Зеленский Путин ұсынған бітімді "саяси манипуляция" деп бағалады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің бейбіт келіссөздер ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді.
Зеленскийдің пікірінше, Путин 8-11 мамыр аралығында жариялаған уақытша бітім – шынайы бейбіт қадам емес, тек саяси айла. Ол атысты тоқтату қысқа мерзімге емес, ұзақ әрі нақты негізде жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті.
– Атыс бірнеше күнге ғана емес, толық, шұғыл және сөзсіз тоқтатылуы тиіс. Мұндай үдеріс кемінде 30 күнге жалғасуы керек, – деді Владимир Зеленский өз видеоүндеуінде.
Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Жеңістің 80 жылдығына орай уақытша бітім жариялаған еді. Оның мәлімдеуінше, атысты тоқтату 7 мамырдан 8 мамырға ауған түні сағат 00:00-де басталып, 10 мамырдан 11 мамырға қараған түнгі 00:00-де аяқталуы тиіс.
Путин бұл бастаманы Киевтің де қолдауын ұсынып, Украина тарапын дәл осындай қадамға шақырды. Сонымен қатар егер бітім бұзылса, Ресей оған "лайықты әрі нәтижелі жауап қайтарады" деп ескерткен.
Украинаның сыртқы істер министрлігі бұл бастамаға жауап беріп, Киевтің "ұзақ мерзімді атысты тоқтатуды қолдайтынын" мәлімдеді.
Жангүл Есениязова