Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Зеленский: Ресей соғысты аяқтау туралы ойлана бастады — бұл жақсы белгі

Украина
Фото: youtube

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің тікелей келіссөздер бастау туралы ұсынысына пікір білдіріп, бұл қадамды соғысты тоқтатуға деген алғашқы ниет ретінде бағалады.

Telegram-арнасында жарияланған мәлімдемесінде Зеленский ресейліктердің “соғысты тоқтату туралы ақыры ойланғанын” атап өтіп, мұны бүкіл әлем күткен маңызды белгі деп атады.

— Ресейліктердің соғысты тоқтату туралы ойлана бастауы — бұл жақсы белгі. Бұл — жаһан жұртшылығы көптен күткен, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған алғашқы қадам. Кез келген соғысты шын мәнінде аяқтау атысты толық тоқтатудан басталады. Қан төгуді жалғастырудың, адамдарды өлтірудің, бейбіт тұрғындарды азаптаудың еш мәні жоқ. Біз Ресей 12 мамырдан бастап атысты ұзақ мерзімді және сенімді түрде тоқтатуға дайын екендігін растайды деп үміттенеміз. Украина мұндай кездесу мен келіссөздерге дайын, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылдың 15 мамырында Ыстамбұлда Украинамен тікелей келіссөздерді алдын ала шарттарсыз бастау туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастама Ресей жариялаған үш күндік атысты тоқтату режимі аяқталғаннан кейін, 11 мамырға қараған түні айтылды. Алайда Киев бұл кезеңде атысты тоқтату ережелері бірнеше рет бұзылғанын мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, Украина дипломатиялық жолды таңдауға дайын, алайда бұл процесте нақты әрекеттер мен сенімді кепілдіктер маңызды. Сонымен қатар, Киев халықаралық қауымдастықтың белсенді араласуын және бақылауын қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.

Қосымша ақпараттарға сәйкес, Ыстамбұлдағы кездесу орын алса, бұл 2022 жылдан бері тоқтап қалған келіссөздер процесінің жандануы болмақ. Сарапшылардың пікірінше, тараптар атысты тоқтату мәселесінде мәмілеге келе алса, бұл Еуропадағы ұзаққа созылған дағдарысты аяқтауға негіз болады.

Тегтер: