Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:44

Зеленский Берлинде Трамппен видеоконференцияға қатысады

Зеленский
Фото: LUDOVIC MARIN/POOL/AFP

Украина президенті Владимир Зеленский 13 тамыз, сәрсенбі күні Берлинге келіп, АҚШ президенті Дональд Трамппен өтетін еуропалық көшбасшылардың видеоконференциясына қатысады. Бұл туралы Германия үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап dpa агенттігі хабарлады.

Кездесу бастамасын Германия канцлері Фридрих Мерц көтерген. Ол Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен Аляскада өтетін саммитінің алдында пікір алмасуды ұсынған. Онлайн форматтағы жиынға Зеленский мен Мерцтен бөлек, Ұлыбритания, Италия, Польша, Финляндия және Франция басшылары, Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта, НАТО бас хатшысы Марк Рютте және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс қатысады.

Берлиннің хабарлауынша, видеоконференцияда «Ресейге қысымды арттырудың жаңа жолдары» талқыланады. Сондай-ақ мүмкін болатын бейбіт келіссөздерге дайындық, оған қатысты аумақтық және қауіпсіздік мәселелері қаралады. Bloomberg дерегінше, жиын Берлин уақытымен 15:00-де басталады.

Аляскадағы Путин–Трамп саммиті
АҚШ және Ресей президенттерінің саммиті 15 тамызда Аляскадағы Элмендорф-Ричардсон әскери базасында өтеді. Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп пен Путин кездесудің кем дегенде бір бөлігін тек аудармашылардың қатысуымен, кеңесшілерсіз өткізеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, бұл — «сынақ» кездесуі. «Президент: "Маған бұл адаммен үстел басында сөйлесу керек. Көзбе-көз көріп, жағдайды өзім бағалауым қажет" деп отыр», — дейді ол.

Еуропалық көшбасшылар саммит жарияланған соң бірлескен мәлімдеме жасап, «дипломатиялық шешім Украина мен Еуропаның өмірлік маңызды қауіпсіздік мүдделерін қорғауы тиіс» екенін атап өтті. Олар бұл мүдделерге Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығын тиімді қорғауға мүмкіндік беретін берік қауіпсіздік кепілдіктері кіретінін айтты.

Тегтер: