Зеленский: Курск облысындағы КХДР сарбаздары шығынға ұшырап жатыр
Ресей Федерациясының Курск облысындағы солтүстік кореялық сарбаздардың бір бөлігі қазірдің өзінде Украина қарулы күштеріне қарсы шайқастарға қатысып, шығынға ұшырады.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммитіне қатысу қорытындысындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"Әлемнің кейбір елдері КХДР-дның Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысуына «қатты» реакция білдірсе, басқалары мүлде жауап бермеді. Енді Ресей Федерациясына қарсы саяси қысым мен тиісті қаруды қолданбасақ, онда келесі қадам Солтүстік Корея контингентін әлдеқайда кеңірек қолдану болуы мүмкін, өйткені Путин әрқашан әлемнің реакциясына қарайды", - деді Украина президенті.
Киев әлемдік қауымдастықтан реакция күтеді
Владимир Зеленский 4 қарашада Курск облысында қазірдің өзінде 11 мың солтүстіккореялық сарбаз бар екенін айтты. Дәл осындай ақпаратты Оңтүстік Корея басшылығы да жариялады.
«Біз солтүстік кореялықтар санының көбеюін көріп отырмыз, бірақ серіктестеріміздің көзқарасы өскенін көрмейміз», - деп шағымданды Зеленский. Бір күннен кейін ол әлемдік қауымдастықтан «қатаң жауап» талап етті.
4 қарашада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей Федерациясы мен КХДР арасындағы әскери ынтымақтастықты «қауіпті эскалация» жолы деп атады. Ол Солтүстік Корея әскерлерінің Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Ресейге жіберілгені туралы хабарларға алаңдаушылық білдіріп, «бұл қақтығыстың халықаралық сипатқа ие болмауы үшін барлығын істеуге» шақырды.
Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров 6 қарашада жарияланған Оңтүстік Кореяның KBS телеарнасына берген сұхбатында солтүстік кореялықтармен алғашқы шайқастар туралы баяндады. Сонымен бірге ол ресейліктер солтүстіккореялықтарды буряттардың кейпінде жасырып отырғанын, сондықтан КХДР әскери қызметшілерін анықтау қиын екенін атап өтті.