Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:35

Зеленский Путинді меңзеп "Өліп қалса екен деп тілейміз" деген сөзі талқыға түсті

Путин мен Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Владимир Зеленский украин халқына арналған рождестволық үндеуінде мереке күні Украина өңірлеріне жасалған соққылар үшін Ресей әскерін "құдайсыз" деп айыптады. 

Украина президенті Владимир Зеленский 25 желтоқсанға қараған түні жасаған рождестволық телеүндеуінде соғыс тақырыбына тоқталып, украин халқының басты тілегін меңзеп өтті. Оның сөздері Ресей билігінің қатаң наразылығын туғызды.

Зеленскийдің айтуынша, Рождество мейрамында украин халқының арманы бір.

«Бүгін бәріміздің арманымыз бір. Барлығымыз бір ғана тілек тілейміз: “Өліп қалса екен” деп әрқайсымыз ішімізден айтамыз. Бірақ Құдайдан сұраған кезде, әрине, кеңірек тілейміз. Украина үшін бейбітшілік сұраймыз», – деді Украина президенті.

Украина басшысы өз үндеуінде мереке қарсаңында Ресей әскерінің жасаған шабуылдарын қатаң айыптады. Оның айтуынша, Рождество түні Украинаның бірқатар аймағы жаппай атқылауға ұшыраған.

«Рождество қарсаңында орыстар өздерінің шын мәнінде кім екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жаппай атқылаулар, жүздеген “Шахед”, баллистикалық зымырандар, “Кинжалдар” – бәрі болды. Құдайсыздар осылай соққы жасайды. Христиандыққа да, жалпы адамзаттық құндылықтарға да еш қатысы жоқ адамдар осылай әрекет етеді», – деді Зеленский.

Украина президенті өз сөзінде Ресей президенті Владимир Путиннің атын тікелей атап, оның өлімін тілеу туралы ашық айтпағанымен, бұл ойды меңзеген пікірлері Кремльде теріс қабылданды.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленскийдің мәлімдемесін «әдепсіз әрі өшпенділікке толы» деп бағалады. Оның айтуынша, Украина басшысының сөзі саяси көшбасшыға тән емес.

«Мұндай мәлімдемелер оның қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған ақылға қонымды шешімдер қабылдай алу қабілеті бар ма деген сұрақ туғызады», – деді Песков. Ол сондай-ақ Зеленскийді «ақылға қонымсыз адам» деп атады.

Айта кетейік, Украина мен Ресей арасындағы соғыс үшінші жылға аяқ басқан тұста, тараптардың риторикасы барған сайын қатаңдап, саяси мәлімдемелер халықаралық деңгейде қызу пікірталас тудырып отыр.

Тегтер: