Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:11

Зеленский: «Бір жыл өтті — ештеңе өзгермеді»

Зеленский
Фото: Reuters

Зеленський Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум мінберінен сөйлеп, Еуропаны ашық сынға алды.

Оның айтуынша, құрлық әлі күнге дейін өз қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті саяси ерік пен батылдық көрсете алмай отыр. Бұл жағдай Украина үшін ғана емес, Еуропаның өзі үшін де қауіпті.

Зеленский АҚШ Венесуэла басшысы Николас Мадуроны тұтқындауға қол жеткізгенін, алайда Ресей президенті Владимир Путин әлі де еркін жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесіне» қосылу үшін Ресей мұздатылған активтерін ұсынып отырғанын сынға алды.

22 қаңтар күні Трамппен келіссөздерден кейін сөйлеген Зеленский Еуропаның Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған нақты әрі қатаң қадамдардан әлі де тайсақтап отырғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей «украиндарды суықта қырып-жоюға дейін жеткізу» тактикасын қолданып отыр.

«Бір жыл бұрын дәл осы Давоста сөзімді “Еуропа өзін қорғауды үйренуі керек” деп аяқтаған едім. Бір жыл өтті — ештеңе өзгермеді. Мен сол сөздерді қайта айтуға мәжбүрмін», — деді Украина президенті.

Ол Еуропаның Украинаға қатысты толыққанды халықаралық трибунал әлі құрмағанын еске салды.

 «Не жетіспейді — уақыт па, әлде саяси ерік пе? Еуропада әділеттен де маңыздырақ саналып кететін басқа бір нәрсе табыла береді», — деді Зеленский.

Санкциялар мен «көлеңкелі флот»

Украина басшысы Еуропаны Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге, әсіресе РФ мұнайын «көлеңкелі флот» арқылы экспорттауға тосқауыл қоюға шақырды. Сондай-ақ ЕО-ның Украинаға репарациялық кредит беру үшін мұздатылған ресейлік активтерді пайдаланудан бас тартуын сынға алды.

 «Агрессорға жасалған кез келген қысым үшін алғыс айтамыз. Бірақ ашығын айтсақ, Еуропа өз санкцияларын АҚШ санкциялары сияқты тиімді ету үшін әлі де көп жұмыс істеуі керек», — деді ол.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей Қытайдан көмек алып жатыр деген уәж жиі айтылады, алайда Украинаға қарсы соғыста РФ Еуропа, АҚШ және Тайвань компанияларының компоненттерін де пайдаланып отыр.

Иран мен Беларусь 

Зеленский Еуропаның Ирандағы наразылықтар қатаң басып-жаншылған кезде де, 2020 жылғы президент сайлауынан кейінгі Беларусьтегі шерулер кезінде де жеткілікті әрекет етпегенін айтты.

 «Еуропа Иран халқына да, оған қажет демократияға да нақты қолдау ұсынып отырған жоқ. Ал бостандық үшін күрескендерді қолдамасаңыз, салдары бәрібір өзіңізге қайтып келеді. Бұған мысал — Беларусь. Ол елдің халқын ешкім қолдамады, ал қазір Беларусь аумағында Еуропа астаналарына жете алатын Ресей зымырандары орналастырылған», — деді Зеленский.

Еуропа армиясы және НАТО мәселесі

Украина президентінің пікірінше, мұндай жағдайда Еуропаны Трамп та болашақта байыппен қабылдамауы мүмкін. Ол «Бейбітшілік кеңесін» құрды, бірақ еуропалықтар бұл мәселеде де ортақ ұстанымға келе алмай отыр.

«Еуропаға өзін шынымен қорғай алатын біріккен қарулы күштер қажет. Қазір Еуропа тек НАТО қауіп төнсе ғана іске қосылады деген сенімге сүйеніп отыр. Бірақ егер Путин Литваға басып кірсе немесе Польшаға соққы берсе — кім жауап береді?» — деді Зеленский.

Ол кейбір еуропалық елдердің шынымен де күшті екенін мойындады. Бірақ көпшілігі «күшті болу керек» деп айта отырып, «ол күштің келесі сайлауға дейін ғана жеткенін» қалайтынын сынады.

 «Бірлік болса — біз жеңілмейміз. Еуропа жаһандық күш бола алады және болуы тиіс. Ол кешігіп жауап беретін емес, болашақты қалыптастыратын күшке айналуы керек», — деді Зеленский.

Трамппен кездесу

Зеленский соғыстан кейін Украинаға ұсынылып отырған қауіпсіздік кепілдіктерін де атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-сыз бұл кепілдіктер жұмыс істемейді. Давоста Трамппен болған кездесуін ол «мазмұнды әрі нәтижелі» деп бағалады.

Ал Трамп бұл кездесуді «жақсы өтті» деп сипаттап, келіссөздердің шамамен бір сағатқа созылғанын айтты. Журналистердің «Путинге қандай хабар жеткізесіз?» деген сұрағына ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталуы тиіс екенін жеткізді.

Трамп бір күн бұрын Давоста Украина президенті келісімге дайын деген пікірін білдіріп,

 «Меніңше, біз бұған өте жақын келдік», — деген.

Айта кетейік, Зеленский мен Трамптың Давостағы кездесуі АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің Мәскеуде Путинмен өткізген келіссөздерінен бірнеше сағат бұрын өткен.