Зеленский мен Рим папасы кездесті

Жаңа сайланған XIV Лео Рим Папасы қызметіне кіріскеннен кейін бірден Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Бұл тарихи жүздесу Ватиканда өтті. Кездесу барысында тараптар Украинадағы соғыс жағдайын, гуманитарлық ахуалды және бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.
Рим Папасы Ватиканды Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздер жүргізетін алаңға айналдыруды ұсынды. Оның айтуынша, Қасиетті Тақ бейтарап әрі сенімді платформа ретінде екі тараптың да пікірін тыңдауға мүмкіндік бере алады.
Украина президенті понтификтің ұсынысына ризашылығын білдіріп, әлеуметтік желілерде:
“Әлемдегі миллиондаған адам үшін Рим Папасы – бейбітшілікке деген үміттің символы. Қасиетті Тақтың беделі мен дауысы осы соғысты тоқтатуда шешуші рөл ойнай алады. Украина мен Ресей арасындағы тікелей диалог үшін алаң ұсынуға дайын болғаны үшін Ватиканға алғыс айтамыз. Біз бейбітшілікке жеткізетін кез келген форматтағы диалогқа дайынбыз”, – деп жазды.
Сондай-ақ Зеленский Ватиканды гуманитарлық миссияларға белсенді қатысуға шақырды. Әсіресе тұтқындарды босату, балаларды қайтару және соғыс аймағындағы бейбіт тұрғындарға көмек көрсету мәселелері сөз болды.
Бұл кездесу әлемдік қауымдастықтың назарына ілікті. Диалог халықаралық аренада кеңінен талқыланып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, Қасиетті Тақтың делдал ретінде бейбіт бастамаларға араласуы – Украинадағы қантөгісті тоқтатуға бағытталған маңызды дипломатиялық қадам. Ватиканның бейбітшілік орнатуға бағытталған арағайындық миссиясы қазіргі әлемдегі саяси және моральдық салмақты рөлін тағы бір мәрте айқындап отыр.