Зеленский Ресеймен энергетикалық бітімді растады
Украина президенті Владимир Зеленский 29 қаңтар, бейсенбі күні кешке Украина мен Ресей арасында қыс мезгіліне арналған «энергетикалық бітім» туралы келісімге қол жеткізілгенін растады.
Бұл жөнінде Deutsche Welle хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, тараптар қысқы суық кезеңде энергетикалық инфрақұрылымға соққы бермеу жөнінде уағдаласқан. Украина басшысы бұл процесте АҚШ президенті Дональд Трамп-тың арағайындық рөлін ерекше атап өтті.
«Президент Трамптың осы қысқы кезеңде Киев пен Украинаның өзге қалаларын ресейлік соққылардан қорғау мүмкіндігі туралы мәлімдемесі – аса маңызды», – деп жазды Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
Украина президенті келіссөздер Біріккен Араб Әмірліктерде өткенін айтып, қол жеткізілген уағдаластықтардың толық орындалатынына үміт білдірді.
«Деэскалацияға бағытталған қадамдар соғысты аяқтауға қарай нақты қозғалысқа жол ашады», – деді ол.
Украина билігі бұған дейін де қыстың қақаған кезінде энергетикалық жүйені қорғау ел үшін шешуші маңызға ие екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Бұған дейін Дональд Трамп Ақ үйдегі жиында Ресей президенті Владимир Путин-мен жеке сөйлесіп, Киев пен өзге қалаларға соққы жасамауды сұрағанын, ал Путин бұл өтінішке келіскенін айтқан.
Оның айтуынша, соңғы бір аптада Киевке шабуыл жасалмауы дәл осы келіссөздің нәтижесі. Инфрақұрылымға соққыларды тоқтату туралы ақпарат 29 қаңтар күні таңертең әлеуметтік желілерде тарағанымен, Абу-Дабиде өткен келіссөздерге қатысқан ресми тараптар ұзақ уақыт бойы түсініктеме бермеген.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков энергетикалық бітім жөніндегі ақпаратты түсіндіруден бас тартқанын ресейлік БАҚ хабарлады.
Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Виктория Страхова бейсенбі күні таңғы сағат 7:00-ден бастап Ресей Қарулы күштерінде Киевке, Киев облысына және бүкіл Украинадағы инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға тыйым салынғаны жөнінде мәлімет түскенін айтты. Бұл ақпаратты украиналық Kraken арнайы бөлімшесінің командирі Константин Немичев те растады.
Сонымен қатар, сарапшылар Ресей жағында қару-жарақ қорының азаюы мүмкін екенін атап өтуде. 24 қаңтардағы шабуылдан кейін табылған оқ-дәрі қалдықтарын зерттеу барысында 2026 жылы шығарылған Х-101 зымыранының бөлшектері анықталған.
Бақылаушылардың пікірінше, бұл Ресейдің бұрын жинақтаған қорлары сарқылып, енді алыс қашықтықтағы зымырандарды тек қазіргі өндірістік қуатымен шектеулі мөлшерде қолдануға мәжбүр екенін көрсетуі мүмкін.