Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Зеленский: Ресей қаруларында Германия мен АҚШ бөлшектері бар

Украина
Фото: БАҚ

Украина президентінің мәлімдеуінше, Ресейдің қару-жарақтарында Германия, АҚШ және өзге де елдердің өндірушілерінен шыққан компоненттер қолданылады. Киев соғысқа көмектесіп отырған компанияларға қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Федерациясы өз қаруларын шетелдік бөлшектер арқылы құрастырып жатқанын айтты. Бұл туралы ол 6 қазан, дүйсенбі күні өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Президенттің сөзінше, Ресейдің Украинаға қарсы толыққанды соғысының төртінші жылында Мәскеу әлі де Батыс елдерінде өндірілген бөлшектерді сатып алып, пайдаланып отыр.

«5 қазанға қараған түні Украина аумағына жасалған шабуыл кезінде Ресей құрамында АҚШ, Қытай, Тайвань, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Жапония, Оңтүстік Корея және Нидерланд компанияларында өндірілген 102 785 шетелдік бөлшек бар 549 қаруды қолданды. Ұшырылған дрондарда шамамен 100 688 шетелдік компонент болған. Соның ішінде 1 500-і «Искандер», 192-сі «Кинжал», ал 405-і «Калибр» зымырандарында пайдаланылған», — деді Зеленский.

Президенттің айтуынша, АҚШ компаниялары Ресейдің Х-101 зымырандары мен Shahed / «Герань» дрондарына арналған конвертерлер, «Кинжал» ракеталарына арналған матрицалар мен аналогтық-цифрлық түрлендіргіштер, сондай-ақ микроэлектроника шығарып отыр.

«Әрбір Shahed дронында Қытай мен Тайванда өндірілген кемінде елу түрлі микроэлектроника бар,» — деді ол.

Зеленский атап өткендей, Ресей армиясы пайдаланатын дрондардың микроконтроллерлері Швейцарияда, ал оларды басқаруға арналған микрокомпьютерлер Ұлыбританияда жасалған.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Ресейдің қанатты зымырандарына арналған оптоизоляторлар Жапонияда, коннекторлар Германияда шығарылған.

«Ресей сондай-ақ Нидерландта өндірілген процессорларды және Оңтүстік Кореядағы серводрайвтарды қолданады», — деді Украина басшысы.

Зеленский Киевтің Ресейге соғыс кезінде жанама көмек көрсетіп отырған шетелдік компанияларға қарсы жаңа санкциялық тізім әзірлеп жатқанын да хабарлады.

«Бұл – әділдік мәселесі ғана емес, сонымен бірге халықаралық қауіпсіздікке тікелей жауапкершілік. Әлем Ресейдің әскери машинасына бөлшек жеткізу арқылы соғыстың ұзаруына жол бермеуі тиіс», — деді ол.

Тегтер: