Зеленский Путинді Киевке келіссөзге шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге Киевке келіп, келіссөз өткізуге ұсыныс жасады. Бұл туралы ол 5 қыркүйек күні америкалық ABC News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Зеленский: «Мен Мәскеуге бара алмаймын»
«Ол (Путин) Киевке келе алады. Ал мен Мәскеуге бара алмаймын, өйткені менің елім күн сайын зымыран соққыларына, шабуылдарға ұшырап отыр. Мен террористің астанасына бара алмаймын. Путин мұны жақсы түсінеді», — деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей президенті шын мәнінде кездескісі келмейді және соғысты тоқтатуға дайын емес.
«Ол Америка Құрама Штаттарымен ойын ойнап отыр», — деді Украина басшысы.
Путиннің жауабы
Бұған дейін дәл сол күні, 5 қыркүйекте, Ресей президенті Владимир Путин Владивостоктағы Шығыс экономикалық форумында сөз сөйлеп, Украина мәселесіне қатысты келіссөздер үшін ең қолайлы орын ретінде Мәскеуді атаған еді. Ол Зеленский Ресей астанасына келген жағдайда «жүз пайыздық қауіпсіздікке кепілдік» берілетінін айтты.
Путин сондай-ақ үшінші елдерде кездесу өткізу ұсыныстарын «артық» деп бағалады.
Халықаралық алаң ұсыныстары
28 тамызда Германия канцлері Фридрих Мерц Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуде Зеленский мен Путиннің тікелей кездесуін ұйымдастыру қазір мүмкін еместігін айтып, Украинадағы бейбіт реттеу тақырыбын қайта қозғауға шақырды.
2 қыркүйекте Мерц Швейцария президенті Карин Келлер-Зуттермен бірлескен баспасөз мәслихатында мұндай келіссөздердің Женевада өтуі ықтимал екенін атап өтті.
Ал 3 қыркүйекте Украина сыртқы істер министрі Андрей Сыбыга әлеуметтік желіде жеті ел — Аустрия, Ватикан, Швейцария, Түркия және Парсы шығанағының үш мемлекеті — Зеленский мен Путин кездесуіне алаң ұсынуға дайын екенін хабарлады.