Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Зеленский Еуропаны Киевке әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған зымырандар беруге шақырды

Зеленский
Фото: LUDOVIC MARIN/POOL/AFP

Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа елдерін Киевке әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарды шұғыл түрде жеткізуге үндеді. 

«Бірінші кезектегі басты міндет әуе қорғаныс зымырандар», - деп атап өтті Зеленский.

Оның айтуынша, 12 қаңтар күні арнайы кездесу өтеді, онда Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесі кеңінен талқыланбақ.

«Бізге серіктестердің PURL бағдарламасы аясындағы жаңа қару қажет», - деді Украина басшысы.

PURL бағдарламасы 2025 жылдың жазынан бастап НАТО-ның АҚШ президенті Трамппен жасалған келісімдері негізінде жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар Украина президенті Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сирскиймен серіктестер тарапынан келіп жатқан әскери көмектерді талқылағанын айтты.

«Қайсысы жолда, қайсысы әлі қажет, қандай сұраныстар орындалмай отыр және нені жеделдету керек – барлығын нақтылап алдық», - деді Зеленский.

Оның айтуынша, АҚШ-пен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровтің есебі де қаралған.

«Алдағы кездесулердің кестесін және келесі келіссөздерді жоспарлап жатырмыз», - деді Украина басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін 11 қаңтар күні Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасы 2026 жылдың басында Ресей армиясы біріктірілген әуе шабуылдары кезінде алғаш рет жаңа «Герань-5» соққы дронын қолданғанын хабарлаған. Барлау дерегінше, дронның ұзындығы шамамен 6 метр, қанаттарының ұзындығы 5,5 метрге дейін жетеді, ал жауынгерлік бөлігінің салмағы 90 келі шамасында. Ұшу және соққы жасау қашықтығы шамамен 1000 шақырым деп көрсетілген.

Сондай-ақ 10 қаңтар күні Киев билігі астанада төтенше электр энергиясы өшірілгенін мәлімдеді. Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігі әлеуметтік желілерде бұл шаралардың Укрэнерго нұсқауына сәйкес енгізілгенін хабарлады. Электр қуатымен бірге су, жылу және электр көлігі жүйелерінің жұмысы да уақытша тоқтаған. Қаланың кейбір аудандарында жарықтың өшуі келесі күні де жалғасқан.

Тегтер: