Зеленский Ресеймен келіссөздерді жандандыру үшін Түркияға барады
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келіссөздерді қайта іске қосу және соғыс тұтқындарын алмастыруды жандандыру үшін Түркияға сапар жасайтынын мәлімдеді.
«Ертең Түркияда маңызды кездесулер. Біз келіссөздер процесін жандандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Серіктестерге ұсынар дайын шешімдеріміз бар. Соғысты аяқтауға алып келетін кез келген мүмкіндікті пайдалану – Украина үшін бірінші кезектегі міндет. Сондай-ақ тұтқындарды алмастыру ісін қайта жолға қоюға күш салып жатырмыз», - деді Зеленский.
Вашингтон өкілі де келеді
Reuters-тің түрік дереккөзі хабарлағандай, АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф 19 қарашада Түркияға барып, Зеленскиймен жоспарланған келіссөздерге қатысады. AFP агенттігі украин жағына сүйене отырып, Зеленский Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен де кездесетінін хабарлады.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу «Киевтен ешқандай ақпарат алмағанын» және Зеленский Түркияға келетін күндері Ресей өкілдерінің сол жерде болмайтынын айтты.
Түркия – соғыс басталғалы екі тарап арасындағы негізгі арағайын
2022 жылы соғыс басталғаннан бері Түркия өзін Мәскеу мен Киев арасындағы негізгі делдал ретінде ұсына бастады. 2025 жылдың мамырынан бері Стамбулда бірнеше келіссөздер өткен, нәтижесінде тараптар тұтқындар алмастыру туралы уағдаласқанымен, атысты тоқтату жөнінде нақты ілгерілеу болмаған еді. Соңғы тұтқындар алмасуы қазан айының басында өтіп, екі жақ 185 адамнан алмастырған.
Киев Мәскеудің шарттарын қабылдай алмайды
Украина тарабының мәлімдеуінше, Ресей бірнеше рет соғысты тоқтату ниетінің жоқтығын көрсеткен және Киев үшін мүлде қабылдауға болмайтын талаптар қойған. Оның ішінде қосымша территорияларды беру және Ресей алдында іс жүзінде берілуге тең шарттар бар.
11 қарашада Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислица келіссөздердің тоқтауын Ресей тарапындағы «диктатура жағдайында өкілеттілігі шектеулі делегациялармен тиімді диалог мүмкін еместігімен» түсіндірген еді.
Тұтқындар алмасуы қайта жандануы мүмкін
16 қарашада Киевте соғыс тұтқындары алмасуына қатысты жанама келіссөздер қайта басталғаны белгілі болды. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровтың айтуынша, сөз «Ыстанбул келісімдері» аясында алмасу процесін қалпына келтіру жөнінде болып отыр.
Бұл бағыттағы келіссөздерде Түркия мен БАӘ делдал ретінде әрекет етуде. «Жуық уақытта техникалық консультациялар өтеді. Олар барлық ұйымдастырушылық мәселелерді нақтылап береді», - деді Умеров.
Зеленский Еуропа елдеріне сапары барысында Украинаға қолдау іздеуде. 18 қарашада ол Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кездескен. Бұған дейін президент Франциямен келісімшарт жасасып, оның аясында Украина 100-ге жуық жойғыш ұшақ пен түрлі әскери техника, соның ішінде дрондар алмақ.