Зеленский: Ресей Пасхадағы уақытша бітімді 2000-нан астам рет бұзды

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Пасха кезінде жарияланған бітімді сақтамағанын айтып, соған қарамастан, атысты тоқтату режимін ұзартуға шақырды. Оның айтуынша, Ресей әскері тек осы уақытша тыныштық кезеңінде 2000-нан астам рет бітімді бұзған. Алайда 20 сәуір күні әуе дабылы бірде-бір рет соқпағанын ерекше атап өтті.
"Бұл – қол жеткізілген және жалғастыруға ең ыңғайлы тыныштық форматы. Украина алыс қашықтықтағы дрондар мен зымырандар арқылы азаматтық инфрақұрылымдарға жасалатын кез келген шабуылды кемінде 30 күнге тоқтатуды, әрі қарай ұзартуды ұсынады", – деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
Зеленский Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің мәліметіне сүйене отырып, 30 сағаттық бітім кезінде Ресей әскері әртүрлі бағытта 67 шабуыл жасағанын айтты. Олардың көбі Покровск маңында тіркелген. Сондай-ақ 1355 мәрте оқ атылған, оның 713-і ауыр қарудан болған. FPV-дрондар да 673 рет қолданылған.
Ресей оккупациялық билігі де Украина әскерін бітімді бұзды деп айыптады. Ресей тағайындаған Херсон облысының "губернаторы" Владимир Сальдо украин армиясы Алёшки, Гола Пристань және Каховка қалаларына дрондар және минометпен шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Родион Мирошник те Украинаның 20 сәуір күні таңертең Донецк облысындағы Горловка қаласының Никитов ауданы мен Луганск маңындағы Кременная маңайын атқылағанын айтты. Ресей Қорғаныс министрлігі бітім жарияланғаннан кейін Украина Қарулы күштері Ресей позицияларын 444 рет атқылап, 900 дрон соққысын жасағанын хабарлады.
Ресей президенті Владимир Путин 19 сәуір күні Пасхаға орай 30 сағаттық бітім жариялаған болатын. Бітім 19 сәуір күні кешкі сағат 18:00-де басталып, 21 сәуір түнгі 00:00-де аяқталуы керек еді.
Алайда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің бұл бітімді ұзарту жоспары жоқ екенін айтты. "Басқа бұйрықтар болған жоқ", – деп қысқа қайырды ол журналистерге берген жауабында.
Президент Зеленский бітімді сақтауға дайын екенін білдіріп, оны жалғастыруды ұсынды, алайда Ресей тарапын шабуылдарды тоқтатпады деп кінәлады.