Зеленский АҚШ ұсынған бейбіт жоспардың әлі де түзеу керек тұстары бар екенін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен Вашингтон талқылап жатқан жаңартылған бейбіт жоспардың нұсқасы бастапқыдағы 28 тармақтың орнына қазір 20 тармақтан тұратынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол 2 желтоқсанда Ирландия премьер-министрі Михал Мартинмен өткен бірлескен баспасөз конференциясында айтты. Бұл Зеленскийдің Дублинге жасаған алғашқы ресми сапары.
«Таңертең біздің делегация АҚШ президентімен кездесті. Қазір Женевада пысықталған, бастапқыда Флоридада алдын ала қаралған 20 тармақ бар. Мен көрген нұсқа бойынша, әлі де толық түзеу қажет тұстар бар», -- деді Украина басшысы.
Журналистер Зеленскийден америкалық тараппен бірлесіп түзетілген жоспардың негізгі айырмашылықтарын және оның АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен жуық арада кездесуді жоспарлап-жоспарламайтынын сұрады.
Зеленскийдің айтуынша, Украина АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздердің нәтижесін күтеді және өзінің келесі қадамдарын сол нәтижелерге қарай анықтайды.
Мемлекет басшысы бұған дейін Уиткофф және оның командасымен сөйлескенін, Киев әрі қарай да байланыс орнатуға, оның ішінде Украинада кездесу өткізуге дайын екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт АҚШ әкімшілігі Украина бойынша бейбіт келісімге жету мүмкіндігіне «өте оптимистік» қарайтынын айтқан. Оның сөзінше, америкалық келіссөзшылар және президент Дональд Трамп бұл бағытта «өте табанды жұмыс істеп жатыр».