыс істеуде. Ертең құжат дайын болады деп ойлаймын. Қайта қарап, АҚШ-қа жіберуге әзірлейміз», - деп мәлімдеді Зеленский.
Майамидегі үш күндік келіссөздер
4-6 желтоқсанда Майамиде Украина делегациясы АҚШ өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Делегация құрамында:
- Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров,
- Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал Андрей Гнатов болды.
АҚШ тарапынан:
- президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф,
- Ақ үй басшысының күйеубаласы Джаред Кушнер қатысты.
Зеленскийдің айтуынша, келіссөздердің үшінші күні ол процеске өзі қосылып, америкалық тараппен «ұзақ әрі мазмұнды телефон әңгімесін» өткізген.