Зеленский мен Макрон «тарихи келісімге» қол қойды: Франция Украинаға 100 Rafale ұшағын береді
Украина президенті Владимир Зеленский Францияға ресми сапар жасап, Эммануэль Макронмен маңызды қорғаныс келісіміне қол қойды.
Тараптар Париж маңындағы Виллакубле әскери авиабазасында декларация қабылдады. Зеленский бұл құжатты алдын ала «тарихи келісім» деп атаған болатын.
100 Rafale: Украина авиациясын жаңарту жоспары
Келісім 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді серіктестікті қамтиды. Ең негізгі тармақ — Францияның Украинаға 100 дана Rafale жойғыш ұшағын жеткізуі.
Әзірге бұл көмектің қаржыландыру тетігі нақты айтылған жоқ. Reuters дерегінше, ұшақтардың бір бөлігі Францияның қолданыстағы резервінен бөлінуі мүмкін.
Зеленский әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесінде тараптар тек Rafale-мен шектелмей, қосымша әскери көмекке де келіскенін атап өтті:
- SAMP/T әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері (Франция–Италия өндірісі);
- Осы жүйелерге арналған радарлар;
- «Әуе–әуе» класты зымырандар;
- 2025 жылы-ақ Франциямен бірлесіп дрондарды ұстайтын құралдарды өндіруді бастау.
Еуропаның жаңа коалициясы және АҚШ-тың алыстауы
Қол қою рәсімінен кейін Зеленский мен Макрон Франция және Ұлыбритания бастамасымен құрылған «еріктілер коалициясының» штаб-пәтеріне барды. Бұл коалиция – АҚШ-тың соғыстан алыстап, ал ЕО ішінде Украинаға көмекті азайтуға шақыратын күштер көбейген тұста құрылған құрылым.
Макрон баспасөз мәслихатында Украинаны: «Еуропаның бірінші қорғаныс шебі» деп атап, Киевке көмектесу – «барлық еуропалықтардың қауіпсіздігі» үшін маңызды екенін айтты.
Париж сапарынан кейін Зеленский Мадридке барады. Бұл – соғыс басталғалы Испанияға оның екінші сапары болмақ.
Gripen келісімі: Швеция да қолдау көрсетуде
Бір ай бұрын Украина президенті Швециямен 100-150 дана Gripen жойғышын жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойған еді. Бұл ұшақтар бірнеше жыл ішінде берілмек. Алғашқы Gripen-дер 2026 жылы келуі мүмкін. Олардың құнын кім өтейтіні әлі белгісіз, бірақ Швеция ресми өкілдері мұны Ресейдің мұздатылған активтері есебінен қаржыландыру ықтималдығын жоққа шығармады.
Reuters дереккөздері Rafale мен Gripen жөніндегі келісімдер Киевтің әуе флоты санын 250 жойғышқа дейін жеткізуді көздейтін ұзақмерзімді стратегиясының бөлігі екенін айтады.
Қазір Украинада нақты есеп бойынша бірнеше ондаған ғана әскери ұшақ қана қалған.