Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:41

Зеленский офисін кім басқарады? Ермактың орнына ұсынылған 5 кандидат туралы не белгілі

Зеленский
Фото: Aaron Schwartz / CNP / Keystone Press Agency / Global Look Press

Украина президенті Владимир Зеленский президент офисінің жаңа басшысы қызметіне ұсынылатын бес кандидаттың есімін атады. Бұл лауазым қараша айының соңында бос қалған еді. Елдегі ең ықпалды шенеуніктердің бірі саналатын Андрей Ермак «Энергоатом» компаниясындағы жемқорлық ісіне қатысты жүргізілген тінтуден кейін қызметтен босатылған.

"Медуза" басылымы аталған 5 кандидат туралы жазды.

Денис Шмыгаль
Фото: EPA/Vostock-photo

Денис Шмыгаль – қазіргі қорғаныс министрі

Соғысқа дейін Шмыгаль Ивано-Франковск облысын басқарды (2019–2020). Кейін қысқа уақыт аймақтар мен қауымдарды дамыту жөніндегі вице-премьер болды.

2020 жылдың наурызынан 2025 жылдың шілдесіне дейін Украина үкіметін басқарды, соңғы жарты жыл бойы қорғаныс министрі.

Зеленский мен Шмыгаль арасындағы қарым-қатынасқа БАҚ түрлі баға берді. «Украинская правда» 2024 жылы президенттің одан «шаршағанын», үкімет басшысы лауазымынан кетіргісі келетінін жазған.

Bloomberg деректеріне қарағанда, Шмыгаль биыл жазда АҚШ-тағы Украина елшісі қызметіне де ықтимал кандидат ретінде қарастырылған.

Киевтегі «Новая газета Европа» тілшісінің пікірінше, Шмыгаль премьер болған жылдары «ірі жанжалдарға жол бермей қателіктер жасамаған».

Михаил Федоров
Фото: wikimedia.org

Михаил Федоров – вице-премьер, цифрлық трансформация министрі

Федоров Зеленскийдің 2019 жылғы сайлауалды кампаниясында digital-блокты басқарған. Кейін президенттің кеңесшісі және «Халық қызметшісі» партиясынан депутат болды. 2019 жылдан бері үкімет құрамында отыр.

Оның басшылығымен «Дія» мемлекеттік цифрлық қызметтер платформасы құрылды. Сонымен қатар, United24 қайырымдылық платформасының бастамашыларының бірі – дрондар армиясын дамыту жобасы да соның жетекшілігімен жүзеге асты.

«РБК-Украина» дерегі бойынша, Украина қорғанысы үшін аса маңызды Starlink желісін қосу жөніндегі келіссөздерді Илон Маскпен жүргізген де Федоров.

Көп сарапшы оны Ермактың орнына негізгі үміткер деп санайды.

Кирилл Буданов
Фото: Defence Intelligence of Ukraine

Кирилл Буданов – Бас барлау басқармасының (ГУР) жетекшісі

Буданов – Украина барлау жүйесіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. 2020 жылдан бері ГУР басшысы. Бұған дейін арнайы тапсырмалар бөлімінде қызмет еткен, Донбасс шайқастарына қатысқан.

2023 жылы генерал-майор атағын алды, бір жылдан кейін  «Украина қаһарманы» атағын алды.

Буданов пен оның жұбайы Марианна қауіпсіздік мақсатында ұзақ уақыт бойы барлау қызметі ғимаратында тұрып келді. Журналистер оның әйелін ауыр металмен улауға әрекет жасалғанын да жазған. Будановтың өзіне жасалған бірнеше қастандықтан аман қалғаны белгілі.

Ол украин қоғамындағы сенім рейтингі бойынша Зеленский мен Залужныйдан кейінгі үшінші орында.

Павел Палиса
Фото: 93-ші бригада «Холодный Яр»

Павел Палиса – президент офисі басшысының орынбасары

Палиса бұл қызметте 2024 жылдың қарашасынан бері жұмыс істейді. Зеленскийдің әскери кеңесшісі ретінде де белгілі.

Саясатқа келмей тұрып 2002–2024 жылдары Украина Қарулы күштерінде қызмет еткен, соғысқа қатысқан. 2023 жылы Бахмут қорғанысы кезінде «Холодный Яр» бригадасының командирлерінің бірі болды. Полковник әскери атағы бар.

2025 жылдың көктемінде АҚШ-пен келіссөз жүргізген украин делегациясының құрамында болған.

Сергей Кислица
Фото: БҰҰ

Сергей Кислица – Украина сыртқы істер министрінің орынбасары

Кислица – Украинаның ең тәжірибелі дипломаттарының бірі. 2020–2024 жылдары БҰҰ-дағы Украина тұрақты өкілі болды. Сонымен қатар, Стамбулдағы Ресей-Украина бейбіт келіссөздері делегациясының мүшесі.

Қазіргі АҚШ-Украина келіссөздеріне де қатысып жүр.

8 желтоқсанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Зеленский жаңа басшыны тағайындау оңай болмайтынын мойындады.

Президенттің сөзінше, аталған бес кандидаттың әрқайсысы өте маңызды позицияда отыр, сондықтан «бірін басқа жерге ауыстыру бүкіл жүйеге әсер етуі мүмкін».