Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Зеленский мемлекет басшыларын 9 мамырда Мәскеуге бармауға шақырды

Зеленский
Зеленский. Фото: ЖИ

Украина Президенті Владимир Зеленский әлем елдерінің көшбасшыларын 9 мамырда Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына қатысудан бас тартуға шақырды.

Оның айтуынша, Ресей тарапы бұл іс-шараны өз мақсатында пайдаланып кетуі мүмкін, шетелдік басшылардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды.

Зеленскийдің сөзінше, Украина Ресей аумағында орын алуы мүмкін оқиғалар үшін жауапты бола алмайды.

«Ресей бұл күндері қандай әрекеттер жасайтынын біз білмейміз – арандату, өрт, жарылыс және кейін сол үшін Украинаны кінәлау мүмкіндігі бар», – деді ол 3 мамырда Киевте өткен баспасөз жиынында.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 8–10 мамыр аралығында Украинамен үш күндік «оқ атуды тоқтату» туралы ұсыныс жасаған. Алайда Зеленский бұл ұсынысты «манипуляция» деп атады. Ол соғыс әрекеттерін тоқтату үшін шынайы келіссөздер жүргізу қажеттігін айтты және АҚШ ұсынған 30 күндік атысты тоқтату бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Зеленский сонымен қатар Украинаның бейбіт бастамаларға дайын екенін, алайда Ресей тарапынан шынайы әрекет байқалмайтынын атап өтті.

«Біз өмірді бағалаймыз, парадтарды емес», – деді ол.

Француз AFP агенттігінің мәліметінше, Мәскеудегі Жеңіс парадына Қытай басшысы Си Цзиньпин, Бразилия президенті Лула да Силва, сондай-ақ Қазақстан, Беларусь, Куба және Венесуэла елдерінің басшылары қатысады деп болжанған. Зеленский бұл қадамды «Путинді оқшаулаудан шығару амалы» деп сынға алды.

InformNapalm халықаралық барлау қауымдастығы Ресейдің арнайы қызметтері 9 мамыр мерекесіне орай терактілер ұйымдастыру арқылы Украинаға қарсы арандатушылық жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Террорлық әрекеттердің Мәскеуде емес, алыс аймақтарда – Хабаровск пен Улан-Удэде жүзеге асуы мүмкін екені айтылған.

Зеленскийдің бұл мәлімдемесі халықаралық қауымдастыққа Ресейдің әрекетіне сақ болу керегін тағы бір мәрте ескерткен қадам ретінде бағаланып отыр.

Тегтер: