Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:51

Зеленский соғысты аяқтау бойынша құжаттар дайын болғанын мәлімдеді

Украина
Фото: БАҚ

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге арналған «негізгі» құжаттар әзір болғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол дүйсенбі күні Киевте журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, құжаттарда әлі де келіспеушілік тудыратын тармақтар бар. Соған қарамастан, 20 пункттен тұратын бейбітшілік жоспары келіссөздер процесінің өзегі болып қала береді.

Зеленский 23 желтоқсан күні таңертең Майамиден оралатын украин делегациясы мүшелерінен соңғы ақпаратты күтетінін айтты. Бұған дейін Майамиде Украина делегациясы АҚШ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізген.

Киевте сондай-ақ АҚШ тарапынан Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен болған келіссөздердің қорытындысы туралы мәлімет күтіліп отыр. Украина және Ресей делегацияларымен жеке-жеке кездескен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф аталған келіссөздерді «конструктивті» деп бағалаған еді. Алайда кездесулердің нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

Украина президентінің айтуынша, 20 пункттен тұратын құжатта АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруіне қатысты тармақтар да қамтылған. Бұл құжат Украина мен АҚШ өкілдерінің бірлесіп әзірлеуімен дайындалған.
«Біз нақты нәтижеге қол жеткізуге өте жақын тұрмыз», – деді Зеленский.

Сонымен қатар соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге арналған жеке құжат жобасы да әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Зеленскийдің сөзінше, қауіпсіздік кепілдіктері бірнеше деңгейден тұрады. Оның ішінде шамамен 30 елден құралған «ниет білдірушілер коалициясының» қатысуы қарастырылған. Бұл коалиция Украина қауіпсіздігін құрлықта, әуеде және теңізде қамтамасыз етуі тиіс. Ал АҚШ-тың қауіпсіздікке қатысты міндеттемелері жеке форматта талқыланбақ.

Президенттің айтуынша, қауіпсіздікке кепілдік беру жөніндегі келісім міндетті түрде АҚШ Конгресінің мақұлдауынан өтуі керек.

Тегтер: