Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:28

Зеленский: Донбасс мәселесі – Ресей мен АҚШ келіссөздерінің негізгі тақырыбы

Зеленский
Фото: LUDOVIC MARIN/POOL/AFP

Украина президенті Владимир Зеленский Абу-Дабиде өтетін Украина, Ресей және АҚШ арасындағы алғашқы үшжақты келіссөздерде аумақтық мәселелер, соның ішінде Донбасс тағдыры басты тақырып болатынын мәлімдеді. Келіссөздер 23-24 қаңтар күндері өтеді.

Бұл туралы Зеленский 23 қаңтар, жұма күні журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты.

"Донбасс мәселесі – негізгі мәселе. Ол міндетті түрде талқыланады. Бүгін және ертең Абу-Дабиде үш тараптың бұл тақырыпты қалай көретіні сөз болады, - деді Украина басшысы.

Зеленскийдің айтуынша, ол түнде және таңертең Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚҚК) хатшысы Рустем Умеровпен сөйлескен. Дәл осы Умеров украин делегациясын бастап барады және келіссөздердің әр кезеңі бойынша президентке тиісті ақпарат беріп отырады.

Бұған дейін АҚШ-тың Axios порталы дереккөздерге сілтеме жасап, БАӘ-де өтетін кездесуде Украинаның шығысындағы аумақтарды бақылау мәселесі басты тақырып болатынын хабарлаған еді.

23 қаңтарға қараған түні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері — арнайы өкілі Стивен Уиткофф, Ақ үйдің аға кеңесшісі Джош Грюнбаум және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен кездесті. Кремль мәліметінше, келіссөздер шамамен төрт сағатқа созылған.

Кездесуден кейін РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков:

"Анкоридж формуласы бойынша аумақтық мәселе шешілмейінше, бейбітшілікке үміт арту мүмкін емес екені тағы да атап өтілді", - деді.

Оның айтуынша, 23 қаңтарда Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша Ресей-АҚШ-Украина қатысатын үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді.

Песков: Ресей делегациясын әскери өкілдер құрайды

РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге берген сұхбатында Ресей делегациясы БАӘ-дегі келіссөздерге толығымен Қорғаныс министрлігінің өкілдерінен құралатынын айтты. Оның сөзінше, олар түнде Путиннен тиісті нұсқаулар алған.

Песков келіссөздердің егжей-тегжейін ашудан бас тартып, Ушаков айтқан «Анкоридж формуласының» нақты мазмұнын жарияламады. Дегенмен ол Ресейдің ұстанымын еске салды:

"Украина қарулы күштері Донбасс аумағынан шығуы тиіс. Бұл Ресей үшін аса маңызды шарт", - деді Песков.