Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:20

Зеленский: Бейбітшілікті Путиннен күтіп отыра беруге болмайды

Зеленский
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Украина президенті Владимир Зеленский 4 маусымда өткен Дональд Трамп пен Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуіне қатысты пікір білдірді.

Трамптың айтуынша, Ресей басшысы Украина қарулы күштерінің Ресей аэродромдарына жасаған шабуылдарына қатаң жауап беретінін  атап өткен.

Зеленский бұл жағдайға байланысты Мәскеудің әрекеттерін сынға алып, Ресейдің ұстанымын «ультиматум» деп атады. Оның сөзінше, мұндай талаптар бейбітшілікке апармайды, керісінше, жаңа шабуылдарға, қылмыстарға жол ашады.

«Ресейдің барлық жойқын шабуылдарынан кейін ол тағы да “жауап” әзірлеп отыр. Әрбір жаңа соққы – бұл әлемге көрсетілген қоқан-лоққы. Ресеймен келіссөздер жайында айтылғанымен, шынайы бейбітшілік туралы ешқандай нақты келісім жоқ», – деді Зеленский әлеуметтік желідегі жазбасында.

Ол 2025 жылдың басынан бері Ресей армиясы Украинаға шамамен 27 700 әуе бомбасын, 11 200 “шахед” дрондарын, 9 000-ға жуық басқа шабуылдаушы ұшқышсыз ұшақтар мен 700-ден астам зымыран атқанын еске салды.

Зеленский Ресейдің атысты тоқтату туралы меморандумын «максималды ультиматум» деп атап, оның мазмұны Украина Конституциясына, халықаралық құқыққа және ақылға қонымсыз екенін айтты. Құжатта Мәскеу Украинаның Қырым, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан бас тартуын және бұл аумақтардан Украина әскерінің шегінуін талап етеді.

«Бейбітшілікті Путиннен күтіп отыра беруге болмайды. Ол күш пен қысымды сезбесе, жаңа қатыгездіктерге барады. Егер әлем оған қарсы тұра алмаса, онда ол ешкімді күшті деп санамайды», – деді Украина президенті.

Сондай-ақ, Зеленский Стамбулдағы бұрынғы келіссөздерді «жасанды дипломатия» деп атап, олардың негізгі мақсаты – санкцияларды тоқтата тұру және АҚШ-ты Ресейдің келіссөздерге дайын екеніне сендіру болғанын айтты.

Ол қазіргі келіссөздер форматынан нәтиже шықпайтынын айтып, атысты тоқтатуды бірінші орынға қою қажет екенін, ал Ресеймен ықтимал кездесу үшін нақты алғышарттар керектігін мәлімдеді. Зеленский Украина кез келген жерде – Ыстамбұлда, Ватиканда немесе Швейцарияда келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты. Әйтпесе, соғыс төртінші жылға созылуы мүмкін екенін ескертті.