Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Зеленский Донецк облысындағы Покровсктен әскердің шегінуін жоққа шығармады

1
Фото: скриншот

Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында елдің Қарулы күштері Покровск қаласынан шегінуі мүмкін екенін айтты.

 Ол бұл шешім қабылданса, басты мақсат – сарбаздардың өмірін сақтау екенін атап өтті.

«Мен командирлеріміздің жағдайды бақылауда ұстау мүмкіндігіне ие болуын қолдаймын. Әйтпесе, бұл бізге тым қымбатқа түсер еді. Ең бастысы – сарбаздарымыздың өмірі», - дейді Зеленский.

Президенттің сөзінше, Ресей әскері Донецк облысының батысындағы Покровскіні басып алуға тырысып жатыр, себебі бұл әрекет арқылы Мәскеу АҚШ президенті Дональд Трампты Донбасс аймағын алып, соғысты тоқтатуға көндіруге үміттенеді.

«Біз Украинаның шығысынан кете алмаймыз. Мұны халық та, мемлекет те қабылдамайды. Ең бастысы – Ресейдің тоқтайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Ол бір қаланы алған соң, келесісіне өтеді. Тоқтатар күш жоқ», - дейді Зеленский.

Покровскідегі күрделі жағдай

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде Ресей әскері қалың тұманды пайдаланып, Покровск ішіне кіргені туралы видеолар кең тарады.

Украинаның 7-десант-шабуыл корпусының хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығы — әсіресе тұман, Ресей күштерінің белсенділігін арттырған. Олар қирандылар арасындағы қалаға көбірек әскер кіргізіп, украин бөлімшелерін қоршауға алуға тырысып жатыр.

Ресей әскері бұл қаланы басып алу үшін бір жылдан астам уақыт бойы әрекет етіп жатыр. Зеленский де кейінгі мәлімдемесінде тұман жағдайды күрделендіргенін мойындады.

Таралған бейнежазбаларда ресейлік әскерилердің ескі көліктер мен мотоциклдерге мініп, кедергісіз қалаға кіріп бара жатқаны көрінеді. 

Дрон соғысы 

Украин дрон операторларының айтуынша, соңғы күндері тұман әуе барлауын қиындатқан. Дәл осы себептен Ресей әскері техникалық колоннамен шабуыл жасаған.

Оның сөзінше, Покровск қазір «сұр аймаққа» айналған — қаладағы кейбір ғимараттарда украин әскері тұрса, келесі ғимаратта ресейліктер орналасқан.

Қазір қалада шамамен 300 ресейлік сарбаз бар деген дерек бар, бірақ олардың саны соңғы күндері көбейген болуы мүмкін.

Ресей әскері Покровск пен көршілес Мирноградты қоршап, «қазан» (котёл) операциясын жасағысы келеді. Бұл қоршау толық жабылмаса да, ресейлік FPV-дрондар қалаға кіретін жолдардың бәрін атқылап отыр.

Украина қарымта соққы беруде

Украина әскері қоршауға түспеу үшін Суворов және Родинский бағытында қарсы шабуыл жасап, Ресейдің қанаттарында бос кеңістік қалыптастырған.

«Олар біздің жолдарымызға дрондар мен артиллериядан ғана емес, құрлықтағы сарбаздар арқылы да шабуыл жасап жатыр», - дейді украин дрон операторы.

Бұл әдіс әскери тактикада «инфильтрация» деп аталады – яғни кіші топтар жау шебіне байқалмай өтіп, артқы тылда дүрбелең туғызады.

Украин әскери сарапшысы Константин Машовецтің айтуынша, Ресейдің бұл тәсілі біраз табысқа жеткен.

Кей жағдайларда ресейлік әскерилер жергілікті тұрғын немесе украин әскері формасында қалаға кіріп, қорғаушылар арасында тәртіпсіздік тудырады.

Тегтер: