Зеленский сайлау өткізу үшін өз шартын атады
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, елде президенттік сайлау өткізу мүмкін, бірақ бұл үшін ең кемі дауыс беру кезеңінде атысты тоқтату керек.
«Америка бұл мәселені Ресеймен талқылауы қажет»
Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинада сайлау өткізу туралы талабына жауап бере отырып:
«Біз президент Трамппен кез келген форматта жұмыс істеуге дайынбыз. Егер ол Украинадағы сайлау жайлы көбірек айтып жүрсе, біз де ашық айтамыз — сайлау өткізе аламыз. Украина демократиядан қашпайды», - деді.
Оның сөзінше, сайлау өткізу үшін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды, ал бұл мәселеде көмекті ең алдымен АҚШ көрсете алады.
«Сайлау өткізу қажеттілігі болса, онда ең болмағанда кампания мен дауыс беру кезеңінде атысты тоқтату керек. Бұл талқылануға тиіс мәселе. Шынымды айтсам, біз Украинада Америка бұл туралы Ресей тарапымен сөйлесуі тиіс деп есептейміз», - деді Зеленский.
Бұған дейін ол қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, сайлауды 60-90 күн ішінде өткізуге болатынын айтқан.
Трамп: «Украинада сайлау өткізудің уақыты келді»
АҚШ президенті Дональд Трамп желтоқсан басында Украинада президенттік сайлау өтуі тиіс екенін тағы қайталады.
«Иә, менің ойымша, уақыт келді. Қазір сайлау өткізу үшін өте маңызды кезең. Олар соғысты сылтауратып, сайлаудан қашып жүр, бірақ украин халқында таңдау құқығы болуы керек», - деді ол.
Трамп Зеленскийдің қайта сайлану ықтималдығын да жоққа шығармады.
Биыл ақпанда ол украин көшбасшысын «сайлаусыз диктатор» деп атаған еді және оның рейтингі «4%» деп мәлімдеген, бірақ бұл сөздеріне еш дәлел келтірмеген.
Соғыс жағдайында Украинада сайлау өткізуге тыйым салынған
Украинада кезекті президенттік сайлау 2024 жылы өтуі тиіс еді. Алайда соғысқа байланысты елде әскери жағдай енгізілген соң, сайлау кейінге қалдырылған.
Украин заңнамасына сәйкес:
- Әскери жағдай кезінде Жоғарғы Рада сайлауын өткізу Конституциямен тыйым салынған;
- Президент сайлауына тыйым салу арнайы заңдармен реттеледі, ал оларды парламент көпшілік дауысымен өзгерте алады. Бұдан кейін президент тиісті жарлық шығарады.
Ресей билігі осы негізде Зеленскийдің легитимдігіне күмән келтіруге тырысып жүр.