Зеленский Путинмен кездесудің жалғыз шартын атады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинмен ешқандай алдын ала шарт қоймай-ақ кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Sky News телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Зеленскийдің сөзінше, ол АҚШ президенті Дональд Трамп пен Путинмен үшжақты немесе екіжақты форматта диалог өткізуге әзір.
«Мен президент Трамп және Путинмен үшжақты немесе екіжақты форматта кездесуге дайынмын... Ешқандай шартсыз кездесу өткізуге әзірмін», – деді Украина басшысы.
Сонымен қатар, ол Мәскеуге бармайтынын атап өтті. Бірақ Ресейден өзге кез келген мемлекетте кездесуге ұсыныстар түссе, оларды қарастыруға әзір екенін жеткізді.
Путин мен Зеленскийдің өзара кездесуі
Бұған дейін Путин Зеленский егер шынымен кездесу өткізгісі келсе, Мәскеуге келуі керегін айтқан еді. Алайда Зеленский бұл ұсыныстан бас тартып, керісінше Путинді Киевке келіссөздерге шақырды.
Трамптың арағайындығы
16 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийге Украинадағы соғысты тоқтату үшін Мәскеумен «келісімге келу» қажеттігін айтқан болатын. Алайда ол нақты қандай келісім туралы сөз қозғап отырғанын түсіндірмеді. Сонымен бірге, Трамп Зеленский мен Путин арасындағы ықтимал келіссөздерге өзі де қатысуға дайын екенін мәлімдеді.